Семейде психикалық дерті бар науқастарды мекеме директоры жұмысқа жеккен

Абай облысында әрекетке қабілетсіз адамдарды қанаған директорға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Тексеру барысында №1 Семей арнайы қызмет көрсету орталығы директорының қамқорлығындағы психикалық дертке шалдыққан 4 тұлғаны шаруа қожалығында құрылыс жұмыстарына қанау фактісі анықталды.

Қылмыстық істі облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы ҚР ҚК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 6,9,11-тармақтары (адам саудасы) бойынша тергеген. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданды.

«Сонымен қатар мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері техникалық қызметкерлердің орнына қамқорлықтағыларды пайдаланып, үй-жайды тазалауға мәжбүрлеп, тамақ дайындауға баулап, әрекетке қабілетсіз адамдарды заңсыз әрекеттерге тартып, есепшоттарынан жәрдемақыларын жымқырған», — деп хабарлады облыс прокуроры Ерлан Абаев.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша, уәкілетті органдарға медициналық-әлеуметтік мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ олардың жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар нақты міндеттер жүктелді.