Қарағандыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында 1 жастағы сәби көз жұмып, артынша Денсаулық сақтау министрлігі бұл іске қатысты тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып тексеріс бастады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Қарағанды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 1 жас 3 айлық Кәусар Серік есімді сәби қайтыс болды. Марқұмның анасы дәрігерлерден Астанадан қанды оттегімен қанықтыратын ЭКМО аппаратын алдыртуды сұраған. Алайда жауапты органдар бұл өтінішті орындаудан бас тартып, астаналық құрылғыны Қарағандыға жеткізбегенін айтады.
Осы жағдайға байланысты журналист Айнұр Балакешова Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сын айтқан болатын.
Министрлік бұл оқиғадан кейін мәлімдеме жасап, бала ауырғаннан кейін 2 тәулік өткесін ғана ауруханаға түскенін жеткізді.
Басқарма мәліметінше жағдайы нашарлаған бала реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылып, одан бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ инфекциялары анықталған.
Ведомство сәбидің туғаннан бері ешқандай вакцина алмағанын және иммунитетінің төмендігі ағзаның ауруға қарсы тұру мүмкіндігін шектеп, емнің тиімділігін төмендеткенін алға тартты.
Ал анасы сұраған ЭКМО аппаратын қолдану мәселесі республикалық консилиумда қаралып, мамандар жағдайдың тым ауыр болуына байланысты оны пайдалануға кеңес бермеген.
«Қарқынды терапия жүргізіліп, барлық қажетті шаралар қабылданғанына қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
Мұндай жағдайлар медициналық тұрғыдан аса күрделі сипатта болатынын айта кету қажет. Ауыр инфекция, иммун тапшылығы және вакцинациялаудың болмауының үйлесуі ем уақытылы әрі толық көлемде жүргізілгеннің өзінде де қолайсыз нәтижеге әкелу қаупін едәуір арттырады.
Министрлік аталған факт бойынша көрсетілген медициналық көмекті объективті бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты тексеру жүргізеді», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.