Қоғам

Қарағандыда қажетті аппарат табылмаған ауруханада бір жасар сәби шетінеді

Қарағандыда қажетті аппарат табылмаған ауруханада бір жасар сәби шетінеді

Қарағандыдағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында өмірді сақтап қалатын медициналық аппараттың болмауынан бір жастағы бала көз жұмды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Бір жас үш айлық Кәусар Серік ішек инфекциясымен ауруханаға түскен. Бірнеше күннен кейін сәбидің дене қызуы көтеріліп, бірден жансақтау бөліміне ауыстырылған. Бала үш жарым апта бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жатып, бүгін қайтыс болды.

Анасы дәрігерлерден қанды оттегімен қанықтыратын ЭКМО аппаратын Астанадан алдыртуды сұраған. Алайда жауапты органдар бұл өтінішті орындаудан бас тартып, астаналық құрылғыны Қарағандыға жеткізбеген.

Осы қайғылы жағдайды жазған журналист Айнұр Балакешова Денсаулық сақтау министрінің қымбат киімі мен аймақтардағы ауруханалардың мүшкіл халін салыстырды.

"Әйелдің сәнді әрі әдемі болғаны тамаша. Егер денсаулық сақтау министрі "Валентино" туфлиін кисе, бұл оның жеке құқығы.

Бірақ Қарағанды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының балалар жансақтау бөлімінде талай өмірді сақтап қалатын ЭКМО аппаратының жоқтығы аясында бұл туфли оқиғасы үлкен сын сияқты көрінеді. 

Өкінішке қарай, өңірлердегі бірқатар аурухана өмірді сақтап қалуға қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Астана бүкіл Қазақстан емес. Елордадан тыс жерде 17 облыс, 195 аудан, 90 қала және 8 мыңнан астам ауыл бар.

Онда да заманауи жабдықтармен емделуге мұқтаж адамдар тұрады. Бүгін дәрігерлер бір жасар баланың жансыз денесін дәлізге алып шығып, анасына тек көңіл айтты.

Анасы шақалағын құшақтап жылады. Онымен бірге мен де жыладым. Қанды оттегімен қанықтыратын бұл аппарат Қарағанды ауруханасында неге жоқ. Неліктен Астанадан аппарат сұрайтын жағдай жасалады. Бүгін жұбаныш таппаған ата-анаға баласының суық денесін берді. Анасы оны кеудесіне қысып жылады", – деп жазды Айнұр Балакешова.

Барлық жаңалық