Өскемен халқы № 1 қалалық аурухана ғимаратының тозып тұрғанына шағымданды. Олардың айтуына қарағанда, медициналық мекемедегі аппараттар тым ескі, әрі іште тарақандар да толып жүр. Kazinform тілшісі анық-қанығын біліп көрді.
Қаладағы № 1 емхана Абай даңғылында орын тепкен. 1982 жылы салынған ғимараттың күрделі жөндеу көрмей келе жатқанына жарты ғасырға жуық уақыт болды.
— Аурухананың бүгінгі жағдайы мәз емес. Ондағы төсек-орын мен емдеу аппараттары КСРО заманынан бері келе жатыр. Іште тарақандар да қаптап жүр. Жаңалықтардан ШҚО-ның медицинасы Астанадан кейін екінші орында деп айтылып, жазылып жатқанын бірнеше рет естідім. Елде екінші орында тұрсақ, облыс орталығындағы бірінші аурухананы неге жөндемейді? , — дейді аты-жөнін атамауды сұраған өскемендік.
Медициналық мекемеде бүгінде 780 қызметкер жұмыс істейді. Барлығы 13 бөлім бар. Аурухана басшылығына да бұған дейін тұрғындардан шағым түсіпті. Қазір не істеліп жатқанын аурухананың бас дәрігері Шолпан Мақашева айтып берді.
— Рас, біздегі КТ аппараты ескі. Ескі болса да қолда бармен жұмыс істеуімізге тура келеді. Алдағы жылға денсаулық сақтау басқармасына жаңа КТ аппараттарын алуға өтінім бердік. Бірақ олардың жауабын тоспай қаладағы Титан магний комбинатына демеушілік көрсетуге өтініш жасадық. Әзірге ол жақта қарастырылып жатыр. Ғимарат ескі болғандықтан жәндіктер де кездеседі. Дезинфекциялық жұмыстарды уақытылы жүргізіп отырамыз. Аурухананың кейбір бөліктеріне өткен жылы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл мәселе бір күнде шешімін таппайды. Уақыт өте келе барлығы ойдағыдай болады деген үміттеміз, — дейді ол.
2023 жылы облыстық бюджет есебінен № 1 аурухананың шатырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Бұл туралы Kazinform редакциясының ресми сауалхатына жауап берген ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнаш Қапанова мәлім етті.
— Аурухананың ескірген аппараттарының орнына жаңа медициналық жабдықтар алынып жатыр. Өткен жылы жалпы сипаттағы трансферттер аясында 1,4 млрд теңгеге 118 медициналық жабдық сатып алынды. 2025 жылы 500 млн теңгеге видеоэндоскопиялық жүйе мен компьютерлік томограф алу жоспарланған. Дератизация техникалық сипаттамасына сәйкес кеміргіштермен күрес ай сайын жүргізіледі. Биыл медициналық мекеменің желдету және инженерлік жүйелері, гинекология бөлімі мен электрмен жабдықтау желілері жөндеуден өтуде, — дейді Айнаш Қапанова.
Оның айтуынша, осы жылы облыс бойынша 8 медициналық нысанды күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлінген.
Жалпы өңірде 151 дәрігер тапшы. Оның ішінде Өскемендегі № 1 қалалық ауруханада 8 маман
ПІКІР ЖАЗУ