Суға зәру болған елдер тарихынан сабақ алу керек: Суды табыс көзіне айналдырған кім?

Фото: ucrazy.org

Сарапшылар су тарифінің өсуіне қарсы, тіпті оның ауыр салдарын да тізбектеп берді. Егер осылай жалғаса берсе, ертең әлеуметтік шиеленске ұласуы мүмкін.  Ozgeris.info тілшісі су үшін күрескен елдердің ауыр тарихына шолу жасап, елдегі ахуалды зерттеп көрді.

Елімізде су тарифтері өсетіні немесе сараланған жүйе енгізілетіні туралы жаңалықтар жиі «техникалық жаңарту» деп сипатталады. Шенеуніктер мұндай қадамдарын әділдік орнайды, ресурстар қайта бөлінеді, ал бюджетке 900 миллион теңге қосымша қаражат түседі деп ақтай бастайды. Алайда құрғақ уәделердің артында не жатыр?

Өмірдің құны қанша?

Су — өмірдің негізі. Бұл жай ғана қызмет емес дейді сарапшы Кирилл Павлов.

«Таңғы жуыну дәстүрінен бастап, ас пісіру, киім тігу, бетон құю, чип жасау, смартфон өндірісі, мұнай өңдеу – бәрі судан басталады. Сол сияқты цифрландыруға да су қажет, бұл – көрінбейтін, бірақ өмірлік маңызды ресурс», — деп пікір білдірді маман.

Бір қызығы, еліміздің оңтүстігі су тапшылығынан зардап шегіп жатқанын білсе де, билік суға әлі де шексіз, сарқылмас байлық ретінде қарайды. Үкімет үшін су – бюджетке түсетін салық көзі.

Тарих сабағы

Су үшін болған күрестер мен соғыстар әлем бойынша орын алып, тарихта қалған. Су тіршіліктің көзі болғандықтан, ол ресурстар ішіндегі ең құндысы әрі ең даулысы болып есептеледі. Агросарапшы Қазақстан билігін әлемде болған қақтығыстардан сабақ алуға шақырды.

Боливиядағы су үшін күрес (Кочабамба, 2000 жыл)

2000 жылы Боливияның Кочабамба қаласында су үшін үлкен халықтық көтеріліс болды. Бұл оқиға тарихқа «Кочабамбадағы су соғысы» деген атаумен енді. Боливия үкіметі Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің қысымымен су жүйесін жеке шетелдік компанияға сенімді басқаруға берді. Жаңа компания келісімен су тарифтері күрт көтеріліп, тұрғындар бұрынғыдан 2-3 есе көп төлеуге мәжбүр болды. Тіпті жаңбыр суын жинауға да рұқсат қажет болды. Бұл халықтың ашу-ызасын туғызды. Көп ұзамай қалада жаппай наразылықтар басталып, көшелерде мыңдаған адам шеруге шықты. Полициямен қақтығыстар болды, тіпті бір жас жігіт қаза тапты. Ақыры, үкімет жобадан бас тартуға мәжбүр болды, дегенмен халықтың сенімі жоғалды.

Фото: Gettyimages

⁠Ирландия, 2014–2016 жж. Қосарланған төлем

2014 жылы Ирландия үкіметі елдегі су қызметін реттеу үшін Irish Water деп аталатын мемлекеттік компания құрды. Осыған дейін ирландиялықтар суға жеке төлем жасамайтын, су қызметтері жалпы салықтар есебінен қаржыландырылатын. Жаңа компаниямен бірге алғаш рет жеке су есептегіштер орнатылып, әр үйден су үшін жеке төлем талап етілді. Салдарынан Ирландияның түкпір-түкпірінде жүздеген мың адам шеруге шықты. 2015 жылы бұл наразылықтар ұлттық қозғалысқа айналды. Су есептегіштерді орнатуға қарсылық білдіргендер де, оларды бұзғандар да болды. Қоғам белсенділері мен қарапайым азаматтар «Су — адам құқығы» деп ұрандатты.  Нәтижесінде 2016 жылы үкімет суды жеке төлеу жүйесін тоқтатуға мәжбүр болды. Irish Water компаниясы қайта құрылып, су тарифі мәселесі арнайы парламенттік комитетте қайта қаралды.

Фото: magicwater.ru

Оңтүстік Африка, Кейптаун, 2017–2018 “Нөлінші күн”

2017–2018 жылдары Оңтүстік Африканың ең ірі қалаларының бірі Кейптаунда тарихтағы ең ауыр су тапшылығы болды. Яғни су қоры таусылуға шақ қалған. Үш жыл қатарынан жаңбыр аз жауғандықтан, және дұрыс жоспарланбаған су саясаты салдарынан қалада су қоймалары 20%-дан төмен деңгейге түскен.

Билік 2018 жылдың сәуір айын «Day Zero» – Нөлдік күн деп жариялады. Сол кезде тұрғындар су алу үшін қоғамдық су тарату пунктеріне кезекке тұруға мәжбүр болды. Әр адамға күніне 50 литрден артық су қолдануға тыйым салынды. Қалада үлкен үнемдеу науқаны басталды. Тарифтер өсті, халық үнемдеуге көшті. Машина жуу, бассейн толтыру, көгал суару сияқты қажеттіліктерге су қолдануға тыйым салынды. Қонақ үйлер мен мейрамханаларда суды үнемдеу туралы арнайы нұсқаулықтар енгізілді. Халық арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстары белсенді жүргізілді. Қала бұл дағдарыстан халықтың жауапкершілігінің арқасында аман шықты, дегенмен бұл әлем бойынша суды 50%-ға аз тұтынудың бірегей мысалы ретінде тарихта қалды.

Фото: REUTERS / Mike Hutchings

Қазақстан шындығы

Сарапшының айтуынша, елімізде тариф көтерілсе артынша бірден азық-түлік, көлікпен жүру, қызмет бағасы да шарықтайды.

«Мысалы, сіздің қолыңыздағы смартфонды жасау үшін шамамен 12 000 литр су жұмсалған. Демек, цифрландырудың өзі де суға тәуелді», — дейді сарапшы.

Сараланған тариф қағаз жүзінде әділетті сияқты. Бірақ шындығында ол “байларға – жеңілдік, кедейлерге – ауыр соққы” болады. Егер мемлекет ауыл тұрғындарына, көпбалалы отбасына, жалғызбасты қарттарға нақты көмек тетіктерін ұсынбаса, мұның соңы әлеуметтік шиеленіске ұласуы әбден мүмкін.

«Сонымен, әділеттің шынайы құны қандай? Егер билік су мәселесін тек кесте мен есеп арқылы қараса, халық әр тамшыны үнемдеуге мәжбүр болады. Ал экология, экономика мен әділеттілік арасындағы тепе-теңдік сақталмаса, бүгінгі тариф ертеңгі наразылыққа ұласуы мүмкін», — дейді сарапшы.

Қымбат тариф мәселені шешеді ме?

Су тарифтерінің көтерілуі қоғамда ғана емес, сарапшылардың арасында да қызу талқылануда. Басты сұрақ біреу ғана. Тарифтерді өсіру түпкілікті мәселені шешеді ме, әлде бұл уақытша шара ғана ма? Су инфрақұрылымының 60 пайыздан астамы тозып, кей өңірлерде берілген судың 40 пайызына жуығы жолай жоғалатын жағдайда тек бағаны өсіру жеткіліксіз. Бұл жерде тек қана экономикалық шара емес, жүйелі реформа қажет.

Су – стратегиялық ресурс. Ол тек шаруашылық қажеттіліктің емес, халықтың өмір сапасының, өңірлік тұрақтылықтың, азық-түлік қауіпсіздігінің де негізі. Сондықтан тариф саясаты әділетті, ашық және тиімді жүйемен қатар жүруі тиіс. Ол үшін бірнеше нақты қадам ұсынды.

Бірінші – су шығындарын азайту. Егер құбырлардан су жарты жолда ағып кетсе, тұрғындарға бағаны көтерудің мәні жоқ. Құбырларды жаппай жаңарту, ашық каналдарды бетондау, суды нақты өлшейтін заманауи есеп жүйелерін және цифрлық бақылау платформаларын енгізу қажет.

Екінші – прогрессивті тариф жүйесі. Баршаға бірдей баға әділетсіз. Адам басына қажетті судың базалық мөлшері арзан болуы тиіс, ал одан артық тұтыну – мысалы, газон суару, бассейн, көлік жуу – қымбатқа түсуі керек. Бұл әділетті әрі үнемдеуге ынталандырады.

Үшінші – ірі бизнеске нақты талаптар. Агроөндіріс, өнеркәсіп, дата-орталықтар сияқты суды көп тұтынатын кәсіпорындарға тиімділік стандарттарын енгізіп, жабық су айналымы жүйесіне көшкендерге салықтық ынталандырулар қарастырған жөн.

Төртінші – су инфрақұрылымын қолдайтын арнайы мемлекеттік қор құру. Коммуналдық жүйелер тек тарифке ғана тәуелді болмауы керек. Шикізат экспортынан немесе квазимемлекеттік сектордан түсетін кірістер есебінен су қорын құрып, сол арқылы жаңғырту жұмыстарына қаржы бөлу қажет.

Бесінші – ашықтық пен халықпен байланыс. Егер су тарифі өссе, мемлекет бұл шешімді түсіндіруге дайын болуы керек. Ақша қайда жұмсалады, қандай жұмыстар жүргізіледі, не өзгереді – осының бәрі ашық жариялануы тиіс. Сонда тариф салық емес, болашаққа салынған инвестиция ретінде қабылданады.

«Су – мұнай емес, ол одан да маңызды. Егер мұнай экономиканың «қаны» болса, су – ұлттың «тынысы». Сондықтан бүгінгі су саясаты ертеңгі тұрақтылық пен даму кепілі болуға тиіс. 2030 жылы Қазақстан – шіріген құбырлар мен жоғалған ресурстар емес, ақылмен басқарылған, әділетті және тиімді су жүйесі бар елге айналуы керек», — деп қорытындылады маман.