Жуырда Алтай өлкесінің Барнауыл қаласында Қарағанды облысы «Тәттімбет» атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің «Ұлы Дала сазы» атты концерті өтті, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Тәттімбет атындағы академиялық оркестр әлемнің 40-тан астам елінде гастрольдік сапарда болып, әлемге танылса да Барнаулда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты Отандастар қорының ұйытқы болуымен бірінші рет өнер көрсетті.
Концерттің өтуіне септігі тиген тағы бір ұйым – Алтай өлкесіндегі Қазақ ұлттық автономиясы. Автономия жетекшісі Мұрат Бекмұратовтың айтуынша, ұлттық әуендер бабалар рухын оятады. Бір жарым сағатқа созылған концерттің соңында қандастарымыз «Атамекен» әнін қосыла шырқады.
Тәттімбет атындағы академиялық оркестр мүшелеріне Алтай аймағының губернаторы Виктор Томенко, Алтай аймағының заң шығарушы органының төрағасы Александр Романенко, Барнауыл қаласының әкімі Вячеслав Франк және Барнауыл қалалық думасының төрағасы Галина Буевич ыстық ықыластарын білдіріп, арнайы гүл шоқтарын жіберді.
Қазақстан Республикасының Парламент депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Болат Керімбек және жазушылар Бота Баман, Жәди Шәкенұлы, Кәдірбек Құныпияұлы, журналист Ауыт Мұқибекұлы бар зиялы қауым өкілдері жергілікті тұрғындармен тілдесіп, ұсыныс пікірлерән тыңдады.
Концерттің жабылу салтанатын түйіндеген «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде стратегиялық әріптес екі ел арасында саяси-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстар жоғары деңгейде екеніне тоқталып, осы концерт те халықтар арасындағы достық қарым-қатынасқа оң септігін тигізеді деп сенім білдірді. Жалпы, Отандастар қорының этникалық қазақтармен қатар, кезінде Қазақстанда туып өскен, кейіннен өз тарихи отанына оралған бұрынғы отандастармен де жұмыс жүргізуге жауапты ресми мекеме екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қор басшысы Абзал Сапарбекұлы Алтай өлкесіндегі Қазақ ұлттық автономиясының жетекшісі Мұрат Бекмұратовты Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төс белгісімен және Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, бірқатар белсенді азаматтарға, атап айтқанда, Жанат Мырзахметұлына, Жанар Сүлейменоваға, Бақытжан Солтанғазиноваға, Аида Бексұлтановаға «Отандастар Қорының Алғыс хаты және «Алғыс» естелік медалі табыс етілді.
ПІКІР ЖАЗУ