Әлеуметтік желілерде Алматы тауларында бірнеше көлік пен полицияның сүйемелдеуі түсірілген видео тарады деп хабарлайды
ozgeris.info сайты
kz.kursiv.media сайтына сілтеме жасап. Бейнежазба авторының айтуынша, бұл — қалаға жаңадан тағайындалған әкім Дархан Сатыбалдының келуі.
Кадрларда алты жеңіл көлік пен бір шағын автобус көрінеді. Видеодағы ер адам:
«Президент келсе, бізді бұл жаққа жібермес еді», – деп пікір білдіреді.
Пікір қалдырған алматылықтар үлкен делегацияға наразы. Олар бұл жолдың таулы аймақта орналасқанын, әрі ол жерге іштен жану қозғалтқышы (ІЖҚ) бар көліктермен кіруге рұқсат жоқ екенін айтты. Жергілікті тұрғындар сол жерлерге жаяу кіруге мәжбүр, ал жаңа әкімнің делегациясы бұл шектеулерден тыс қалған.
Алматы әкімдігі жағдайға түсініктеме берді:
«Қала әкімі жұмыс сапарымен жүрген кезде жол қозғалысына ешқандай шектеу қойылмайды және полицейлердің сүйемелдеуі қолданылмайды», – деді баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, 29–31 мамыр аралығындағы жол қозғалысының ішінара шектелуі халықаралық іс-шараларға байланысты болғанын және бұл шектеулер әкімдікке қатысы жоқ екенін атап өтті.
Алайда әкім дәл сол видеодағы көліктердің ішінде болды ма деген сұраққа нақты жауап берілмеді.