Журналист Жан Ахмадиев Ақнәр ісіндегі басты күдіктілер — екі бойжеткенге қатысты жаңа деректерді анықтады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Журналистке бұл мәліметтерді Қытайдан келген қандас Роза есімді әйел жеткізген. Ол Рано мен Дидар есімді қыздарды жақсы танитынын айтып, олардың әрекеттері жайлы ашық баяндады.
Розаның айтуынша, Рано порнографиялық мазмұндағы заттарды саудалаумен айналысқан, ал Дидар Ақнәрға қоздырғыш дәрі берген. Алайда бұл ақпараттар әлі ресми түрде расталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.
"Менің білуімше, Раноның інісі телефонын жөндеуге бергенде, ішінен түрлі ұятты видеолар табылған. Бұл жайтты әкесі біліп қойып, ашуға булығып, қызының мұндай іспен айналысатынын білген. Ақнәрдің терезеге жүгіріп шыққан видеосын көрдіңіздер ғой. Олар "арақ ішті" деп айтты, тағы бірдеңе берді деді. Бірақ сараптама мұны растаған жоқ. Дидардың оған қоздырғыш дәрі бергені белгілі. Ақнәр болса, 'Арым таза болсын, секірсем секіріп өлейін' деп терезеге қарай жүгірген", – дейді Роза.
Оның сөзінше, сол түні Дидар Ақнәрді бір жігітпен жақындастырмақ болып, дәрі берген. Ал Рано бұл сәтті видеоға түсіріп алуды көздеген. Сонымен қатар, Роза қазіргі уақытта екі қыздың туыстарынан қоқан-лоқы көріп жатқанын да мәлімдеді.