Қазақстанда шамамен 3 миллион азамат алаяқтықтан қорғану үшін несие алудан ерікті түрде бас тартқан. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Агенттік төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінге дейін шамамен 3 миллион қазақстандық «несиеден ерікті түрде бас тарту» белгісін қойған. Жалпы, бұл норма күшіне енген уақыттан бері 4 миллионға жуық адам аталған мүмкіндікке жүгінген.
Әбілқасымова бұл шараның тиімділігін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, басты мақсат – азаматтарды олардың келісімінсіз рәсімделетін алаяқтық несиелерден қорғау.
«Егер азаматтың атына алаяқтық жолмен несие рәсімделсе, ал оның жүйеде несиеден ерікті түрде бас тартқаны көрсетілсе, қаржы ұйымы мұндай несиені сотсыз және тергеусіз есептен шығаруға міндетті», деді ол.
Мұндай деректер арнайы жүйеде тіркеледі. Несие рәсімдеу кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл шектеуді көреді. Егер алаяқтық әрекет орын алса, қаржы ұйымы азаматты сотқа сүйремей-ақ қарызды жоюға тиіс. Бұл тетік қазақстандықтардың жеке деректерін және қаржылық қауіпсіздігін қорғауға арналған.
«Стоп кредит» деп аталатын бұл қызмет eGov.kz порталында және eGov mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Азаматтар оны пайдаланып, өз атына несие мен микроқарыз беруге уақытша тыйым сала алады. Қызмет толығымен тегін, әрі қолданылу мерзімі мен санына шектеу қойылмаған. Пайдаланушы кез келген уақытта шектеуді алып тастай алады.
Айта кетейік, егер «Стоп кредит» қызметі іске қосылған азаматтың атына алаяқтар заңсыз қарыз рәсімдесе, банк немесе микроқаржы ұйымы оны міндетті түрде есептен шығарады. Бұл норма ҚНРДА бастамасы бойынша 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енген.