Жаңалықтар

28 тамыз – Ұлттық мұраны жаңғыртқан қайраткер, Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні

Бүгін – 28 тамыз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының докторы Өзбекәлі Жәнібековтің (1931–1998) туған күні, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.

 

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақ ССР мәдениет министрінің орынбасары, 1987–1988 жж. – мәдениет министрі, 1988–1991 жж. Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.

 

Ұлттық мәдениет пен өнердің өркендеуіне, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне зор үлес қосты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіруге бастамашы болды. Оның ықпалымен этнографиялық мұражайлар ашылып, тарихи ескерткіштерді сақтау ісі жанданды. «Сазген», «Адырна», «Алтынай», «Шертер» ансамбльдерінің құрылуына демеуші болды.

 

«Қазақтың ұлттық қолөнері», «Жаңғырық», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар» сияқты еңбектердің авторы. Дарынды жастарға қамқор болып, қазақ өнерінің өрлеуіне зор еңбек сіңірді.

 

Өзбекәлі Жәнібеков – халқымыздың мәдениеті мен тарихын түгендеп, келер ұрпаққа аманаттаған біртуар тұлға.

Барлық жаңалық