Костя үй арасында үйі жоқ, құдай қосқан көрші. Етікші шал. Бір жарты берсең ғана жыртылған аяқ киіміңнің тігісіне шұқшиятын, бермесең өкпешіл баладай темір төсегінде тыр-тыр қасынып бүк түсіп жата кететін, аздап өкпесінің ләті бар, көп сөзінен гөрі күркілдеген жөтелі көп, көзі шүңіректеу біткен қыңыр шал. Костя кей күндері Шу өзеніне қармақ салады, балық аулаудың соңы,өзі тәріздес балықшылармен қауқылдасып, стакан соғыстырумен аяқталады. Ондай күндері Костя бір жапырақ кемпірі Зинаға тыныштық бермейтін.
– Сен әлгі қызғыш көйлегіңді киіп алып, жылтың-жылтың етіп мені сол кезде азғырмағаныңда, мен Наташкамен сонаааау алпысыншы жылдары….дей бергенінде:
– Ай, қойш-ай!- деп быжырайды кемпірі. Костя тәлтіректеп аяғынан зорға тұрса да Наташкасын айтып зарланған үстіне зарлана берді.
Бір жапырақ болса да Зинка кемпірдің тілі сала құлаш.
– Оттапсың! Әуелі сол Наташкаң емес пе сені бірінші тастап кеткен? Ол жүзі қара күндердің бір күні сенің аузы сасыған алқаш боларыңды бал ашып білген, емешегің үзілмей-ақ қойсын өйтіп! Наташка дейді ғой алжыған неме, Наташкаң сені қайтсін, әлде қашан ұмытып кеткен шығар, ол сені қайтсін?»-деп жетім лағына бөтелкемен сүт беріп жатты.
Ондайда Костяның шегір көзі төбесіне шығып қалшылдайды.
— Тфу! Мынаны-ай, аааа! Сол кезде қызғыш көйлегіңмен қоса Игоректің моншасында неге өртеніп кетпедің екен аааа?!. Қызғыш көйлегіңді киіп алып, тоқ балтырың жалтырап, сайтанның сапалағы құсап совхозға келдің да, бүкіл еркектің есін кетірдің. Онымен қоймай Игоректің моншасын өртедің, ол, ол ма мына мені азғырдың! -деп қу көкірегін ұрғылап, бүлікті бастап кеп жіберді.
– Соқпа өтірікті! Игоректің моншасын мен емес өртеген құдай атқыр, сенің әлгі алқаш достарың болатын өртеген. Сенің әлгі суретшісымақ досың Васька өртеген Хеһ хе хе! Ойбай-ау соны да ұлы суретші болады дедіңдер- ау бір кезде, бірде-бір туындысы есімде жоқ, есесіне оның бетінің қызылы бар қатын көрсе өзін-өзі ұстай алмай қалатын әдеті бар-тұғын. Бишара ақыры ажалы қатыннан келді. Қаңғып келген сыған қатынның күшаласын арақ екен деп ішіп, уланып өлді емес пе?!- деп, бұрықылдады Зина.
Зинкаға жақтырмай қараған Костя:
– Уақытында сол Васькаға байға тие салуың керек еді әкессс!-деп езуіне қыстырған шылымын шайнап- шайнап шетке қарата бір түкірді.
60-жылдардың жазында Бетбақтың шу өзенін бойлай орысы да орманы да қатар қоныстанып, Калинин совхозы құрылып жатты. Бір күні сол совхозда Зинка есімді бойжеткен пайда болды. Ленин көшесінің жоғарғы жағындағы Семен мен Олгьа кемпірдің немере қызы. Зинканың совхозға келгені калининдіктер үшін үлкен жаңалық болды. Совхоздың көзге түсер жігіт, желеңі Зинкаға бір көргеннен құлай ғашық болып, қалған бір сыпрасы аңдысын аңдып әліптің артын бағып жүрген кез тұғын. Зинка ол кезде небәрі он жетіде болатын. О-о-о-о Зинка қандай сұлу еді! Екі бетінен қан тамып, бал шырын еріндері гүлдің жаңа ашылған хауызындай үлпілдеп сұлу да жұмбақ жымиятын. Нәркес жанары қос жақұттай жалтырып, сылаң қағып көшеге шықса болғаны совхоздың жігіт біткенін түгел шалқасынан түсердей еді.
Бір күні «Калининнің» сабазы, суретші Васканың жүрегіне шоқ түсті.
– Әкеееммм-аааау, бұл Венераның нақ өзі ғой. Пах! Пах! Пах! Өнер туындысы! Мәрмәрдан құйған мүсіндей тал бойында бір мін болсайшы!. Ақ арай таңның шапағына шомылып, мына шөл далаға қайдан ғана тап бола қалдың елігім-ау? -деп Зинканы айналшықтап қыр соңына түсіп алды. Деседе Зинка оның күлкілі сөздеріне, аса ыңғай білдірмей, аспан түстес жанарын аударып, төңкеріп жұмбақтау жымиятын да қоятын. Васкаға сол жымиыс та жететін. Содан ертелі-кеш Зинканың аңдысын аңду басталды.
Зинка бүгін би кешіне келеді екен, Зинка бұзау өргізіп жүр екен, Зинка суға барыпты, Зинка моншаға барыпты деген күні, иә дәл сол күні Игоректің моншасының алдына әйелдерден кейін моншаға түсетін еркектердің кезегінде тұрғанда әңгімені өзінің мәдениеті һәм өнерлі түріне сәйкес дауыс мәнерімен Васька шешек бастап кеп жіберді:
– Хыыы-хыым…мына жалғанда деймін, дүр дүнияда әйел тәнінен асқан қандай сұлулық болушы еді, әйелдің тоқ балтыры, құмырсқа белі мен аршын төсінен асқан сұлулық көрсем көзім шықсын әкесс! Сол сұлулыққа кім бас ұрмады, сол сұлулыққа кім мас болмады аааа?! Әмәнда сол тұрғыдан алып қарағанда мына маңқа Игорек бақыттеее! – деген Васка моншаның егесі ұзынтұра Игоректің бүйірінен сылқ еткізді. Қаперсіз тұрған Игорек ыржаң -ыржаң етіп барып, елірмесі ұстаған адамдай қолындағы күректің ұзын сабына оратылып барып зорға тоқтады.
– Аааа, Игорек неге үндемейсің бәтшаһар? Әйелдердің тыржалаңаш тәнін сығалап болса да көріп жүрген саңылауың бар шығар аааа? Ешкім жоқта аузыңнан суың ағып сығыраятын шығарсың аааа Игорек?- деп, бұл жолы ішінен ыңқ еткізді. Игорек иретіліп барып белін зорға жазса да ыржақ -ыржақ етуін тоқтатпады.
– Зәлімсің-ау, зәлімсің! Мынаған қараңдар күледі ей өзі- деген Васка Игоректің қоңыр құлақшынын шекесін қарай түсіре салды да ендігі жерде езуіне қыстырған шылымын шайнап, ұзақ ойға шомды.
– Сұлулық, ееее опасыз сұлулық! Сол сұлулықтың иелері мына маңқа Игоректің моншасында ақ сазандай шоршып ақ балтыр мен аршын төсі жалт-жұлт етіп бірінің жотасын бірі ысып, қара сандарын суға малып қойып отқан шығар? Ах шіркін, Зинка маған Ренуардың аруағы қонып, орталарына топ ете құласамшы, қуалап жүріп суретіңді салушы едім ғой! …Сондағы тек мен ғана емес, тұтас дүние меңдуана жегендей мас болар еді. Эх шіркін, Зинка!- деп делебесі қоза сөйлеп, қарық -қарық етіп күлген сол екен, күлді еркекпен қоса моншаның егесі Игорек те кетік тісінің арасынан тілін сумаңдатып, ыржаң -ыржаң етті де, пештің аузына көмірді тоғыта салды кетті, салды кетті.
Васька одан сайын шабыттана сөйледі:
– Оооо, біздің ұлы орыс қатындары, әттең сендерді Ренуар шал көрмей қалды, көргенде бар ғой ұлы суретші Ренуардың өзі, сендердің сұлулықтарыңа бас ұрып, шіләпісін шешіп алдарыңа тағызым етер еді, анау әлгі жалаңаш қатындарын қуып сап, сендердің бейнелеріңді қайта жазған болар еді, әттең сендерді Ренуар қақбас көрмей қалды ғой- деп, қарқылдай кеп күлді. Күлкіге күлкі қосылып, аузы далиып ыржалақтаған Игорек қисайған құлақшынын жоғары көтеріп маңдайынан аққан шып -шып терді күс- күс саусақтарымен сылып тастап, аузынан от шарпыған пешке көмірді үстемелей тағы салды.
– Оооо, ұлы орыс қатындары!-деп Васка тағы шабыттана бастағаны сол-ақ екен тұтас дүниеге найзағай түскендей моншаның мұржасынан гүрс етіп бірдеңе сыртқа атылды. Моншаның сыртындағы әйелдер шу етіп үдіре түрегелді. Қас пен көздің арасында моншаның пеш тұрған жеріндегі қаңылтыр қақ айырылып, ақ бұйда түтін бұрық етіп ішке ұрды да моншаның мұржа жағы от тиген шырпыдай батырлап жана бастады.
– Ойбай өрт өрт шықты, о құдайым, сақтай гөр! – деп ақ бу көк түтіннің ішінде, бұтына киер лыпасын таппай қолдарына іліккенімен ұятты жерлерін жауып, тырдай жалаңаш моншадан атып атып шыққан әйелдерді көрген Васька; О-о-о-о Ренуар не дейін саған абызым?!- деп көзі алақандай болып басы ауған жаққа қарай безе жөнеді. «Әй есуас, монша өртенді, монша дегенінше болған жоқ, ойбай Зинка жоқ Зинка моншада қалды»- деп абыр- сабыр арасынан бір әйел баж ете қалды. Зинка буға кіргенде пеш қақ жарылып, Зинка есікке жете алмаған қалпы сұлап түскен еді. Бұл уақытта қуықтай ағаш монша толықтай отқа орана бастаған.
– Өлді сорлы, тірідей жанатын болды- деп тағы бір әйелдің құлын даусы шырқырап зар илеп қоя береді. Сонда топырлаған еркектердің арасынан тек Костя ғана атып шығып, үстіне бір шелек суды төңкерді де қызыл жалынға қарай қойып кеткен еді.
Содан бері бақса арадан қырық жыл уақыт өтіпті. Сол оқиғаның өзі кеше ғана сияқты еді. Игоректің моншасы өртенген жылы Костя сөз байласқан қалыңдығы Наташкамен жараспай, осы Зинкаға үйленген. Наташка күйеуі өлген жесірдей боздап -боздап бордай тозып барып басылды дейді көргендер, ақыры бір күні ауданға бара жатқан Шотайдың көк тракторына мінгесіп ақырғы рет ап-анық асқақ кескінмен калининдіктерге қарап тұрып: «Костяға ерегіскенде Мәскеуге барып ГИТИСКЕ оқуға түсем, әртіс болам, әлі ол мені теледидардағы «Голубой огонектен» көріп өкінетін болады, мені сұраса налып кетті деңдер, мен оны ешқашан кешпеймін «- депті. Сол кеткеннен Наташка мол кетті….Қайта оралмады.
Енді қараса арада қырық жыл уақытта зулап өте шығыпты. Наташканың әртіс болып бақ жұлдызы жанып кетіпті деген бір дерек естімесе де Костя жазған кейде Мәскеу арнасын қосып «Голубой огонекқа» телміретін де отыратын. Бірақ Наташка ғайып болды. 91-шы жылы Кеңестер одағы құлаған соң арагідік ауылдағы құрбыларына жазып тұратын хаты да бір жола үзілді. Осы күндері Костя әлде қалай сезімдердің жетегіне кетіп, Наташкасын жиі ойлайтынды шығарды. Өзінің ұрпақсыз қалғанын Наташканың бұған налып кеткені ме, әлде өзінен бір кәкір болды ма? Зинка жазған бала көтермеді. Сөйтіп жүріп екеуі де қартайды, екеуі де бір-бірінен безер болды. Осы күндері ғой Костя ішіп алып іш қызумен Зинаға баяғы моншаның жырын айтып шала бүлінетінді шығарды. Сорлының басына сойыл келіп тиіпті деп, қарғыс атқыр Игоректің моншасы, бір тағдырды, бір емес- ау екі тағдырды бір Игоректің сасық моншасы осынша тас-талқан етер деп кім ойлаған?!. Сол қарғыс атқыр монша өртенбегенде, бұл сол күні моншаға бармағанында, Зинканы көрмегенде…. тфу сайтаааан алғыр! Аһ, Тағдыр!
Бір күні ойда жоқта Костяның үйіне хат келді. Латвия Рига қаласы. Гертрудес көшесі 35. Наталья Александровадан Константин Сакаловка. 40 жыл өтсе де мекен жайын тура тауып келген хатты көрген Зинка алғашында біраз уақыт абдырап қалды. Құдай- ау кімнен? Латвия дей ме? Сонау Балтық жағалауынан Костяны кім іздеуі мүмкін? Наталья… құдай-ау әлгі анау На-та-шка… Зинканың қолдары дірілдей хатты ашып оқи бастады. Сосын өз-өзінен қыстығып иығы селкілдей күлді. Жүрегі құрғыр сезгендей екен, хат Наташкадан келіпті. Осынша жылдар ішінде өзінен бір дерек бермеген Наташка ойда жоқта, аспаннан түскендей сап ете қалды, дәлірек оның хаты жетті. Бір жапырақ хатқа ұзақ сонар өмірін баян етіпті.
– О-о-о-о құдайым!- деді Зинака хатқа көз салып жатып.
«Саламатсың ба аяулы Костя? Сен мені осынша жылдар ішінде ұмытпаған шығарсың. Егер ұмытып қалып жатсаң оныңа пәлендей өкпелемеймін. Осынша жылдар өзімнен бір дерек бермей ғайып болған өзімді ақтауға сылтауым да жоқ. Мұны тағдырдың жазғаны дейікші. Бұл мен – Наташкамын. Сенің алғашқы махаббатың, уыз жастығыңның жалқы бейнесі Наташкамын…» Осы жеріне келгенде Зинканың жүзі қара қошқылданып барып ағарды да, хатқа қайтадан көз салды.
«Сонау алпысыншы жылдардың аяғында Калинин савхозын құрып, қазақ сахарасында бірге еңбек жолын бастаған Наташкамын. Көзден ұшып, көңілден кете бастаған шақта, неге араға осынша уақыт салып хат жолдап отыр деген сұрақ туындайтын болса, айтайын, адам есейген сайын өскен жерін, мекенін сүйген адамдарын іздеп шер көкірек болады екен. Бұл шерді бір қалыпқа сыйдыру мүмкін болмады. Соңғы жылдары жиі түсіме кіріп жүрсің. Сол баяғыдай жас екенбіз деймін, бақытты екенбіз. Бірақ сол бақытымды бір қып – қызыл жалын тып -типыл етіп жайпап, жоқ қыла береді. Соңынан қоламталанған шоқтан қап- қара жалын көзден ұшып ғайып болады екен. Бір қызығы мен бұл түсті қаз-қалпында қайталап жиі көремін. Содан бері сені ойлап алаңдайтынды шығардым. Кеңестер одағы құлаған соң елге барып қайту былай тұрмақ, күн көрістің өзі қиын заман туды. Мен сол Шотабайдың көк тракторына мінгесіп, саған налып кеткенен кейін елге қайта оралмадым. Мәскеуге тура тарттым. Келген бойда жатаханаға орналастым. Өкініштісі ГИТИСКЕ үш рет тапсырып, оқуға түсе алмады. Мен өзімнің әртіс болам деген арманымнан бір жола күдер үзіп, күн көріс қамымен ет комбинатында жұмысқа тұрдым. Сол жерде Олег есімді жігіттпен танысып күйеуге тидім. Ол кезде жас едім, сүйдім деп ойладым. Алғашқы жылдары Олегтің маған деген махаббаты мен жылуы сені мүлде ұмыттырып жіберді. Менің бақыттан басым айналды. Бірақ бұл бақытым көпке ұзамады. Уақыт өте келе біздің сезімдеріміз суи бастады. Ақыры дәм, тұзымыз жараспай ажрасып кеттік. Олег басқамен көңіл қосты. Солай жылжып жылдар өте берді. Мен арасында тігіншілікпен айналысып, бай әйелдің көйлегін тігумен нәпақамды айырып жүрдім. Отызға тақағанымда соңыма бір жігіт түсіп алды. Мен Васяның анасының көйлегін тігіп берген едім, мені Вася алғаш көргеннен ұнатып қалыпты, Ғашықпын күйем, сүйем деген соң ойланбай ұсынысын қабыл алдым. Вася жақсы жігіт еді, оның бар кемшілігі көп ішетін. Ақыры Васямен де мінезіміз жараспай, ажырасып кеттік. Бірақ менің Васяға өкпем жоқ. Онымен отандасқан жылдарының бақытты сәттері аз болса да, ол маған ана болу бақытын сыйлады, мен ұлды болдым. Ұлымның есімін Константин деп өзім қойдым. Бейнесі көмескі тартса да есімі жүрегімнен өшпеген алғашқы махаббатымды солай күнде атап шақырып жүргім келді. Костя бүгінде үлкен азамат болды. Осыдан төрт жыл бұрын Анна есімді Питерлік қызға үйленді, Эвелина есімді үш жасар немерем бар. Костя Мәскеуде тұрады. Жарнамалық компаниялардың бірінде бөлім басшысы болып қызмет істейді. Костя өте сезімтал бала болып өсті. Ол менің өміріме жиі алаңдап, жалғыз қалмай тұрмыс құруымды өтінген соң, жасым елуден асқанда ригалық Эмилс Берзиниш деген мырзамен көңіл қостым. Ол өте ақсүйек, асқан мәдениетті, бақуат кісі еді. Өзінің, сувинер жасайтын шеберханасы, шағын дүкендер желісі бар болатын. Эмилс мені үлде мен бүлдеге орады. Әлемнің барлық жерін аралатты. Өмірімнің бел ортасына келгенде мен өзімді тұңғыш рет әйел ретінде бақытты сезіндім. Бірақ бұл бақытымда көпке ұзамады. Осыдан алты жыл бұрын Эмилис инфарктан қайтыс болды. Оның қазасы маған ауыр тиді. Мен өзімді жар басындағы жалғыз қалған шынардай сезіндім. Тек Балтық жағалауының ақ құмдарын кешіп, теңіздің дымқыл ауасынан бойым тоңазығанда менің Эмилс мырзаға деген сағынышым сап тиылатын. Бүгінде жалғызбын. Рига қаласында тұрамын. Эмилс мырзаның маған мұраға қалдырған дүкеніндерінің иесімін. Менде бәрі бар. Бірақ өмірдің көбі кетіп қалыпты. Адам қартайған сайын жастық шағын, бақытты болған жылдарын жиі ойлады екен. Мен сені жиі ойлайтын болдым. Костя… сен қалай қартайдың екен деп ойлаймын? Көз алдыма қанша елестетсемде сенің шау тартқан бейнеңді, әжім торлаған көкшіл көзіңді көз алдыма әкеле алмадым. Сен менің ойымда сол 25-тегі жігіт қалпыңда сақталып қалыпсың. Мен сенің баяғыша Калинин совхозында Зинкамен бақытты өмір кешіп жатқаныңа, өзінен аунымайтын ұлдарыңның барына сенгім келеді. Сен қазақтың кең сахарасын жаныңдай жақсы көруші едің, сенің әлі де сол жерден ұзамай, Шу өзініне қармақ салып отырғаныңа шүбәм жоқ.Десе де мен соған барынша сенгім келеді. Костя тірі болсаң өзіңнен бір хабар берерсің деген үміттемін. Суретімді әдейі салғам жоқ, мен бүгінде келте шашты ригалық әйелдерге қатты ұқсап кеткенмін. Наташка.»
Хатты түгел оқып шыққан соң Зинканың көңілі айран-асыр болды. Пошта жәшігінің ілінген ағаш шарбағына сүйенген қалпы біресе қисайған жаулығын түзеп, біресе алжапқышын қаққыштап әрі сәрі күй кешті.
– «Жазған-ай, Ригадан бірақ шығыпты»- деді сосын. Сол Ригаңда жүрсең жүре бермедің ба? Жасың жер ортасына келгенде қу көкірегің нені дәметіп нені аңсап жазып отырсың? Костя бұрынғы Костя емес. Оның бүгінде мыжырайған заржақ шал болғанын көрсең ғой…. Эх кәрі қарға! Зинка хатты бүктеп қалтасына салды да, бір түрлі мұңайды Ригадан хат жолдап тұрған Наташканы іштей мүсіркеді. Сосын өзі-өзінен жасыды. Сөйтті де ол хаттың көзін құртуды ойлады, әуелі пешке жағайын осы Наташка дегеннің әлегінен бір жола құтылайын деп ойлады. Қолына шымшуырын алып пештің аузын ашып жатып, тағы да зілмауыр ойға батты. Әйел емес пе іші мұздап қоя береді, бақса жаман Костясын күркілдек Костясын әлі де қызғанады екен. О қу сезім, о қу көкірек! Адамның жүрегі деген қартайсашы! Адамның жүрегіндегі сезім де әуейі көңіл болмаса мұздап қақырап, қақ айырылып қалады екен, ол әйелдік қызғанышты ұмытқалы бері Костямен күнде араз, күнде қызыл көз жау екенін ұқты. Неге жауласады, екеуіне не жетпейді? Сол монша өртенген жылы, сол қызыл жалынның ішінде құтқарушы періштесіндей болған Костяны алғаш көргенде, оның аспан түстес көздеріне мәңгілік медеу тілеп, ып-ыстық құшағына тығылып өксіп жіберген Зинка сол құшақты қай кезде суытып алды? Содан бері не өзгерді? Наташа деген қаңқу сөз, қаңғыған елес неге бұлардың қыр соңынан қалмай келеді? Неге ол мәңгілікке жоғалмайды. Неге? Пұшпағы қанамады демесең, менің Наташкадан қай жерім кем? Әлде хатты жапырақтап жырытып суға ағызып жіберейін бе Наташка ешқашан болмағандай, іздемегендей, хат жазбағандай айғақтың бәрін жойып жіберсем, мұнымды кім біліп жатыр дейсің, Наташка әуелбастан бұлдыраған елес еді, сол қалпында қала берсе бұлардың тіршілігінен не өзгереді деп ойлады Зинка. Сосын пұшайман көңіл қайта бүлінді, өзінен-өзі қызарақтап, мұным менің қай қылығым? Пейіліңді кеңге салсаңшы, Зинка, құдайым-ау 40 жылдан кейін алғашқы махаббаттан хат алу деген бақыт емес пе? О сорлы Костя, бағың мұнша бес елі ма еді? Тесік өкпеңді зорға сүйретіп жүрсең де, мыжырайған міскініңді аңсаған Наташкаң бар мына дүниеде! Сені жүрегінен өшірмей сақтап жүрген әйел бар мына жалғанда! О бақытсыз Костя. Ішің бірдеңені сезгендей соңғы жылары айға қарап ұлуың жаман еді. Сенің зарың ақыры Наташканың құлағына жетіпті. Түсіне еніпті. О-о-о-о, сорлы Костя…. Әлде хатты Костяға оқып берейін бе»- деп тағы ойлады Зинка. Күрік -күрік етіп бір мәз болып қалсында байғұс, кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда бір бақытты болсыншы олда деп ойлауы мұң екен, Зинаиданың ішіндегі ұйықтап жатқан қызғанштың қызыл қаншығы қыңсылап қоя берді, Зинканың тұла бойы мұздап өз-өзінен түтігіп, шала бүлінді. «Бұл қай сасқаным? Костяда алпыстан асқанда алжып, Наташкасын іздеп қу көңілі онсызда елегізіп жүргенде…. Мен мұны оқып берсем, ол ертең ақ шабаданын жинастырып Рига қайдасың деп тартып отырса жер ортасына келгенде кіл қазақтардың арасында сорайып жалғыз қалсам, мен байғұсты сонда кім ойлайды?» деген Зинка бір түрлі жүдеп жылағысы келіп, көңілі қоңылтақсып қызыл дәрінің ұшындай қызарған мұрнын пырс еткізіп бір тартып қойды. Осы кезде терезенің тегінде күнге кеуіп әбден қоқымданып қалған мохорка шылымының жапырақтарына көзі түсті. Хатты қайта бір оқып шыққан Зинка төрт бүктеп ортасынан дар-дар айырып жыртты да, махорка жапырақтарын үгітіп параққа орап Наташканың маржандай тізілген әріптеріне сілекейін жағып желімдеп шылым жасап жатты. Махорханы ораған сайын Зинка жүрегінің тереңіне бір сырды орап жатқандай болды. Ол сыр әлгі Наташка мен бұның арасындағы әйелдік сыр. Қаңқу өсек тәрізді. Жаңағы шарбаққа ілулі пошта жәшігінің ішінен ары ұзамайтын, ешқашан ашылмайтын мәңгілік мылқау сыр болатын.
Костя балықтан шала масайып оралды. Сол баяғы алпсыншы жылдар. Игоректің моншасы. Шерменде кеткен Наташканың жырын айтып зар иледі.
– Менің ол кезде аяулы қалыңдығым Ната-а-а-ашкам бар еді-ау, Наташкам менің, қайран Наташкам, екеуміз үйленеміз деп жүргенде сен келдің де бәрінің тас-талқанын шығардың зәнталақ! Игоректің моншасы өртеніп жатқанда туатын туша құсап, ойбай Костя, құтқара гөр мені, өліп бара жатырмын деп жеті кило метр жерден бақырған мына сен албастыны бекер- ақ құтқарғам екем, сол кезде Игоректің моншасымен қоса неге жанып кетпедің екен?! Бұлай жабысып айырылмай қалатыныңды мен бейбақ қайдан білейін сайтан алғыр!»-деп күрік күрік жөтелетіп тәлтіректеп аяғынан зорға тұрып шылым іздеп жан қалтасын сипалай бастады. Зинка әне тұр деп терезенің тегіндегі қағазға орап тізіп қойған сегіз тал мохоркасын иегімен көрсетті. Костя біреуін алып үф деп үрлеп езуіне апарып, сосын қалтасын қарманып сіріңке іздей бастады. Зинка қолындағы сірінкенің бір талын тұтатып Костяның езуіндегі шылымның басына апарып тигізді. Костя күрік- күрік жөтеліп, шылымнан ұшқан түтінді ішке қарай тартып одан қайта кеңсірігінен шығарып құшарлана искеді де қайтара зарланды.»Қайран Наташкам менің, алғашқы сүйген ғашығым мені кешіре алмай кеттің-ау қайтейін, қайтейін Зинаида Егоровна деген сиқырдың екеумізді екі айырғанын көрмедің бе?» десе, Зинка Костяның езуіне қыстырған шылымның қып- қызыл шоғынан көз алмай қарап тұрып: «Наташкаң енді сені ешқашан кешірмейді. Ол сен сияқты қаусаған етікшіні қайтсін?! Баяғыда-ақ ұмытып кеткен. Ригада тұрады екен, үшінші рет байға тиіпті», — деп Костяның жас кезіндегі баянсыз сезімін әлденеше ажуалап, жермен-жексен етіп қорлап жіберді. Сонда Костя жазған жерге сылық отыра қап, тарамыс саусақтарымен май баттасқан бес тал шашын тарақтап; — «Үшінші рет байға тиіпті дейсің бе, үшінші рет, үшінші рет….», — деп көзі жанары шарасынан шығардай үлкейіп, шеке тамыры солқылдап, езуіне қыстырған махорхасы ары- бері шайнап, соншалық аянышты аухалда, тұңғұйық ойдың тереңіне шын батып сұлық отырып қалды. Езуіндегі махорханың күлі бір қарыс болғанда селк етіп есін жиған Костя шылымның соңғы жағын тістелеп бір түкіріп, бықсыған түтіннің ашқылтым иісі тамағын тырнап, жанары жасаурап, танауы желбезектеніп, оқыстан орнынан ұшып түрегелді де, – «Ол бейбақ, ол бейбақ, менен кейін біреуді сүйді дейсің бе?! Сүймеген соң да байдан байға шығып жүргені. Дүниеде алғашқы махаббат жалғыз, ол ұмытылмайды. Қайран Наташкам менің, алғашқы сүйген ғашығым, кешіре алмай кеттің-ау екеуміздің ортамызға Зинаида деген сиқырдың түскенін көрмедің бе?!» — деп жылаңқыланып, Зинкасына алара бір қарап, қағазға оралған екінші шылымын езуіне апара жатып, «тұра тұр сен оның Ригада тұратынын қайдан білесің?»- деп кемпіріне жалт бұрылғаны сол еді. «Өгіздің өзі қартайса да тұмсығы қартаймайды, эһ қор болған есіл ғұмырым, босқа өткен өмірім, бағы жанбаған сорлы Зинка»- деп бұрқылдап дүниеге лағнет жаудырған Зинка кемпір жетім лағын жетектеп шарбақтан шығып бара жатқан еді.
Костяның ең алғашқы махаббатына деген ақ адал сезімі жүрек төрінен өшпеді. Шылымның ұшқан ақ бұйда түтін бір уақыт Наташканың жастық бейнесін сызып ауада қалықтап тұрды да ыдырай берді. Наташканың бейнесі ұмытылмайды, Наташканың елесі жоғалмайды, ол алғашқы махаббат қой. Махааааббаааат! Костяның езуіндегі шылымнан қып-қызыл шоқ жерге құлап түсті.
ПІКІР ЖАЗУ