Қазақстанда әлеуметтік көмекке бөлінген әр теңге енді нақты иесін табады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Сенат ұйымдастырған дөңгелек үстелде әлеуметтік төлемдер жүйесіне цифрлық теңге енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Берік Шолпанқұловтың айтуынша, цифрлық теңге әлеуметтік төлемдерді тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігі, Көлік министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, бұл жүйені әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Әлеуметтік көмек алушы өзіне тиесілі ақшаның ізін жоғалтпайды. Цифрлық теңге осыған кепілдік береді», деді Шолпанқұлов.
Бұл жүйе әлеуметтік көмекке бөлінген әр теңгенің нақты алушыға жетуін қамтамасыз етеді. Әрбір аударым цифрлық түрде таңбаланып, бақылау жүйесі арқылы тексеріліп отырады. Яғни, делдалдар мен заңсыз пайдаланушылардың қолына түсетін қаражат мәселесі шешіледі. Цифрлық теңге тек әлеуметтік көмекпен шектелмейді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары бұл жүйенің басқа да салаларға енгізілетінін айтты. Атап айтқанда, «әкімшілендірілген қосылған құн салығы» (ҚҚС) тетігі экспорттаушылар үшін тиімділікті арттырады.
«Қосылған құн салығын төлеушілер енді өз төлемдерін 65 күн емес, 5 күнде қайтара алады. Тіпті болашақта бұл уақыт 1 минутқа дейін қысқарады», деп түсіндірді Шолпанқұлов.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – мемлекеттік кірістер комитеті бұл тетікті толық автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз – салық төлеу үдерісі жеңілдеп, экспорттаушыларға қолайлы жағдай жасалады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру