Қазір жер алып ерлеп, оны заңдастырып терлеп жүрген жандардың қарасы қалың. Бірақ телім аларда құжатқа қағілез болған абзал. Өйткені, алаяқтардың арбауына түсіп, жалған құжатпен жер сипап қалуыңыз әбден мүмкін. Жер сатып аларда қандай құжаттарға мән беру керек?
Ozgeris.info тілшілері тақырыпты зерттеп көрді.
Көптеген адамдар жерді сатып аларда нотариусқа сенеді, жерді сатып отырған сатушының сөзіне сенеді, риэлтор мен жерді сатып жүрген делдалға сене салады. Бұл үлкен қателік.
Сатушыда қандай құжаттар болуы керек?
Ең алдымен сатушының жеке басын куәләндыратын құжаттарды тексеріңіз. Одан соң құқық белгілейтін құжаттарды талап етіңіз. Оған:
- Атқарушы органдардың жер теліміне құқық беру туралы құқықтық актілері;
- Сатып алу-сату шарттары (айырбастау, сыйға тарту немесе жер телімін иеліктен шығару туралы өзге мəмілелер);
- Сот органдарының жер теліміне жеке меншік құқығын, жер пайдалану құқығын жəне жерге өзге заттық құқықтарды тану туралы шешімдері;
- Жергілікті əкімдердің шешімдері;
- Жер теліміне жеке меншік құқығы жəне уақытша (өтеулі, өтеусіз) жер пайдалану құқығының актілері жатады.
Осы құжаттардың кез келгеніне қойылатын міндетті талап — меншік құқығын мемлекеттік тіркеу.
Сатушы жердің иесі екенін қалай білуге болады?
Сатушы шынымен жер телімінің иесі екеніне көз жеткізу үшін одан ауыртпалық туралы анықтаманы сұраңыз (мемлекеттік порталда қызмет «Заңды тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтер» деп аталады).
Мыналар арқылы білуге болады:
- eGov мобильді қосымшасы арқылы;
- «электрондық үкімет» порталы (SMS құпиясөз немесе ЭЦҚ арқылы кіру) арқылы
Өтінім 15 минутта өңделеді. Жерді қарап жатқанда құжат дайын болады.
Сондай-ақ жерді сатып аларда көрінбейтін кедергілерді де ескерген жөн.
- Жерді сатып алар алдында елді мекеннің бас жоспарын, қала маңының шегін жан жақты ақпаратын алу керек;
- Жердің нысаналы мақсатын толық тексеріп алыңыз. Өйткені, жер кодексінің 97 бабына сәйкес, құнарлы ауыл шаруашылық алқаптарда тұрғын үй соғуға тиым салынған. Мұны нотариус біліп бере алмайды.
- Нотариустар сатып алайын деп тұрған жердің санитарлық корғау аймағында, өзен-судың су қорғау белдеулерінде, қызыл сызықта, жатқанын/жатпағанын тексере алмайды.
- Жерді сатып алар алдында жердің шекарасы бөлінген бе, координатталған ба, соны айқындау керек. Мұның соңы көршіңізбен соттасуға дейін алып келеді.
ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!
Мемлекеттік акт — жер телімінің негізгі құжаты
Жер телімін куәландыратын құжаттарға мемлекеттік акт жатады. Онда жер туралы барлық ақпарат бар. Әр тармақты қарап шығыңыз.