Жаңалықтар

Каспий теңізінде жаңа арал пайда болды

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жаңа арал пайда болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтеме жасап. Ғалымдар бұл құбылысты теңіз деңгейінің төмендеуінің нақты дәлелі деп отыр. П.П. Ширшов атындағы Океанология институты мен Астрахан мемлекеттік қорығының мамандары экспедиция барысында жаңа аралдың барын растады. Ол Малый Жемчужный аралынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Арал спутниктік суреттерде алғаш рет 2024 жылдың қарашасында байқалған. Оның пайда болуына Каспий суының тартылуы себеп болған. Экспедиция аралға жақындай алғанымен, ауа райының қолайсыздығы мен таяз су аралға түсуге мүмкіндік бермеді. Дегенмен, арал квадрокоптер арқылы анық көрінді. Ғалымдар бұл арал болашақта құстар мен Каспий тюленінің мекеніне айналуы мүмкін екенін айтады. Жақын уақытта аралдың ресми сипаттамасы жасалып, атау ұсынылады.
Барлық жаңалық