Кэтколлинг — зомбылықтың бір түрі. Көшеде немесе басқа орындарда әйел адамдардың жеке басына бағытталатын “қаратпа сөздер”. Әдетте, кэтколлинг “қарындас, таныспадық па?” деген сөздермен басталып, ары қарай дене бітіміне, жүріс тұрысына баға берумен жалғасады. Біздің қоғамдағы әйел заты бұл нәрсемен күнделікті өмірінде жиі кездесіп жатады.
“Кэтколлинг”- ағылшын тіліндегі “cat” пен “call” сөздерінің қосындысынан шыққан. Мағынасы “мысықты шақыру” деп аударылады. Зерттеулерге сүйенсек, әйел адамдардың 95% кэтколлингті кем дегенде бір рет басынан өткізген. Дегенмен, кейде ер адамдар да кэтколлингтің құрбаны боп жатады.
Кэтколлингтің белгілері:
— Қаратпа сөздер мен ысқырық;
— Дене бітімге баға беру;
— Ыңғайсыз ұсыныстар мен әңгімеге тарту;
— Автокөлік сигналы;
— Ізінен аңду;
— Денеге қол жүгірту;
Сыртқы образ кэтколлингке себеп пе?
2014 жылы осы мәселе бойынша үлкен зерттеу жүргізілген. Зерттеуге 16 000 нан астам әйел адам қатысқан. Бірнеше ай жүргізілген зерттеудің нәтижесі төмендегідей болған:
— Cұрақ қойылған әйелдердің 60%- дан астамы өмірінде кемінде бір рет жыныстық харассментке тап болған. Қызығы, харассментке ұшырағандардың ең төменгі жасы 11-де болған;
— 50% дан астам әйел азаматтар рұқсатсыз денеге қол жүгіртуді басынан өткізген;
— Ал 70%-дан астам әйелді бірнеше рет көшеде ізінен аңдыған.
Қызығы, көшеде жасалатын харассментте сыртқы образ бен киіну стилі еш рөл ойнамайтын боп шықты. Кэтколлинг немесе жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдердің сыртқы образдары әртүрлі болған. Қарапайым шалбар немесе көйлек, тіпті жабық киінген хиджабтағы әйел адамдар да әртүрлі жыныстық зорлық пен кемсіту, басынуды басынан өткізген. Америкалық азамат 2014 жылы Манхэттенді 10 сағат бойы жаяу, қарапайым киімде аралап шыққан. Сол 10 сағаттың ішінде кейіпкер ер адамдар тарапынан 100 ден астам “қаратпа сөздер” мен іс-әрекеттер байқалған.
Қоғам кэтколлингті неге қалыпты деп қабылдайды?
Осы сұрақты журналист, әйелдерге жасалатын қысым, зорлық-зомбылық тақырыбын зерттеп жүрген Дастан Аққожаға жолдадық:
— Кэтколлингті барлығы бірдей қалыпты деп айту қиын. Тек романтизациялайтын сияқты. Бұрында қызға қырындау, танысу амалы ретінде қарастырылатын, талай жұптың солай танысқанын естіп те жатамыз. Тек ол қалыпты жағдай болудан қалғанын ескеру керек сияқты. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда көше харассментіне байланысты қозғалған істердің статистикасы жасалмаған. Тіпті кэтколлингке қатысты заң да қарастырылмаған. Әзірге, көше харассментіне байланысты жеке заң Францияда жұмыс жасайды. Басқа елдерде мұндай істер “ жеке басына тіл тигізу”, “кемсіту” деген сияқты айыптармен заң жүзінде қаралады. Статистика болу ықтималдығы өте төмен, әдетте кэтколлинг “ұсақ бұзақылық” деп есептеледі. Арызданбау себебі де осы болса керек. Арнайы заң жасалмаған, ал бар заң бойынша дәлелдеп шығу қиын. Қайсыбіріміз көшеде ысқырып шақырғанын дәлелдей аламыз?!”– дейді ол.
Сонымен қатар, түрлі елде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың санын азайту үшін жеке орындар мен транспорттар шығарған. Бұл бастама қазір біздің елде де жұмыс жасап жатыр. Әзірге елімізде бірнеше бағыттағы пойыз көлігінде “әйелдер вагоны” қатынайды. Болашақта бағыттардың саны артып, әйелдер емін-еркін, қауіпсіз жол жүре алады.
Наржан МҰРАТ
ПІКІР ЖАЗУ