Қазақстан банк секторында кейінгі жылдары шоғырлану үрдісі күшейіп келеді. Еліміздегі жетекші қаржы институттарының бірі – Forte Bank-тің Home Credit Bank-ті сатып алатыны жөніндегі жаңалық осы үдерістің тағы бір нақты көрінісіне айналды. Сарапшылар бұл мәмілені тек екі банктің бірігуі емес, бүкіл қаржы секторындағы құрылымдық өзгерістердің бастауы деп бағалап отыр, деп сараптайды Ozgeris.info.
Нарықтың өзі шешеді
Экономист Ғалым Құсайыновтың пікірінше, банк секторындағы ойыншылар санын үкімет немесе реттеуші емес, нарықтың өзі шешуі керек. Ол үшін бірінші кезекте барлық банктерге ортақ, әділ ереже қажет:
«Бізге қанша банктің керек екенін Үкімет пен ҚНРДА емес, нарықтың өзі шешеді. Ол үшін бәріне бірдей тең бәсеке, бәріне бірдей ойын ережесі керек».
Мұндай пікір қазіргідей ірі банктердің күшейіп, ұсақ банктердің шетке ысырылып жатқан кезеңінде ерекше маңызды. Себебі нарықта теңдік жоқ жерде, шоғырлану мәжбүрлі сипатқа айналып, клиент таңдау мүмкіндігінен айырылады. Құсайынов бұл мәміленің синергия деңгейіне де күмәнмен қарайды:
«Осы мәміледен Forte қандай синергия алатынын көрейік, себебі банктер позициялау тұрғысынан да, корпоративтік мәдениет тұрғысынан да мүлдем әртүрлі. Ағымдағы шоттардағы қалдықтарды ұстаушылар – бюджеттік ұйымдар мен жеке тұлғалар ақшаны ірі банктерде сақтайды. Бұл қаражат банктерге іс жүзінде тегін беріледі, ал одан әрі 16,5% нарықтық мөлшерлемемен орналастырылады. Сарапшылар ұсақ банктерде ондай мүмкіндік жоқ, нәтижесінде бюджеттік ұйымдар мен жеке тұлғалар алатын пайда ірі банктерге түсетінін көптен айтып жүр. Нәтижесінде ірі банк одан әрі күшеюде, ал ұсақ банктерге жұтылу қаупі төніп тұр».
Құсайынов дерекке сүйеніп, нақты картина жасап отыр. 2025 жылдың алғашқы 5 айындағы статистика бойынша, үздік 6 банкке сектор активтерінің 73,6%-ы және жиынтық пайданың 84,8%-ы тиесілі. Ірі банктердің активтен түсетін кірістілігі – 1,66%, ал қалған банктерде – бар болғаны 0,83%. Бұл екі есе аз және елеулі алаңдаушылық туғызады. Жоғары шоғырлану бәсекелестікті төмендетеді, қорландырудың қолжетімділігін азайтады және сектордың дамуын тежейді.
Ұсақ банктер не істеп жатыр?
Сарапшының айтуынша, қазір несиелендіруде тек бірнеше банк белсенді: Еуразиялық банк, РБК Банк, Фридом Банк, Алтын Банк және Нұрбанк. Қалғандары активін қысқартып жатыр немесе өзіне қолайлы сәтті күтіп, іштен тынып отыр. Мұндай ахуал бәсекелестікті шектеп, ұсақ банктердің іс жүзінде нарықтан ығысуына алып келеді. Бұл шаралар барлығына, әсіресе кірісі жоғары емес ұсақ ойыншыларға әсер етіп, ірілері ұтады, ұсақтары жұтылады.
Сонда мәміле нарық үшін тиімді бола ма? Саяси экономист Арман Бейсембаев мәселені кеңірек қырынан талдайды. Ол Қазақстандағы банк шоғырлануының экономикалық қана емес, саяси қыры бар екенін айтады:
«Сарапшылардың айтуынша, біздің елде ұсақ банктер өздерін ірі банктерге қарағанда әлдеқайда нашар сезінетіні үйреншікті құбылысқа айналып кеткен. Олар мұны осыған дейінгі үдерістердің экономикалық емес, саяси қырына басымдық берілуімен түсіндіреді. Қазір банктер кез келген дағдарысқа қарсы тұратын қор жинап қалды. Бұл үдеріс ҚНРДА немесе Ұлттық банктің пәрменімен емес, нарық заңымен жүру керек».
Бейсембаевтың пайымынша, бізге дамыған нарықтардағы секілді табиғи бірігу мен жұтылу механизмдерін қалыптастыру қажет. Бұл ретте шоғырлану реттеушінің пәрменімен емес, нақты нарықтық қажеттіліктен туындауы тиіс. Ол банктердің шоғырлануын тарихи контексте салыстырады:
«Home Credit Bank-ті әлсіз банктердің қатарына ешкім қоспайды. Бұл мәмілені 2010 жылдардың екінші жартысындағы Kassa Nova мен Фридом арасындағы мәмілеге көбірек ұқсатып жатыр. Себебі Kassa Nova банкі жеке тұлғалармен және шағын бизнеспен жұмыс істеуге мамандандырылған банк, ал Фридом кең ауқымды қызметтерге ие, ірі банк болатын. Демек екі банктің күш біріктіруі нәтижесі нарыққа пайдалы болды».
Мұндағы негізгі логика – «Home Credit Bank» Forte-ке бұрын қамтылмаған жаңа клиенттік база береді. Бұл, сарапшының сөзінше, Forte-тің Kaspi Bank-пен тікелей бәсекеге шығуына жол ашуы мүмкін:
«Home Bank – Forte Bank бұрын жұмыс істемеген кең клиенттік базаға ие. Forte енді Kaspi Bank-пен бәсекелесуге ниетті, бірақ ол үшін көп қаржы керек деген болжам айтылып жатыр. Демек бұл жолғы қосылулар да қаржы нарығы үшін тиімді болады деп үміттенеміз».