Жаңалықтар

Алматыдағы футбол матчында партия туымен жүгірген жанкүйер ұсталды

Алматыдағы футбол матчында партия туымен жүгірген жанкүйер ұсталды

Алматыдағы Орталық стадионда өткен «Қайрат» – «Ордабасы» матчы кезінде алаңға жүгіріп шыққан жанкүйер полицияның қолына түсті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Оқиға барысында көрермен алаңға Ұлттық социал-демократиялық партиясының туын көтеріп шығып, қоғамдық тәртіп пен спорттық іс-шараның қауіпсіздік талаптарын бұзған.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушы стадионның қауіпсіздік қызметкерлері мен полиция қызметкерлерінің бірлескен әрекетінің нәтижесінде бірден ұсталған.

«Полиция қызметкерлері стадион күзетшілерімен бірлесіп, заңсыз әрекетті дереу тоқтатты. Құқықбұзушы алаңда ұсталып, Бостандық аудандық полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады полиция.

Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал соттың қарауына жолданды.

Полиция қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген әрекетке заң аясында шара қолданылатынын еске салды. Сондай-ақ спорттық іс-шараларды рұқсат етілмеген акциялар өткізу үшін пайдалануға жол берілмейтінін атап өтті.

Айта кетейік, кездесу 2:1 есебімен алматылық «Қайраттың» жеңісімен аяқталды. Осы нәтижеден кейін «Ордабасы» Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесіндегі көшбасшылық орнынан айырылды.

Барлық жаңалық