Жауын болмаса деп тілейміз: Алматы облысындағы акт залы жоқ ауыл мектебі шараларды далада өткізуге мәжбүр

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қаражота ауылдық округіндегі Сарыбұлақ ауылының тұрғындары құзырлы мекемелерден жаңа мектеп салуды бірнеше жылдан бері сұрап келеді. Айтуларынша, қазіргі мектеп ғимаратының іргетасы қаланғанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген.

Ауыл тұрғындары балаларын әлі күнге дейін кеңестік дәуірден қалған, қабырғалары қақырап, құлаудың аз-ақ алдында тұрған ғимаратта оқытуға мәжбүр. Мектеп түлектерінің бірі бұл жағдайға алаңдайтынын айтады.

— Осы мектептен 30 жыл бұрын түлеп шықтым. Қазір ауылға барған сайын балалардың әлі сол ескі мектепте оқып жүргенін көріп, көңілім құлазиды. Бұл мектепте ешқашан спорт залы болған емес. Дене шынықтыру сабақтары қысы-жазы далада өтетін. Баспалдақтары әлі күнге дейін сол баяғы ағаштан жасалған күйінде тұр. Бұл мектепте оқығандардың алды өмірден өтті, артындағылар бүгінде 80 жасқа келді. Енді жаңа мектеп салынатын уақыт жетті деп ойлаймыз, — дейді ауыл тұрғыны.

Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, ғимараттың техникалық жағдайы өте нашар. Қанша жөндеу жүргізілсе де, біраз уақыттан кейін қайтадан сылақтары түсіп, қабырғалары сөгіле бастайды. Қыста ғимарат ішінде суық, бұл балалардың қауіпсіздігіне де, білім алуына да кері әсер етіп отыр. Оған қоса, материалдық-техникалық база мүлдем ескірген. Компьютерлер, интерактивті тақталар және өзге де оқу құралдары заманауи талаптарға сай келмейді.

— Мектепте үлкен іс-шара жоспарланса, алдымен ауа райын бақылаймыз. Жаңбыр жаумаса, жел тұрмаса екен деп тілейміз. Себебі мектептің ішіне оқушыларды жинап іс-шара өткізетін акт залы да, кең дәліз де жоқ. Балаларымыз жаңа мектепке лайық деп ойлаймыз, — дейді мұғалімдер.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, Қаражота ауылдық округіне Қаражота, Ақтоған және Сарыбұлақ ауылдары кіреді. Бұл ауылдардың арақашықтығы 7-10 шақырымды құрайды. Үш ауылдағы мектептерде барлығы 754 оқушы білім алуда.

— Қазіргі таңда Сарыбұлақ және Ақтоған ауылдарының мектептері күрделі жөндеуді немесе жаңа ғимарат салуды қажет етіп тұр. Осыған байланысты Сарыбұлақ ауылында жаңа мектеп салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаражат бөлу үшін өтінім берілген. Ал Қаражота ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Нысанды жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарлануда, — деп хабарлады Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.