Қызылорда облысы

Байқоңыр 2.0: Қазақстан жалға беруші ел рөлінен шығып дербес ойыншыға қашан айналады

Қазақстан ғарыш саласындағы әлеуетін толық пайдалану үшін жаңа кезеңге қадам басуға тиіс. Мұндай ұсынысты депутаттар мен сарапшылар жасаған еді. Байқоңыр тек тарихи маңызы бар кешен емес, ол еліміздің технологиялық дамуына серпін беретін стратегиялық ресурс. Бүгінде Қазақстан ғарыш инфрақұрылымын жалға беруші ел рөлінен шығып, дербес ойыншы ретінде ғаламдық ғарыш индустриясына қатысу мүмкіндігіне ие. Сондықтан алда күрделі де маңызды міндеттер қарастырылып жатыр. Спутниктік технологияларды дамыту, зымыран өндірісін жолға қою, білікті кадрлар даярлау және ғарыштық қызметтерді экспорттау. Ozgeris.info тілшісі сенатор Андрей Лукин көтерген бастамалар негізінде еліміздің ғарыш саласын дамыту жолдарын қарастырды.

Қала мен ғарыш айлағынан тұратын бірегей нысан  биыл 70 жылдығын атап өтеді. Сонымен қатар, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы 20 жылдығын тойлайды. Лукиннің айтуынша, Байқоңыр Қазақстанның ғарыш саласындағы басты артықшылығы. Бірақ қазіргі кезде ел бұл кешенді негізінен жалға берумен ғана шектеліп отыр, салдарынан экономикалық және технологиялық мүмкіндіктерді толыққанды пайдалана алмай отырмыз. Жаңа деңгейге шығу үшін нақты қадамдар мен бар артықшылықтарды тиімді пайдалану қажет.

Қазіргі заманғы цифрландыру, байланыс, көлік, метеорология, қаржы және қорғаныс салаларығарыш инфрақұрылымына тәуелді. 2023 жылы жаһандық ғарыш технологиялары нарығының көлемі 419 миллиард долларға жеткен. 2030 жылға қарай 848 миллиард долларға дейін өседі деп күтілуде, ал жылдық өсім — 7,3%. Қазақстан бірегей ғарыш айлағы мен географиялық артықшылығын пайдалана отырып, осы нарықтан өз орнын ала алады. Бұл ретте сенатор Лукин екі негізгі бағытты атады.  Біріншісі, спутниктік технологиялар мен зымыран жасау. Бұл бағыттар ұлттық экономиканы нығайтып, технологиялық тәуелсіздікті арттыра алады дейді халық қалаулысы.

Спутниктік технологиялар дамудың негізі. Қазір Қазақстан KazSat-2 мен KazSat-3 байланыс және телехабар тарату спутниктерін пайдаланып отыр. Олар сәйкесінше 2011 және 2014 жылдары ұшырылған. KazSat-2 2026 жылы, KazSat-3 — 2029 жылы жұмысын аяқтайды. Осы топтаманы сақтап, кеңейту үшін KazSat-3R спутнигін 2029 жылы ұшыру жоспарланып отыр. Бұл жобағареспубликалық бюджеттен шамамен 40 миллиард теңге (2024 жылғы қазан айындағы бағаммен 78,3 миллион доллар) қосымша қаржы қарастырылған. Алайда мемлекеттік сатып алу туралы заңбойынша шетелдік өндірушілердің қатысуы мүмкін емес. Лукин бұл жобаны заң аясынан шығарып, немесе арнайы тәртіппен тендер өткізуді ұсынып отыр. Оның айтуынша,  мұндай шара жобаны жылдам іске асыруға және артық бюрократиядан арылуға мүмкіндік береді.

Спутниктік технологияларды дамыту тек жаңа аппараттарды жасаумен ғана шектелмейді. Сенатордың пікірінше, шағын және микроспутниктер келешегі зор бағыттардың бірі. Оларды университеттер мен стартаптарды тарта отырып жасауға болады. Бұл инновациялық экожүйені дамытуға мүмкіндік. 2024 жылы шағын спутниктер нарығы 4,9 миллиард долларды құраса, 2030 жылға қарай ол 11,2 миллиардқа дейін өседі деп күтілуде. Қазақстан Байқоңырдағы бар сынақ-өндірістік кешенді пайдалана отырып, осы салаға ене алады. Бұл кешен бірегей өнімдерді жасауға жарамды қажетті құралдармен жабдықталған. Лукин жергілікті өндірушілерге мемлекеттік сатып алуда және технологиялық процестерде жеңілдіктер беруді ұсынады.

Зымыран жасау - екінші бағыт. Салмағы аз спутниктерді ұшыруға арналған жеңіл зымыран жасау арқылы Қазақстан халықаралық нарықта өз орнын ала алады. 2023 жылы ғарышқа ұшыру қызметтері нарығы 8,4 миллиард долларды құрады, ал 2030 жылы бұл көрсеткіш 14,2 миллиард долларға жетуі мүмкін. Қазақстанда Байқоңыр инфрақұрылымы бар, сондықтан бұл бағытты дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Бірақ ол үшін өндіріс қуатын жаңғыртып, инвестиция тарту керек. Лукин сынақ-өндірістік кешеннің әлеуетін зерделеуді және отандық өндірушілерге қолайлы жағдай жасауды ұсынады.

Кадр тапшылығы басты мәселелердің бірі. Қазақстанда ғарыш саласына қажетті мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар жеткіліксіз. ЮНЕСКО-ның 2023 жылғы дерегіне сәйкес, елімізде 1 миллион адамға шаққанда 1200 зерттеуші ғана бар. Басқа елдерден үлгі алуға болады. Мысалы, АҚШ-та — 4600, Оңтүстік Кореяда — 8000. Қазақстан техникалық ЖОО-ларында қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді, ал ғарыш технологияларына арналған арнайы бағдарламалар мүлде жоқ. Лукин инженерлік-ғарыш факультеттерін ашуды, тағылымдамаларды дамытуды және ғылыми базаларды нығайтуды ұсынады. Бұл ұсыныстар болашақта отандық спутник пен зымыран жобаларында жұмыс істейтін білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Ғарыш деректерін экономика мен мемлекеттік басқаруда қолдану да үлкен пайда әкелуі мүмкін. Мысалы, спутниктік бақылау ауыл шаруашылығында, экологияда, құрылыс пен төтенше жағдайларды басқаруда тиімділікті арттыра алады. Мысалы 2022 жылы АҚШ ауыл шаруашылығында спутниктік деректерді пайдалану арқылы ирригация шығындарын 15%-ға дейін қысқартқан. Қазақстан үшін мұндай шешім ауадай қажет. Су ресурстары мен климат өзгерісі сияқты мәселелерге ғарыштан бақылау жасау өзекті болып отыр. Лукин Орталық Азия үшін бірыңғай мемлекеттік ғарыштық деректер платформасын құруды ұсынды.

Ғарыштық қызметтерді экспорттау тағы бір маңызды бағыт. Қазақстан спутниктерді өндіру, ұшыру және техникалық сүйемелдеу қызметтерін ұсына алады. 2023 жылы Азиядағы ғарыштық қызметтер нарығы 124 миллиард долларды құраған, ал 2030 жылға қарай ол 210 миллиард долларға дейін өсуі мүмкін. Байқоңырдағы спутниктерді басқару орталығын кеңейтіп, экспорттық әлеуетті арттыру арқылы Қазақстан жаңа нарықтарға шыға алады. Ол үшін инфрақұрылымға инвестиция мен халықаралық серіктестік қажет, болжам бойынша бұл елге үлкен экономикалық пайда әкеледі.

Барлық ұсыныстарды жүзеге асыру үшін кешенді мемлекеттік қолдау қажет. 2024 жылы Қазақстан ғылым мен технологияға ЖІӨ-нің небәрі 0,13%-ын бөлген, ал әлемдік орташа көрсеткіш 2,7%. Ғылыми және білім беру бағдарламаларын қаржыландыруды арттыру, сондай-ақ ғарыш саласындағы компанияларға салықтық жеңілдіктер беру қажет. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеге де назар аудару маңызды. Мысалы, Үндістан 2023 жылы ғарыш бағдарламасына 1,8 миллиард доллар инвестиция құйып, Айға Chandrayaan-3 миссиясын сәтті іске асырды.

Қазақстанның ғарыш саласында толыққанды ойыншыға айналуы үшін мемлекет, бизнес және ғылым бірлесе жұмыс істеуі керек дейді зерттеулер. Байқоңыр ел үшін жай ғана табыс көзі емес, технологиялық даму орталығына айналуы тиіс. Спутниктік технологиялар, зымыран жасау, мамандар даярлау мен қызметтер экспортын дамыту арқылы Қазақстан жаһандық ғарыш экономикасында лайықты орнын ала алады. KazSat-3R спутнигін іске қосу, өндірісті жаңғырту, білім беру бағдарламаларын жасау сияқты нақты шаралар мен ұзақ мерзімді инвестициялар қажет. Тек нақты стратегия мен жүйелі жұмыс арқылы Қазақстан өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алады.

Барлық жаңалық