Жаңалықтар

50 млн теңгелік үй сатқандарға қысым күшейеді

Қазақстанда енді құны 50 млн теңгеден асатын үйді сатқан әрбір азамат қаржылық мониторингке ілінеді. Қаржы агенттігі күдікті мәмілелерге көз салуды күшейтіп жатыр. Жаңа тәртіп бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» ірі сату-сатып алу тіркелген сәтте агенттікке хабар беруі тиіс. Жай ғана үй саттым деп жүрген адам, енді автоматты түрде бақылауға өтеді, деп хабарлайды Ozgeris.info. Бірақ бұл тек пәтермен шектелмейді. Ұялы байланыс операторлары да қол қусырып отырмайды. Олар мобильді теңгерімге жасалған толықтырулар туралы деректі қаржы агенттігіне жолдайды. Бұл дегеніміз – ұсақ-түйек транзакция емес, күмәнді аударымдар мен әдеттен тыс белсенділікке назар аударылады деген сөз. Тағы бір үлкен өзгеріс – кейбір операциялар бойынша шекті соманың төмендеуі. Бұрын мәдени құндылықтарды қолма-қол әкелу, әкету немесе сатып алу кезінде 45 млн теңге шегі болса, енді ол бар болғаны 1 млн теңгеге түсіп отыр. Яғни, ірі көлемдегі заттар мен құндылықтар да мемлекет назарында болмақ. Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов бұл өзгерістердің бәрі бір мақсатқа – ақшаны заңдастыру мен терроризмді қаржыландыру жолына тосқауыл қоюға бағытталғанын айтады.

— Қаржы мониторингі субъектілері клиенттің өз қызметін кірістерді заңдастыру немесе терроризмді қаржыландыру үшін оның ақшамен және өзге де мүлікпен жүргізген операцияларының жиынтығына сәйкес пайдалануы мүмкін екендігі туралы ақпарат жіберетін болады, – дейді ол.

Алайда бұл заң жобасын бәрі қолдап жатқан жоқ.  Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәселенің басқа қырын көтерді. Оның айтуынша, бақылауға түспей жатқан ұйымдар өте көп. Мысалы, Astana Hub, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Жасыл даму» АҚ сияқты құрылымдар мүлде тізімде жоқ. Депутат бұл мекемелерде ашықтық жоқтығын, көлеңкелі схемалар болуы мүмкін екенін айта келе, оларды да мониторинг субъектісіне қосу қажет екенін жеткізді.
– Astana Hub-та көп былық болып жатыр. Бұл ұйым неге қаржылық мониторинг субъектісіне кірмейді? «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры неге жоқ? Автоломбардтар, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы, утильсбор бойынша не үшін ол қаржылық мониторинг субъектісі емес?, – дейді ол.
Барлық жаңалық