Әйгерім Қалаубаева жаңа әніндегі сөз таласына нүкте қойды

Nur.kz

Отандық әнші Әйгерім Қалаубаева қазақ тілінде жоқ сөзді қолданды деп сынаған тыңдармандарына жауап берді. Бұл туралы ozgeris.info сайты Nur.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Әйгерім Қалаубаева жуырда жаңа әнін көпшілікке ұсынған болатын. Алайда ән мәтініндегі бір сөз әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Осыған байланысты әнші өз Instagram парақшасында жазба жариялап, дауға нүкте қойды.

“Кішірмей” деген сөз қазақ тілінде бар екен. “Несі бар?!” әнімде “махаббат алдында кішірмей” деген жол кездеседі. Кейбір тыңдармандар бұл сөздің жоқ екенін айтып, пікір білдіріпті. Бірақ… Фариза апамыз әлдеқашан: “Сүйгеніме кішірмей, сүйреледім өзімді…” деп жазған. Іздей білсек, басқа да көптеген ақынның жырларында бұл сөз қолданылған.

Бұл — қазақта жоқ сөз емес. Махаббат алдында “кішірмей” тұру — нағыз поэзия! Еріп кетпей, кішірмей тұру… Мен де осы мағынаны жеткізу үшін әнімде бұл сөзді қолдандым. Қолдансам, несі бар?! Қайырлы таң, қадірлі тыңдармандар!”, – деп жазды әнші.