2024 жылдың маусымында халықаралық қатынастар күрт шиеленісті. АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Иранның үш ядролық нысанына – Фордо, Натанз және Исфаханға соққы жасалды. Бұл шешім жаһандық қауымдастық тарапынан алаңдаушылық туғызды. Бір жағынан, оқиға Иранмен тікелей шектесетін аймақтарға қауіп төндірсе, екінші жағынан мұнай бағасының күрт өсуі арқылы Қазақстан сынды елдерге экономикалық әсер етіп отыр, деп сараптайды Ozgeris.info.
АҚШ-тың шабуылы жарияланғаннан кейін Brent маркалы мұнай бағасы күрт қымбаттай бастады. 23 маусымда оның бағасы 76,87 долларға жетіп, бір тәулікте 1,84%-ға өсті. Әлемдік нарықтың геосаяси тәуекелдерге қаншалықты сезімтал екені қайта дәлелденгендей. Әдетте, мұнай бағасының көтерілуі Қазақстанға жақсы жаңалық ретінде қабылданып келеді. Себебі ел экономикасы экспорттық мұнай кірісіне тәуелді. Бірақ бұл жолы жағдай күрделірек.
Мұнай бағасының өсуі теңгеге айтарлықтай әсер ете қойған жоқ. Керісінше, ұлттық валюта біраз әлсіреді: доллар – 522, еуро – 602, рубль – 6,58 теңге. Экономист Бекнұр Кисиков бұл құбылысты былай түсіндіреді:
«Қателік мұнай бағасы өссе, теңге де автоматты түрде нығаяды деп ойлау. Нарықта бұл бірден жұмыс істемейді. Иә, қазіргі сауда алаңдары көбіне алыпсатарлық сипатқа ие. Бірақ бірнеше маңызды фактор бар. Мұнай бағасының өсімі егер ол негізді болса, теңгеге әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл – кейінге шегерілген әсер, мысалы, қыркүйекке қарай».
Яғни, мұнай бағасы нақты ұзақмерзімді себептермен емес, соғыс қаупінің күшеюіне байланысты өсіп отыр. Бұл өсім уақытша болуы мүмкін. Керісінше, тұрақсыздық теңгенің құнсыздануына алып келуі ықтимал.
Сарапшылардың алаңдауына себеп болып отырған тағы бір фактор – Иран тарапынан Ормұз бұғазын жабу қаупі. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың 20%-ға жуығы өтеді. Егер Иран бұл жолды бөгейтін болса, жаһандық энергетикалық дағдарыс туындауы мүмкін. Бірақ бұл қауіптің шындыққа жанасатынына мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдильдинов күмән келтіреді:
«Ормұз бұғазының жабылуы туралы бастап бәрі айтып жатыр. Мұнай 150 долларға дейін барады-мыс. Иә, бұғаз нысана ретінде ыңғайлы. Ені 30–100 шақырым. Бірақ оны немен жабады? Маңғыстаудағы ереуіл емес қой, жолды жауып тастайтын. Жалпы, бұл бұғазға елеулі зақым келтіру қиын шаруа. Себебі мұндай әрекет Иран танкерлеріне де қарсы соққыға жол ашады, ал қазір олар үшін бұл өте қауіпті».
Олжас Байдильдиновтің айтуынша, мұнай мен соғыс бір-бірінен бөлініп қарастырылуы тиіс.
«Мұнай әрқашан әскери қақтығыстардан тыс жүретін. Украина шабуылдары қатты әсер еткені рас, бірақ жаһандық ереже әлі де сақталып келеді. Иранның мұнай терминалдарына немесе танкерлеріне ешкім шабуыл жасап жатқан жоқ».
Экономист Алмас Чукин де бұл пікірді қолдайды. Ол Иранның Ормұз бұғазын жабу арқылы әлемге соғыс жариялай алмайтынын айтады:
«Иран Ормұз бұғазын жауып, Батысқа мұнай эмбаргосын жариялаймыз деп қорқытып отыр. Бірақ бұл болмайды. Себебі америкалықтар оларды сол жерде-ақ құртады. Ормұз халықаралық бұғаз. Оны жабу бүкіл әлемге соғыс жариялаумен тең. Америкалықтар оларға бұл туралы ашық ескертті. Иә, Иран бұғазды атқылауы мүмкін, бірақ оны істеуге батылдары жетпейді».
Чукиннің пікірінше, Иран әскери мүмкіндігі болса да, ол қадамға бармайды. Себебі оның салдары ауыр, ал нәтижесі күмәнді.
Оқиғалардың нақты салдарын Қазақстан қазірдің өзінде сезіне бастады. Air Astana авиакомпаниясы Дубай және Доха бағыттарындағы бірнеше рейсті уақытша тоқтатты. Компания жолаушыларға билеттерді тегін қайтару немесе қайта броньдау мүмкіндігін ұсынып отыр. Осы шешім – геосаяси шиеленістің алғашқы жанама салдары. Тікелей экономикалық шығыннан гөрі, бизнес, туризм және логистикаға әсер ететін фактор. Яғни, соғыс болмаса да, оның көлеңкесі Қазақстанның шекарасына жетіп үлгерді.
АҚШ-тың шабуылынан кейін Иранның Ислам революциясы корпусы: «Соғыс дәл қазір басталды» деп мәлімдеді. Ал әлем елдері, керісінше, сабырға шақырды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш:
«Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке тікелей қауіп. Қақтығыс бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Әскери жол тығырық. Дипломатия жалғыз жол», деді.
Венесуэла, Ресей, Катар, Египет және Ливан сынды мемлекеттер АҚШ әрекетін айыптап, халықаралық құқықтың бұзылғанын айтты. Бұл жағдайдың өршуі Таяу Шығыспен шектеліп қалмай, жаһандық деңгейге шығуы мүмкін екенін ескертті.