Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында жасанды интеллектіні дамыту кезінде барынша жоғары жауапкершілік пен адалдық таныту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы жаңа технологиялардың мүмкіндігі артқан сайын оларды қауіпсіз әрі жауапты басқарудың маңызы да күшейетінін атап өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Осы орайда Президент АҚШ-та жетекші технологиялық компаниялар арасында жасалған Суперинтеллект туралы келісімге назар аударды. Тоқаевтың пікірінше, мұндай тәсіл жан-жақты талқылаудан кейін жасанды интеллектіні басқарудың халықаралық деңгейдегі үлгісіне айналуы мүмкін.
«Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын атап өткім келеді. Менің ойымша, бұл тәсілді барлық мүдделі елдер үлгі ретінде қарастырып, жан-жақты талқылағаннан кейін жаһандық деңгейде қабылдауға болар еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Google басшысы Сундар Пичаи, Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеи, Meta басшысы Марк Цукерберг, OpenAI президенті Грег Брокман, xAI жетекшісі Илон Маск және Nvidia басшысы Дженсен Хуанг алдыңғы қатарлы AI-модельдердің қауіпсіздығын бақылауға қатысты қосымша тетіктер енгізу жөнінде уағдаласқаны хабарланған. Келісім аясында компаниялар директорлар кеңесі жанынан тәуелсіз бақылау комитеттерін құрып, AI қауіпсіздығына ішкі және тәуелсіз аудит жүргізу тетіктерін енгізуге міндеттеме алған.
Мемлекет басшысы форум барысында Қазақстанның цифрлық трансформациясына да тоқталды. Оның айтуынша, ел толыққанды цифрлық мемлекетке айналу үшін қажетті институционалдық және технологиялық жағдайларды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеді. Соңғы жылдары IT-сектордың экспорттық әлеуеті артып, қазақстандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарықтағы ауқымы кеңейген.
«Өткен жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден астам елінде қолданылады. Осы жетістіктердің барлығы Қазақстанның еліміз бен бүкіл әлемнің өркендеуі жолындағы ілгерілеуге үлес қосуға деген шынайы ұмтылысын көрсетеді. Дегенмен озық технологиялар саласында қол жеткізілген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды. Егер біз еліміздің қуатты технологиялық негізін қалыптастыруға ұмтылсақ, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, ендігі міндет – жасанды интеллектіні экономиканың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу. Осы мақсатта нақты өндірістік және экономикалық сұраныстарға негізделген индустриялық AI-міндеттердің тізімін қалыптастыру ұсынылды.
Сол тізімнің негізінде қазақстандық және шетелдік командаларды тарта отырып AI Challenge өткізу жоспарланып отыр. Тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген үздік жобаларды кейін өндіріске енгізу көзделген.
Тоқаевтың форумдағы сөзінде екі бағыт қатар көрініс тапты: бір жағынан, жасанды интеллектіні дамыту кезінде қауіпсіздік пен жауапкершілікке халықаралық деңгейде ортақ көзқарас қалыптастыру, екінші жағынан, Қазақстанның өзінің технологиялық әлеуетін күшейтіп, отандық IT-жобалар мен стартаптарды нақты экономикалық міндеттерді шешуге бағыттау. AI & Digital Bridge – 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астанада өтіп жатыр.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Суперинтеллект туралы келісімді жаһандық деңгейде қолдануға болатын модель ретінде қарастыру жөніндегі ұсынысы жасанды интеллектіні дамытудағы жауапкершілікті бөлу мәселесін көтереді.

Президент мұндай қадам үшін мүдделі мемлекеттердің мұқият талқылауы қажет екенін атап өткен. Бұл ретте бір компанияның жасанды интеллект технологиялары әртүрлі мемлекеттерде қолданылған жағдайда, ықтимал қателердің салдары бір тұтынушымен шектелмей, кең ауқымға әсер етуі мүмкін.
Кұрмашевтің пікірінше, мұндай жағдайда қауіптерді кім бағалайтыны, әзірлеушілер қандай ақпарат ұсынуы керектігі және қауіп анықталған кезде қандай шара қолданылатыны алдын ала келісілгені маңызды.
Сарапшы Дональд Трамптың бастамасы озық жасанды интеллект жүйелерін әзірлейтін компаниялармен қауіпсіздік қағидаттарын келісу тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Келісімде бақылаудың төрт деңгейі қарастырылған: компания ішіндегі модельдерді бақылау рәсімдері, оларды тексеретін жеке команда, тәуелсіз сыртқы бағалау және директорлар кеңесі комитетінің қадағалауы.
Сонымен қатар құжат қауіпсіздік стандарттарын әзірлеу үшін қатысушылардың тұрақты кездесулерін өткізуді көздейді. Бұл анықталған мәселенің техникалық мамандардан оны жою туралы шешім қабылдай алатын басшылыққа дейін жеткізілуіне мүмкіндік береді.
Кұрмашев әзірлеушілердің қатысуы да маңызды екенін атап өтті. Себебі олар модельдерді оқыту, сынақ нәтижелері мен анықталған шектеулер туралы ақпаратқа ие. Ал мемлекеттік органдар мұндай мәліметтерге қол жеткізбей, күрделі жүйелердің қауіпсіздігін толық бағалауда қиындыққа тап болуы мүмкін.
Оның пікірінше, тәуелсіз сыртқы тексеру бұл алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді. Алайда ол үшін аудиторларға компаниялардың нақты рәсімдерін бағалауға жеткілікті өкілеттік берілуі керек.
Сонымен қатар ортақ талаптар жасанды интеллект әзірлеушілері арасындағы бәсекеде қауіпсіздікке қойылатын талаптарды теңестіруге мүмкіндік береді. Келісім ерікті сипатта болғанымен, оның тиімділігі қатысушылардың өз міндеттемелерін қаншалықты орындайтынына байланысты болады.
«Аудиторлардың тәуелсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін, олардың қорытындыларына кімдердің қол жеткізе алатынын және елеулі бұзушылықтар анықталған жағдайда не болатынын түсіну қажет. Бұл мәселелер одан әрі талқылаудың бір бөлігіне айналуы тиіс», – дейді Айдар Кұрмашев.