Қоғам

Украина билігі Назарбаевтың ескерткішін бұзбайтын болды

Украина билігі Назарбаевтың ескерткішін бұзбайтын болды

Украинаның Каменское қаласында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барельефін алып тастау туралы қазақстандық белсендінің ұсынысы қолдау таппады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Днепропетровск облысы Каменское қаласындағы оқу орнының қабырғасында ілулі тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіш тақтасы орнында қалады.

Журналист Григорий Пырликтің хабарлауынша Украинаның ұлттық жады институты қазақстандық белсенді Тұрарбек Құсайыновтың ескерткішті сүру туралы өтінішіне осындай ресми жауап берді.

Демос қоғамдық ұйымының жетекшісі өз сауалында экс-президенттің Кеңес одағында басшылық қызметтер атқарғанын және Қазақстанды Ресейге тәуелді еткенін алға тартып шағым түсірген болатын. Ол Назарбаевтың қызметтен кеткеннен кейін де Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп тұратынын да атап өткен.

Белсендінің өтінішінен кейін Каменское қалалық кеңесі ұлттық жады институтынан Назарбаевтың тұлғасына баға беруді сұрады.

Осыдан кейін 2026 жылдың 15 сәуірінде ведомство басшысы Александр Алферовтан жауап хат келді. Ол өз хатында Назарбаевқа арналған тақта коммунистік режим мен Ресейдің империялық саясатының символикасына жатпайтынын нақтылады. Оған қоса ведомство бұрынғы президенттің украин халқын басып жаншуға бағытталған саясатты жүргізгені туралы ешқандай ақпарат жоқ екенін жеткізді.

Сонымен қатар Назарбаев 1997 жылы бірінші дәрежелі Князь Ярослав Мудрый және 2010 жылы Еркіндік ордендерін алған. Жергілікті билік бұл барельефті оған оқу орнының түлегі әрі Қазақстан президенті ретінде құрмет көрсету үшін орнатқан.

"Ескерткіш тақта тыйым салынған символика қатарына кірмейді, ол украин және қазақ халықтары арасындағы мәдени байланыс пен жақсы ұлтаралық қарым-қатынасты көрсетеді", – деді Александр Алферов.

Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 1958-1960 жылдары бұрынғы Днепродзержинск қаласындағы кәсіптік училищеде білім алды. Ал қазіргі Каменское жоғары кәсіптік училищесінің қасбетіндегі барельеф 2005 жылы ашылды.

Барлық жаңалық