Интернетте балалар үйінен шығып, алаяқтардың кесірінен баспанасыз қалған қыздың видеосы тарап жатыр. Ол көпшіліктің күшімен кішкентай болса да өз үйіне қол жеткізуден үмітті.
Ол өз видеосында көпшілікке былай деп үндеу тастады:
«Мен желіден бір қыздың видеосын көрдім. Ол егер 20 мың адам 100 рубльден жіберсе, ипотекасын жаба алатынын айтыпты. Мен де ойланып қалдым: егер маған 30 мың адам небәрі 200 теңгеден жіберсе, мен де өзіме пәтер сатып ала алар едім. Мейлі кішкентай, аядай-ақ болсын, ең бастысы өз үйімде тұратын едім.
Мен – балалар үйінің түлегімін. Ол жақтан 17 жасымда шыққан кезде пәтерімнің үлкен қарызы бар екенін көріп, бір заңгер немесе прокурор мені алдап соқты. Осылайша мен баспанасыз, далада қалдым.
Егер бұл әлемде шынымен осындай ғажайып бар болса және ол менің басымнан өтсе, бұл ақылға сыймайтын керемет болар еді... Мен бұған және адамдардың мейіріміне қалай сенерімді де білмеймін. Дегенмен, бағымды сынап көрейін, бәлкім қолымнан келер. Кеттік!»
Қалай көмектесуге болады? Қыздың айтуынша, егер әр адам кофеге немесе жолға кететін 200 теңгесін ғана бөлсе, үлкен арманның орындалуына себепші бола алады.