Жаңалықтар

17 қызметкер мен жоғалған айғақтар: Атырау полициясындағы ірі жанжалдың мән-жайы

17 қызметкер мен жоғалған айғақтар: Атырау полициясындағы ірі жанжалдың мән-жайы

Атырау қаласы полиция басқармасының бұрынғы бастығы Бақтыбек Исаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлады Ozgeris.info сайты.

Бұған дейін уақытша ұстау изоляторында отырған Бақтыбек Исаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан қуылған.

Биыл сәуір айында министрлік жоспарлы тексеріс кезінде оның заңсыз әрекеттері әшкере болғанын хабарлады. Ол бұл лауазымға 2024 жылдың мамыр айында ғана тағайындалған еді.

«Ақ жайық» басылмының мәліметінше бұл тергеу қылмыстық істер бойынша заттай айғақ ретінде сақталған есірткіге қатысты болуы мүмкін. Алдын ала ақпаратқа сүйенсек іс аясында 17 адам тексеріліп жатыр, олардың қатарында құжаттар мен заттай айғақтармен жұмыс істеген полиция қызметкерлері де бар.

Сонымен қатар бұл іске қатысы барлардың тізімінде облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев пен өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Саламат Қалиев те аталады.

Қазіргі уақытта тергеу мүддесіне сай істің толық мән-жайы мен өзге қатысушылардың нақты мәртебесі көпшілікке жарияланған жоқ.

Барлық жаңалық