Қоғам

«Елімізде бала туу азайды»: Әйелдер отбасын құруды басты құндылық деп есептемейді

Балалы болу қазақ халқы үшін ежелден келе жатқан ең басты құндылық. Дегенмен соңғы жылдары елімізде бала туу деңгейі жылдам қарқынмен төмендеп барады. Сарапшылар бұл үрдіс алдағы уақытта жалғаса беретінін айтады. Ресми статистикаға сүйенсек, туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты бірқатар жағымсыз тенденциялар байқалып отыр. Ozgeris.info тілшісі жағдайдың себебін түсінуге тырысып көрді.

90-жылдардағы ауыр дағдарыстан кейін Қазақстан 2000-жылдары біртіндеп есін жия бастады. Елдің экономикасы өсті, халықтың табысы мен ертеңгі күнге деген сенімі артты. Мұның бәрі бала туудың қайта көтерілуіне себеп болды. Алайда қазір жағдай қайта ушығып барады.

Жалпы жағдайды дұрыс түсіну үшін «бала туу коэффициенті» деген маңызды көрсеткішке жүгінген жөн. Бұл – бір әйелдің бүкіл өмірінде қанша бала табатынын көрсететін орташа сан. Қазіргі өлім-жітім деңгейінде халықтың өздігінен жаңарып отыруы үшін бұл көрсеткіш кем дегенде 2,1 болуы керек. Яғни, әйел өмірінде екі бала тапса, біреуі анасын, екіншісі әкесін алмастырады. Бұл жағдайда халық саны бір деңгейде қалады. Үшінші бала – өсім береді.

Ал 90-жылдары бұл көрсеткіш 1,8-ге дейін түсіп кеткен. Ел өзін-өзі демографиялық жағынан қамтамасыз ете алмайтын жағдайға жетті. Туу мен өлімнің айырмашылығы тым аз болды. 1998 жылы бұл айырма бар болғаны 68 мың адамды құрады. Егер бұл үрдіс жалғаса бергенде, біз «демографиялық айқышқа» тап болар едік. Яғни, туу көрсеткіші төмендеп, өлім көрсеткіші асып түседі. Халық азая бастайды. Қазір әлемнің кейбір елдері дәл осы жағдайды басынан кешіруде.

Алайда экономикамен бірге бала туу коэффициенті де өсе бастады. 2004 жылы бұл көрсеткіш 2,1-ге жетті. Содан кейін ол бірнеше жыл қатарынан өсіп отырды.

Ресейлік демограф Алексей Ракшаның айтуынша, Қазақстан мен Израиль экономикасы салыстырмалы түрде дамыған елдердің ішінде туу көрсеткіші өте жоғары елдер. Орта есеппен алғанда, бір әйелдің 3 баласы бар. Сарапшы бұл қалыптан тыс көрсеткіш дейді. Себебі, елдің экономикасы артқан сайын, туу көрсеткіші де азаяды.

«Қазір жағдайы біршама жақсы елдер қатарында Қазақстанды айтуға болады. Экономикалық даму деңгейі Ресейге жақын, бірақ туу деңгейі екі есе жоғары. Бұл үшінші және одан кейінгі балалардың арқасында. Ресейде көбісі екінші баладан кейін тоқтайды, кейде бір баламен шектеледі. Қазақстанда 4-5 бала табу қалыпты жағдай. Мұндай көрсеткіш бүкіл Еуразияда тек Йемен, Ауғанстан және Иракта ғана бар», – деді ол бір лекциясында.

Алайда бұл «жоғары туу» ертегісі 2022 жылы аяқталды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы үш жылда бала туу коэффициенті үздіксіз төмендеуде:

  • 2021 жылы – 3,32
  • 2022 жылы – 3,05
  • 2023 жылы – 2,96
  • 2024 жылы – 2,8

Мысалы, Түркістан облысында бұл көрсеткіш ең жоғары – 4,25, ал Солтүстік Қазақстан облысында ең төмен – 1,71. Туу коэффициентінің төмендеуі бүкіл ел бойынша туу санының азаюына алып келді.

2021 жылы Қазақстанда 446 мың бала дүниеге келсе, 2022 жылы – 404 мың, 2023 жылы – 388 мың, 2024 жылы – 366 мың. Үш жылда туу көрсеткіші 80 мың балаға кеміді. Бұл Каскелен немесе Жаңаөзен секілді бүтін бір қаланың халқына тең көрсеткіш. Қазақстан соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетіп қалды.

Өңірлік жағдайға тоқталайық. Бұрын Қазақстанда былай болатын: солтүстік пен шығыста көбіне славян этностары тұрады, сәйкесінше туу көрсеткіші де төмен. Ал оңтүстік пен батыс өңірлерінде негізінен қазақтар қоныстанған, сәйкесінше көп балалы отбасылардың саны көп. Аталмыш үрдіс көші-қон, дәстүр, діни сенім және урбанизацияға байланысты сақталып отырған. Түркістан облысы әдеттегідей бала туу көрсеткіші бойынша бірінші орында. Мысалы, былтыр бұл өңірде 53 мың сәби дүниеге келді. Бұл бір ғана облыстың көрсеткіші Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Абай облыстарының қосындысынан да көп. Алайда соңғы үш жылда оңтүстік пен батыс өңірлерінде де туу көрсеткіші төмендеп жатыр. Мәселен, Түркістан облысының бір өзінде ғана туу көрсеткіші 12 мың балаға азайған.

Туу көрсеткішіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – некеге тұру және ажырасу динамикасы дейді мамандар. Соңғы жылдары тіркелген некелер саны азайып барады. 2021 жылы 140 мың неке тіркелсе, 2024 жылы – 123 мың. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ажырасу саны да біршама азайған еді, бірақ өткен жылы қайтадан өсе бастады – 40 569. Яғни елімізде әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады.

Бұрын ажырасудың басты себептері ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, ішімдік пен опасыздық қарастырылатын. Қазір жағдай басқаша. Аталған мәселелер басты себеп болып қала береді, алайда олардың қатарына әйелдердің некеге тұру және отбасылық өмірге деген көзқарасының өзгеруі қосылды. Мұндай трансформациялар туу деңгейіне тікелей әсер етеді, сонымен қатар елдің демографиялық болашағына ықпал етеді.

Соңғы жылдары әйелдердің отбасын құруға деген көзқарасы өзгерді. Бұл олардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыда тәуелсіз бола бастағанымен байланысты. Енді әйелдер өзін дамыту мен қоғамда өзінің орнын табуды бірінші орынға қояды.

Біріншіден – қаржылық тәуелсіздік. Әйелдердің білім алуы мен мансап ққру мүмкіндігінің артуы, кәсіпкерліктің дамуы олардың материалдық тұрғыдан ерлерге тәуелсіз болуына ықпал етті. Бұрын неке әйел үшін әлеуметтік-экономикалық қажеттілік болса, қазір олар өзін-өзі қамтамасыз ете алады.

Екіншіден – әйелдің қоғамдағы рөлі өзгерді.  Әйел енді тек ана мен жар ғана емес. Көптеген әйелдер өзін дамытуға, білімге, бизнеске көбірек мән бере бастады. Салдарынан қыздар отбасын құруға асықпайды, тіпті мүлде бас тартуға әкеліп соғады. Сонымен қатар баланы кеш босану үрдісі де байқалады. Орташа ана болу жасы жылдан жылға өсіп келеді. Мысалы, Астанада әйелдер бірінше рет 31 жасында ана атанады, ал Алматыда  - 27,5 жаста.

Үшіншіден – қоғамның қысымы азайды. Бұрын әйелдерге тұрмысқа шығуға, ертерек балалы болуға итермелейтін, қоғам да, туыстары да қысым жасайтын. Қазір адамның жеке өміріне бас сұғуға ешкімнің қақысы жоқ, және адамның жеке өміріне деген көзқарас бұрынғыдай емес. Жастар отбасын құруды кейінге қалдыруға және одан бас тартуға еттері үйреніп барады.

Төртіншіден – әлеуметтік және мәдени өзгерістер. Глобалдық феминистік қозғалыстар мен әлеуметтік желілер әйелдердің тәуелсіздігі мен құқықтары туралы идеяны кеңінен таратып жатыр. Әйелдер бұрынғыдай «үйдегі ана» рөлінен шығып, өз шешімін еркін қабылдайтын жағдайға жетті.

Бесіншіден – қарым-қатынасқа деген көзқарас. Әйелдердің қазіргі қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгерді. Олар ең алдымен теңдіктің, қолдау мен түсіністіктің болғанын қалайды. Ер азаматтың экономикалық жағдайы, яғни табатын табысы, үйінің болуы маңызды факторға айналды. Көптеген жігіттер жеткілікті табыс таппайды, баспанасы жоқ, нәтижесінде әйелдер мұндай ер азаматтармен отбасын құрғысы келмейді.

Әйелдердің құқықтық сауаттылығы артты. Соңғы жылдары зорлық-зомбылық және психологиялық қысым жайлы ашық айтып жүр. БАҚ пен әлеуметтік желілерде бұл тақырып кеңінен көтеріліп келеді. Әйелдер енді өз мүдделері мен қалауларын ашық жеткізе алады, қоғамның қысымынан қорықпайды, жұрт не айтады екен, ұят деген мәдениеттен арылып келеді, сәйкесінше тек отбасын сақтап қалу үшін бақытсыз болғылары келмейді. Сондықтан ажырасуға бірінші болып әйел қадам жасайды. Ал жігіттердің көпшілігі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ұстанады.

«Қазіргі жастардың демографиялық мінез-құлқы жаңа, заманауи әлеуметтік-мәдени кеңістікте қалыптасып жатыр. Олар өз өміріне саналы түрде қарайды. Қазақстандағы реалийді қабылдауға мәжбүр.  Бізде экономикалық тұрақсыздық, жастар арасындағы жұмыссыздық, инфляция және билікке деген сенімсіздік бар. Біз зерттеу жүргізіп, мынадай нәтиже алдық. Жастар үшін отбасы – ең алдымен қиын сәттерде эмоционалды қолдау көзі, жалғыздықтан қорғайтын орта. Ажырасу туралы ой оларға жат емес, керісінше отбасын сақтау мүмкін болмаса ол дұрыс шешім деп санайды. Отбасы – тең серіктестер одағы ретінде қабылданады. Репродуктивті функция әлі де маңызды, бірақ бәрі үшін емес. Себебі зерттеуге сүйенсек, бұл отбасының маңыздылығы мен мәні туралы рейтингте үшінші орында тұр. Көпбалалы болу туралы дәстүрлі ұстаным жастар арасында қолдау таппады. Урбанизация да әсер етуде. Ауыл жастары үлкен қалаға кетіп, қоғамдағы орнын табуға, білім алуға, ақша табуға ұмтылады. Тек содан кейін ғана отбасын құру туралы ойланады», - дейді демограф Жанна Әубәкірова.

Қаржылық жағдай балалы болуға әсер ететін басты фактор. Бағаның өсуі мен табыстың тұрақсыздығы салдарынан жастар үйленуге асықпайды, кейінге қалдырады. Пәтерге қол жеткізу қиын, бағалары удай. Білім мен медицина да қымбаттап барады. Осы факторлар бала туу көрсеткішіне кері әсерін тигізіп отыр. Экономика өсіп жатыр дегенмен, халық табысының басым бөлігін инфляция «жеп» қояды. 90-жылдары туған буын мен зумерлер болашақтарына сенімсіздікпен қарайды. Олардың уайымы көбірек.

Урбанизация. Бүгінде ел халқының 63%-ы қалада, 37%-ы ауылда тұрады. Ал қалада бала туу деңгейі әрдайым төмен. Қалалықтар бір немесе екі баламен шектеледі. Мысалы, Алматыда бала туу коэффициенті – 1,85. Өңір тұрғындарының өсуі негізінен көші-қон арқылы жүзеге асып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, жағдай тым ауыр емес, дегенмен бала туу көрсеткіші азая берсе, бірқатар мәселелерге әкелуі мүмкін:

  • Халықтың қартаюы. Жаңа туғандар саны азайған сайын, қарттардың үлесі артады. Бұл денсаулық сақтау мен зейнетақы жүйесіне ауыртпалық салады.
  • Салық жүктемесі. Жұмысқа қабілетті азаматтардың саны азайған сайын, жастар мен еңбекке қабілетті азаматтардың мойнындағы салық артады.
  • Экономикалық белсенділіктің төмендеуі. Жастар – негізгі тұтынушы. Олар азайса, ішкі сұраныс та кемиді.
  • Жұмыс күшінің тапшылығы. Бала туу көрсеткіші азая берсе, болашақта еңбекке қабілетті адамдар саны азаяды. Бұл экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін.

Сая Манарбекқызы

Барлық жаңалық