2025 жыл қандай болмақ?

Жылан жылы – ұлу жылынан кейін, жылқы жылынан бұрын келетін мүшел есебінің 6-жылы. Аталған жыл Азия халықтарының (қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, татар, башқұрт, әзербайжан, моңғол, черкес, қытай, жапон, т.б.) көпшілігінің күнтізбелерінде қолданылады. 12 жылда бір рет қайталанып келетін жылан жылы қақаған қыс айының ортасында кіреді. Жұлдызшылар жылан жылы өзімен бірге талай сынақты алып келеді деп болжам жасап кеткен. Алайда қазақ халқының ұғымында әр жылдың өз қиындығы мен қызығы мол, несібесі бөлек. Есігімізді қай жыл қақса да, жаман жоқ деп құшақ жая қарсы аламыз.

Болат БОПАЙҰЛЫ,
этнограф:

Жылан – даналық пен сақтықтың символы

– Қазақ халқында әр жылдың өзіндік ерек­шелігі мен маңызы бар. Жылдың сәтті не­месе қиын өтуін көбінесе табиғат жағ­дайларына, елдегі саяси ахуалға, сонымен қа­тар әлеуметтік-экономикалық мәселе­лер­ге қарап бағалайтын болған.
Қиын жылдар – қазақ халқының тари­хын­да болған ауыр кезеңдер, соның ішінде жұт, ашаршылық, соғыс, елдің ауызбіршілігі бұ­зылған сәттер. Мұндай жылдар халықтың жа­дында ұзақ сақталған және кейінгі ұр­паққа сабақ ретінде жеткізілген.

Тарихи оқиғаларға көз жіберсек

• 1723 жыл – «Ақтабан шұбырынды, Ал­­­­­қакөл сұлама». Бұл жыл – қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтар өз жерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Жылан жы­лында басталған бұл қайғы жылдар бойы жалғасқан.
• 1932-1933 жылдар – Ашаршылық. Кеңес­тік саясаттың салдарынан халық жап­пай аштыққа ұшырап, миллиондаған адам көз жұмды.
• 1941 жыл – Екінші дүниежүзілік со­ғыс. Халықтың басым бөлігі майданға ат­та­нып, елде үлкен қайғы мен қиындық болды.
Сонымен қатар жыл сайын табиғи апат­тар, қуаңшылық немесе жұт болған жылдар ха­лыққа ерекше ауыр тиген. Мысалы, мал шы­ғыны көп болған жылдар «жұт жылы» деп аталған.

Өткен жылдарға көзқарас

Қазір кейбір жылдарды сәтсіз деп си­пат­тап жатады. Бұл көбінесе елдегі эконо­ми­калық қиындықтарға, әлеуметтік мәсе­ле­лерге немесе саяси оқиғаларға байла­нысты айтылады. Дегенмен әр жылдың жақ­сы жақтары да, қиындықтары да бо­лады, бұл – өмір заңдылығы.

Жылан жылының ерекшелігі

Жылан жылы қазақ халқында ерекше жыл саналған. Бұл жылды халық бір жа­ғы­нан сақтықты қажет ететін, екінші жағынан терең ойлану мен даналыққа негізделген жыл деп сипаттайды. Қазақ – көрген түсін де, бастаған ісін де жақсылыққа жоритын дана халық. Еліміз үшін 2025 жыл құтты да сәтті жыл болады.

Жылан жылының қасиеттері:
• Сақтық пен сараптама: Жылан жылы шешім қабылдауда асықпауды, әр істі мұқият ойластыруды талап етеді.
• Болашаққа дайындық: Бұл жыл алдағы қиындықтарға қарсы дайындық жасау, үнемшілдік пен сабырлық таныту жылы.
• Жаңару мен өзгеріс: Жылан терісін өзгерткендей, бұл жыл жаңа бастамаларға, дамуға мүмкіндік береді.

2025 жылға болжам:
• Экономикалық тұрақтылықты күшей­ту: елдің экономикасында инфляция мен на­рықтық тұрақсыздық мәселелеріне қара­мас­тан, даму қарқыны байқалуы мүмкін. Бұл жыл реформаларға және жаңа баста­ма­ларға толы болуы ықтимал.
• Туризм мен мәдениетті дамыту: Жы­лан жылын рухани жаңғыру жылы деп те есеп­тесек болады. Елде ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге қызығушылық артып, ту­ризм­ді дамытуға назар аударылады.
• Сақтық шараларын күшейту: Әлемдік жә­не аймақтық тұрақсыздыққа байланысты қауіпсіздік мәселелері басымдыққа ие бол­уы мүмкін.

Түс және рухани болжамдар

Менің байқауымша, Жылан жылы та­би­ғатпен үйлесімде болуды, сабырлықты жә­не терең ойлануды қажет етеді. Бұл жыл – ірі өз­герістерге дайындалу жылы. Елде үлкен жаңалықтар болуы мүмкін, бірақ олар ха­лыққа бірден емес, уақыт өте келе пай­дасын тигізеді.

Түске кірген жыландарды жору

Жылан түске кірсе, бұл көбінесе адам­ның өмірінде болатын өзгерістер, құпия сыр­лар, сақтық немесе жаңа бастамалар ту­ралы ескерту деп түсіндіріледі.
1. Жылан шағып алса – сақ болыңыз. Қар­жы немесе жеке қарым-қатынаста қиын­­­дықтар болуы мүмкін.
2. Жылан қуып жүрсе – қорқыныш­ыңыздан арылуды, маңызды мәселелерді ше­шуді талап етеді.
3. Жыланды өлтіру – қиындықты жеңу, сәт­тілікке қол жеткізу.
4. Жылан терісін өзгертіп жатса – өмір­дегі жаңа кезең, жаңару, өзгерістер.
5. Жылан тыныш тұрса немесе жорғалап жүр­се – даналыққа, сабырлыққа шақырады. Ірі шешімдер қабылдарда асықпаңыз.
6. Ақ жылан – жақсылықтың белгісі, ру­­­­хани қолдау немесе ерекше мүмкіндік.
7. Қара жылан – құпия немесе сақтықты қа­жет ететін жағдайлар.
8. Түсті жылан (қызыл, жасыл, сары) – жаңа мүмкіндіктер, бірақ оларды пайдалану үшін дайындық керек.
9. Ордалы жылан – шиеленіскен жағ­дай­лар, бірақ шешім табуға болады.
Жалпы, жылан түске кірсе, бұл өзгеріс­тер­ге дайын болу керегін, өмірде маңызды ше­шімдер алдында сабырлық сақтауды біл­діреді. Жылан – даналық пен сақтықтың символы.

Ұсыныс:
1. Бірлік пен сабыр: еліміз үшін бұл жы­лы бірлік маңызды рөл атқарады. Тари­хы­мыз көрсеткендей, кез келген қиындықты ынтымақпен жеңуге болады.
2. Табиғатты қорғау: экологиялық мәсе­ле­лерге ерекше көңіл бөліп, табиғатпен үй­лесімділікті сақтау қажет.
3. Білім мен жаңашылдық: қазіргі заман­ның басты талаптары – білім мен техно­ло­гия­ны дамыту. Жылан жылы осы бағыттарға ерек­ше көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
4. Жылан жылы – сақтықты, даналықты, сабыр мен бірлікті талап ететін ерекше жыл. Та­рихи тұрғыдан бұл жыл қазақ елі үшін маңыз­ды оқиғалармен есте қалған. Келесі жыл да еліміз үшін оң өзгерістердің бастауы бо­латынына сенемін. Халық даналығы айт­қандай: «Жақсы сөз – жарым ырыс». Алдағы жыл әр отбасыға береке, бірлік және бейбіт өмір әкелсін!

Құралай БАҚЫТ,
нумеролог, аналитик:

Оқитын, білім алатын
жыл болады

– 2025 жылдың саны – 9. Яғни, әр санды бір-біріне қосқандағы шығатын сан – 2+0+2+5=9. Түсініктірек болу үшін айтсам, 9 – сандардың ең үлкені. Прогресс, оқу, білім алу, даму, ізденіс, даналық пен қоры­тын­дылауды білдіреді. Сондай-ақ талмай жұ­мыс істеген адам еңбегінің жемісін көре­тін, өткен жылдардың бонусын алатын жыл болады. Көп нәрсе өз шешімін табады.
Қытай жұлдызнамасы бойынша жылан жы­лының стихиясы  – ағаш. Ағаш бізде әр­­­қашан баяу өседі. Биыл болжам жасағанда жыл ақырын өтеді дегенде көп адам таң­ғал­ды, алайда сағат жылжыды. 2025 жылдың бірін­ші жыртыжылдығында сағат әлі де осы бағытта қалады деп ойлаймын. Жыл асық­пай, бірсарынды, баяу өтетіндіктен, әлемде со­ғыс тоқтауы да мүмкін. Екінші дүние­жү­зі­лік соғыс тоқтаған 1945 жыл да ағаш жы­лы болатын. Яғни, бұл – адамдардың жүр­гізген келіссөздері, арман, мақсаттары мен жос­парлары сәтті жүзеге асатын жыл. Адам­дар тарапынан қайырымдылық жасау­шылар көбеюі мүмкін.
Жылан жылы көп адам шет тілін үй­ре­нуге ниет қояды. Сондай-ақ көп адамның ана тілімізді үйренуге қызығушылығы ояна­ды. Үкімет тарапынан осындай бағдарла­ма­лар қолға алынуы мүмкін. Жалпы, жылды оқу, білім және шет тілі деп атауға болады. Жо­ғарыда айтқанымдай білімін шыңдап, білік­тілігін арттыратын, әртүрлі курстарға баратын кезең болмақ. Адамдардың өз мис­сиясын табатын уақыты келді.
Өткен 2024 жылдың саны – 8, материал­дық жыл болса, биыл рухани дүниеге ба­сым­дық беріледі. Адамдар рухани өсуге ұм­тылып, кітап оқушылар саны артады. Ке­лесі жылы шығысқа кім бағыт алады, сол адам ұтады. Өйткені ағаш стихиясының ба­ғыты – шығыс. Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың былтыр Қытайға жасаған ресми сапары барысында 2024 жыл – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланған бо­латын. Блогерлер, одан бөлек көп қазақ­стан­дық Қытаймен сауда-саттық орнатып, өсті, байыды. Осы жылдары шығыс елдері әлі де байлықтың көзі болып қалады. Қытай масштабты түрде машиналарын шығарды. Техникаларымен әлемдік нарықты жаулай бас­тады. Сондықтан Қытаймен жұмыс іс­тей­тіндер үшін сауда, байлық, табыс жылы бол­мақ. Биыл Президент осыған «көпір» сал­ды, келесі жылы да осы мүмкіндікті пай­даланып қалу керек. Қазақстан мен Қы­тай­дың арасындағы тығыз қарым-қатынастан бөлек, Жапонияда чиптеу дамиды, өйткені 2026 жыл жасанды интеллект жағынан өте үлкен прогресс әкеледі. 2025 жылы соған ал­ғашқы қадамдар жасалады. Дегенмен ке­лесі жыл – консервативті жыл. Мұғалімдер­дің, дәрігер­лердің, ғалымдардың, экологтар­дың жылы, сондықтан олардың жалақысы кө­терілуі мүмкін. Жылан жылы көгал­дан­дыру жұмыстары көп жүргізіледі. Жасыл энер­ге­ти­каға көбірек мән беріледі.
Сонымен қатар денсаулық жақсаратын, х­а­лықтың қаржылық сауаттылығы артатын жеңіл жыл болмақ. Бұл жыл да еліміз үшін де жаман болмайды. Көп адам 9 санынан қор­қып жатыр, алайда табиғи апаттар қай жыл­да да қайталанып тұрады. Одан қашып ке­те алмаймыз. Жер сілкінісі азайғанымен, қыс жылы болатындықтан көктемде келе­тін судан абай болу керек. Өткен жылы 8 са­ны гравитациямен кірген болатын, сон­дық­тан жыл жер сілкінісі, су апатымен бас­­­­­тал­ды. Жаңа жылдың стихиясы ағаш та көк­тем энергиясы сияқты кіреді, сондықтан көктем ерте шығады. Осы ретте су апаты, әри­не, болады. Сондықтан үкімет ертерек қам­дануы керек.
Осыдан бір мүшел алдын 2013 жылы жы­лан жылы болды. Сол жылға анализ жа­са­сақ, өте жақсы, табысты жылдардың бірі бол­ған екен. Бұл экономика көтерілетін, ха­­­­лықта жақсы өзгерістер болған, инфля­ция­дан шыққан жыл екен. Жылан – байлық пен даналықтың белгісі. Осы жылы көп адам сандығын ақшаға толтырып, жинап, та­быс тауып, қалтасын қалыңдатады. Қары­зы көптер біразынан құтылып, еңселерін көтереді деп ойлаймын.
Жылан мен, ағаштың түсі де жасыл бол­ғандықтан жаңа жылды жасыл, сарыға жа­қын, жылтыр түстегі киімдермен қарсы ал­ған дұрыс. Бұл жылы әсемдік бұйымдар, түй­­реуіш, алқа, жүзік секілді әшекей бұйым­дарды көбірек тағу керек. Үстелге жасыл дас­­тарқан, жасыл сулықтар қойылса, түрлі са­­латтар, сусындар, жемістер тұрғаны жақ­сы. Ағаш стихиясы веган диетасына жақын ғой. Сол себепті шөп-шалам көбірек қосыл­ған тағамдар қойылса, вазада гүл, үйде шыр­ша болса, ағаш стихиясына лайық. Ма­те­риалдық және рухани байлықты тең ұста­са, нағыз тепе-теңдікті сақтаған өнімді жыл болмақ.
Ал өмірлік мақсат пен миссияны анық­тау үшін 2025 жылы қандай сандарға мән беру керек? Мұны Алланың өзі реттейді. Мә­­­­се­лен, пандемия жылдары біз ден­сау­лық­қа, медицинаға мән беріп, әлеуметтік жыл де­­дік. Сол секілді биыл да адамдар өз ден­сау­­­лығына жіті мән беретін болады. Сон­­дай-ақ көп адам өзінің миссиясын, те­ті­гін табуға тырысады. Өйткені өмірде ең бас­ты міндет – өзіңнің миссияңды орындау. Сол себепті көп адам жүрек үнін тыңдайды деп ойлаймын. Ең бастысы, адам еңбекқор бол­ған кезде алға ұмтылады, жақсы өмір сүру­ге талпынады. Алайда тәртіпке де көп нәрсе байланысты екенін ұмытпау керек. «Ал­ма піс, аузыма түс» дейтін кезеңнен баяғы­да өтіп кеттік.
Жаңа жыл кімдер үшін табысты болмақ? Жыл біреулерге бақыт жылы, біреулерге ре­сурсты жыл, біреулерге рухани жыл, біреулер­ге табысты болатыны анық. Биыл кімнің жылы нөл мен бірге аяқталады, соларға жыл өте табысты. Мәселен, 1970, 1980, 1990 және 1991, 2001, 2011 жылдар се­кіл­ді. Ал кімнің жылы бестікке аяқталса, олар да өздерінің стихияларына кіріп жа­тыр. яғни, 1965, 1975, 1985, 1995, 2005, 2015-жылғылар. Олар өмірінің өте ба­қытты кезеңіне келіп тұр. Бестіктердің жеке өмірінде де, жұмысында да жолы болады.

Ерлан МҰҚАШЕВ,
астролог:

Тәртіпке бағынған мемлекеттер гүлдене бастайды

– 2025 жылы әлемдік геосаясатта көпте­ген өзгеріс болуы мүмкін. Бұлай ойлауға се­беп те жоқ емес, әртүрлі континентте сая­си жағдай ушығып тұр. Жағдай күрт өз­геріп, біз күтпеген жайттар бола ма деген қауіп бар. Елдер арасындағы қақтығыстар ке­ліссөзбен шешілуге таяу деген болжам жиі ай­тылады. Әр тарап өзінің мүддесі мен ха­лық­аралық аренадағы беделін пайдалануға барын салып отырғанын көріп отырмыз. 2025 жылдың алғашқы жартысында шие­леністің негізгі күрмеуі тарқайды деп ой­лай­мыз. Қазір ахуал соған келе жатыр. Астро­логиялық болжам жасасақ, бүкіл әлем­ді шарпитын үлкен қақтығыс бол­май­ды. Мүмкін, бір-біріне доқ көрсетіп, өзінің мық­ты екенін дәлелдеуге барын салады, шие­леністің соңы сонымен аяқталар деген үміт басым.
Қақтығыс ошағын тұтатқан кез келген ел­дің қайсысы басым түсерін уақыт көр­се­теді. Әлемдегі түрлі соғыстар халықаралық ұйым­дардың, беделді, экономикасы мығым ел­дердің араласуымен тоқтайды деп ой­лай­мын. Қақтығыстардан әр тарап өзіне ке­ре­гін алады, зиянын да, пайдасын да көреді. Кез келген әскери қақтығыстың әлем үшін де, тікелей қақтығысқа қатысушы елдер үшін де оңайға түспейтіні белгілі. Эко­но­ми­ка құлдырап, инфляция күшейіп, тауар ай­налымы шектелетінін, санкциялар са­лы­нып, ірі компаниялардың жағдайы на­шар­лай­тынын көріп отырмыз. Мұндай жағ­дай­лар екі тараптың ғана емес, барша әлем ел­дерінің дамуына кесірін тигізеді. Таяу бо­лашақта қақтығыс экономикалық бә­се­кеге ұласады деген тұжырым күшіне еніп ке­леді. Осының бәрі айналып келгенде әлем на­зарын Тынық мұхиты мен Таяу шығыс ай­мағына аударып, Қытай мен АҚШ-тың про­кси-қақтығыстарына ұласуы мүмкін.
1990-2000 жылдар аралығында АҚШ біз­дің Каспий аймағына өз базасын салуға ұсы­ныс білдіргенде бас тартқанымыз та­ри­хи шешім болды. Міне, біздің аймағымыз жан­жал ошағына айналған жоқ. Кезінде АҚШ әскери базасын салуға рұқсат берген ел­дер көп зиян тартты, ірі империялардың ор­тасында қалып қойды. Империялар ара­сын­дағы өзара бақталастық бұрыннан жү­ріп келеді. Олар бірін-бірі алыстан бар­лай­ды. Мұндай сәтте көбінесе дамушы ел­дер, шағын мемлекеттер, қару-жарағы мен экономикасы әлсіз халықтар көп зардап ше­геді. Ірі державалар алдағы 10 қадамын алдын ала ойлайды. Көршілес елдерде жүріп жат­қан қақтығыстар бізге сабақ болуы ке­рек. «Ақырын жүріп, анық басуға» тиіспіз.
Астрология бойынша қарапайым тілмен айтсақ, әлемде ересектік кезеңге өту бас­та­лады. Бұл кезеңде адамның гормондары өз­гереді. Аталмыш цикл баланың жасөспі­рім­дік шаққа өтуі немесе ересек адамның қарт­тық кезеңге қадам басуы секілді. Бұл адам өміріне ғана емес, планеталар ара­сын­да да болады. Міне, қазір адамзат жаңа ке­зең­ге қадам басып жатыр. Соған сай әлем­дегі геосаяси жағдай да өзгереді. Сондықтан 2025-2026 жылдар – өзгерістер жылы деуге то­лық негіз бар. Бұл өзгерістер 2023 жылдан басталған болатын, қазір енді жайлап ты­ныш­талып, бірсарынды кезеңге аяқ басып келеміз. Ғаламның осы тәртібіне бағынбаған елдер құлдырайды, бағынған мемлекеттер гүлдене бастайды.
Қазақстанға сыртқы жаудың қажеті де жоқ, біздің жалпы ұйымдаса алмауымыз, тиімсіз шешімдеріміз бізді дағдарысқа ұшы­ратуы мүмкін. Сондықтан сыртқы жаудан гөрі осыдан қорқуымыз керек.
Әлем елдерімен қатар, Қазақстанда да кли­маттық өзгерістер орын алуы мүмкін. Осы ретте қаржыны қорғаныс саласынан Төтенше жағдайлар министрлігіне бұру керек. Әрине, қаражат жеткілікті болса қор­ғаныс саласына да бөлгенге не жетсін, алайда бюджет жетіспеушілігі кезінде тө­тенше жағдайды қамтамасыз еткеніміз дұрыс шешім болмақ. Өйткені бізге төтенше жағдайлар бойынша табиғи апаттардың сал­дарымен күресуге тура келеді. Ресей аума­ғында биыл тағы су тасқыны болуы мүм­кін, өзіміз білетіндей Ресейді су басса, бізге де келеді. Биыл жетпеген су, келесі жы­лы жетуі мүмкін. Бұдан Ресей де, Қазақстан да зардап шегеді. Сондықтан алдын алу шара­ларына мұқият қарап, дамбалар салып, құтқару тех­никаларын дайындап, инже­нерл­ік құрылыс жұмыстарына назар аудару керек.
Қорыта айтсақ, соңғы 10 жылда атқа­рыл­ған жұмыстар ептеп нәтижесін бере бас­тады. Тиімсіз, нашар жасалған жұмыстар мен жобалар да бар, алайда ашық ақпарат көз­дерін сараласақ, атқарылып жатқан жақ­сы істердің көптігіне көзіміз жете түсе­ді. Бүгінде бұрынғыға қарағанда Үкіметтің жұ­мысы да 50 пайызға тиімді бола бастады.

Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ