Қыстың көзі қырауда коммуналдық шығынды өтеу көп отбасы үшін үлкен салмақ екені белгілі. Әсіресе табысы аз, жалғызбасты немесе әлеуметтік осал топтағы азаматтарға бұл шығын ай сайын ауыр тиеді. Осындайда тұрғын үй көмегі талай отбасына тірек болып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл көмектің мақсаты қарапайым. Жарық пен жылуға, су мен қоқыс шығаруға кететін шығынның бір бөлігін өтеу арқылы отбасының тұрмысын жеңілдету. Алдымен көмектің кімдерге берілетінін қарасақ. Тұрғын үй көмегі жалғыз тұратын және тұрғылықты тіркелген азаматтарға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер жалдап отырғандарға, сондай-ақ жергілікті әкімдік берген жеке сектордағы үйлерді жалға алушыларға беріледі. Өтінішті eGov порталы арқылы да, «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшесінде де тапсыруға болады. Процесс қолжетімді, қиындықсыз.
Ranking.kz деректеріне көз жүгіртсек, елдегі жылу маусымы былтыр апатсыз өтіп, инфрақұрылым біртіндеп тұрақтанып келеді. Жаңа тарифтік саясаттың енгізілуі Екібастұз бен Риддердегі жағдайдың қайталануына жол бермей, жүйенің жаңаруына мүмкіндік жасаған. Сол себепті атаулы өтемақы әлеуметтік қорғанысты күшейтіп қана қоймай, инфрақұрылымға салынатын инвестицияны да тепе тең ұстап тұр. Көмектің ең басты мақсаты да осы – аз қамтылған отбасылардың мойнындағы коммуналдық жүктемені жеңілдету.
2025 жылдың тамызынан бастап есептеу тәртібі жаңарды. Бұрын шығатын төлем нақты шот бойынша есептелсе, енді көмек қызмет көрсетушінің бекіткен нормасы бойынша белгіленеді. Мәселен, газға бір адамға 15 текше метрден артық есептелмейді. Суық су 4 текше метр, ыстық су 2 текше метр көлемінде. Жылу 0,025 Гкал мөлшерінде, қоқыс шығару 650 теңгеден аспайды. Лифтке 1300 теңге, телефон үшін 1399 теңге көлемінде қарастырылады. Ал кондоминиумды күтіп ұстау 1 шаршы метрге 60 теңгеден, мемлекеттік қордан жалға берілетін үй ақысы 1 шаршы метрге 120 теңгеден есептеледі. Бір адамға арналған алаң 18 шаршы метр болса, жалғыз тұратын адам үшін норма 30 шаршы метрден аспайды.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың 1 қазанында тұрғын үй көмегі 9600 отбасына тағайындалған. Жалпы төлем 453,4 млн теңгені құраған. Бір отбасының тоқсандық орташа төлемі 4600 теңге шамасында. Ең көп төлем Қостанай облысына бөлініп, 60,4 млн теңгеге жеткен. Одан кейін Жамбылда 55,1 млн теңге, Қызылордада 54,3 млн теңге болды. Ал ең жоғары орташа төлем Түркістан облысында 7900 теңгеге дейін жеткен. Шымкент 7 мың 300 теңгемен, Қызылорда 6900 теңгемен көштің қатарында тұр.
Бұл көмектің өзегінде бір ғана нәрсе бар. Ол – ең мұқтаж адамдарды коммуналдық тарифтің ауыртпалығынан қорғау. Қалай десек те, жарық пен жылу қымбаттап жатқан уақытта әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету – міндет. Сол себепті нормалар қайта қаралды, төлем тәртібі жеңілдетілді.
Өткен жылы бұл жүйе бойынша жалпы 592,1 млн теңге төлем жасалған. Оны 17550 отбасы алған. Бір жыл ішінде көмек көлемі 42,7 пайызға, алушылар саны 64,3 пайызға азайған. Бұл өзгеріс көмектің нақты мұқтаждарға бағытталуын көрсетеді. Қызылорда облысы 113 млн теңгемен ең көп төлем алған өңір болса, Жамбыл 89,8 млн теңгемен, Қостанай 61,3 млн теңгемен қатар тұр. Ал төлем алушылар саны Қарағандыда 2810 адамға жетіп, Жамбыл мен Қостанай өңірлерінде де көрсеткіш жоғары болды.