Павлодар облысындағы Шарбақты ауданына қарасты Шалдай ауылының тұрғындары уәде етілген футбол алаңының құрылысы тоқтап қалғанына наразы, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жергілікті билік ауыл жастарына арнап шағын футбол алаңын салудан айнып қалған.
«Осы жылы Шалдай ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу жұмыстары басталды. Жоба бойынша кешеннің жанынан жасанды футбол алаңы мен жаттығу орындарын да тұрғызу қарастырылған. Бекітілген жобаға сәйкес сауықтыру кешені электр желісі есебінен жылынады. Бүгінде ауыл жастары өздері қолдан құрастырған қара жерде доп теуіп жүр. Бұған себеп — жасанды футбол алаңының жоқтығы. Аудан жетекшісінің сөзінше, электр есебінен жылыту жұмыстары көп шығынды қажет етеді. Сол үшін де футбол алаңын салмай-ақ қоюды ұйғарған», — дейді Шалдайлық тұрғын.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары қыс мезгілінде салынған кешенді жылытудың өзі мұң бола ма деп алаңдап отыр.
«Жасанды футбол алаңына бөлінген ақшаны сауықтыру кешенін жылытуға жұмсамақ. Сонымен қатар ол кешенді бүгінде мектеп пен мәдениет үйін жылытып отырған қазандыққа қоспақ. Осыдан кейін тұрғындардың көкейінде тағы сұрақ туындады. Бір қазандықтың күші үш бірдей мекемені жылытуға жете ме? Өйткені оның өзі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді», — деп алаңдайды ауыл тұрғындары.
Тұрғындардың сөзінше, жергілікті билік бір ауылға екі алаң артық деп санайды екен. Алайда артылып тұрған алаңның жағдай да көңіл көншітпейді.
«Бұдан бөлек жергілікті атқамінерлер бір ауылға екі футбол алаңы артық деп санайды. Меңзеп отырғандары мектеп ауласындағы 2016 жылы салынған қираған алаң. Ол алаңның өзі қолдануға жарамсыз. Себебі электр сымдары алаң төбесінен өту арқылы сақталуы керек қауіпсіздік нормаларын бұзып тұр. Мектеп ішінде орналасқан алаң екі ауысым оқитын оқушылардан босамайды. Ал ауыл жастары қайтпек? Біз ауыл тұрғындары бүгінде футбол алаңына деген шын қажеттілік барын айта отырып, бұл мәселенің тезірек шешілуін талап етеміз», — дейді олар.
Жергілікті билік болса, аталмыш мәселені тағы да қарастыратындарын айтып қысқа қайырды.
«Биыл Шалдай ауылындағы мектептің жанынан 100 метр жерде дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынды. Енді соның жанынан футбол алаңын тұрғызу жоспарда болған. Осы жылы футбол алаңын жөндеп, электр желілерін ауыстыруға қаражат бөлінді. Мердігер өз жұмысын тамыз айында аяқтайды. Ауыл ақсақалдары екінші футбол алаңын салу мәселесін көтергені рас. Электр қазандығынан бас тарту және оны салынып жатқан дене шынықтыру—сауықтыру кешенінің жанында орналасқан жұмыс істеп тұрған көмір қазандығына қосу туралы шешім қабылданды. Ақсақалдармен және жастармен кездесу кезінде шағын футбол алаңы жұмысының жүктемесі талданады және егер ауыл азаматтары атап өткендей, футболшыларға бір алаң жеткіліксіз болса, келесі жылы біз аудандық бюджеттен қаражат қарастырамыз. Шалдай ауылында екінші шағын футбол алаңын салу мәселесін қосымша көтереміз», — деп жауап берді Шарбақты ауданының әкімдігі.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру