Ақша жинауға, сыйлық беруге тыйым салынды

Еліміздің мектептерінде 2024–2025 оқу жылының соңына қарай өтетін «Соңғы қоңырау» рәсімі мен басқа да мектепішілік іс-шараларға қатысты жаңа талаптар енгізілді. Оқу-ағарту министрлігі мектептерде ақша жинауға және мұғалімдерге сыйлық беруге қатаң тыйым салды. Бұл шешім ата-аналардың қаржылық жүктемесін азайтып, білім беру мекемелерінде тәртіп пен әділдік орнатуға бағытталған, деп жазады Ozgeris.info.

Тыйымдардың негізгі талаптары

1. Сыйлықсыз соңғы қоңырау: Мұғалімдерге сыйлық беру, ақшалай алғыс көрсетуге рұқсат жоқ. Оқушылар ұстаздарға тек ауызша алғыс білдіріп немесе алғыс хаттар табыстай алады.
2. Ақша жинауға шектеу: Мектеп ішінде жөндеу, тазалық жұмыстарына немесе басқа қажеттіліктерге орай ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынады.
3. Әлеуметтік теңдік: Барлық оқушыларға тең жағдай жасау мақсатында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың құқықтары қорғалады. Материалдық жағдайына байланысты ешбір оқушы кемсітілмеуі тиіс.
4. Қауіпсіздік шаралары: Соңғы қоңырау іс-шарасына тек оқушының бір заңды өкілі ғана қатыса алады. Мектеп ішінде мейрамханаға бару, автокөлік шерулерін ұйымдастыруға рұқсат жоқ.
5. Салтанатты шараның форматы: Мектептерде соңғы қоңырау «Білімім – Отаным» тақырыбында сынып сағаты форматында өтеді. Бұл білім беру мекемелерінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Талаптарды бұзғандарға жауапкершілік қарастырылған. Оқу-ағарту министрлігі жаңа талаптардың орындалуын қатаң бақылауға алады. Егер мектептерде ақша жинау немесе сыйлық беру фактілері анықталса, мектеп әкімшілігіне тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін.