Медиа менеджер ретінде танылатын Жанәділ Райымбеков Instagram желісінде орамалын шешіп жатқан қыздардың көбейіп бара жатқанын айтып, бұл құбылысты сынға алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Skifnews.kz порталына сілтеп.
Оның айтуынша, орамалын шешкенін жариялап жүргендердің көбі — хиджаб тақпаған, тіпті кейбірі тәңіршілдік көзқарасты ұстанатындар.
«Бұлар арнайы тапсырыспен осындай контент жасап жатыр. Алдымен бірнеше жазба жариялап, өзін орамал таққан адам етіп көрсетеді де, артынша “шештім” деп видео түсіреді. Бұл адамдар орамалдың шынайы мәнін түсінбеген. Ақшаның құндылығын түсінген адам оны тастамайды, сол сияқты орамалдың маңызын түсінген әйел де оны шешпейді», — дейді блогер.
Оның сөзінше, орамал — алдымен жүрекке тағылатын дүние.
«Жүрекке тағылмаған орамалдың басқа тағылғаны — еш мағынасыз. Орамалды шешу — ауыр күнә. Бұл жайлы Құрандағы “Ниса” мен “Ахзаб” сүрелерінде айтылған. Ал инстаграмға “орамалды шештім” деп жариялау — күнә жасап қойдым деп мақтану деген сөз», — деді ол.
Сондай-ақ Райымбеков хиджаб киіп жүрген әйелдерге де ескерту жасады. Оның пікірінше, орамал киген адам дене пішінін жасыруы тиіс.
«Бет, білек, тобық көрінбеуі керек. Қыздың білегі ашық жүрсе, бұл екі аяғының ортасы көрініп тұрғанмен тең — екеуі де харам», — деді ол.