Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желілерде белсенділік танытатын ұстаздар жайлы өз пікірін білдірді, деп жазады
ozgeris.info сайты
Ult.kz сайтына сілтеме жасап.
«Кейбір елдерде мектеп директорлары оқушылардан бес алып келуді талап етіп жатады. Бұл – әр басшының өзіндік жұмыс стилі. Мен жас болсам да, ондай тәсіл маған тән емес. Меніңше, әр лауазымды тұлғаның өз рөлі мен өзіндік ерекшелігі болуы қажет. Университет ректоры немесе мектеп директорының күнделікті шешілмеген мәселелері жеткілікті. Осындай жағдайда таңнан кешке дейін әлеуметтік желіге рилз түсіріп, би билеп, әзіл айтып жүргенін мен құптамаймын. Бұл – әркімнің жеке таңдауы, бірақ мен ондайды қолдамаймын және түсіне де алмаймын», – деді депутат.
Сонымен қатар Аймағамбетов мұғалімдердің әлеуметтік желіні танымдық, ағартушылық мақсатта қолдануына қарсы емес екенін атап өтті. Керісінше, ол бұл платформаны оқу мен білімді насихаттау құралы ретінде қарастырады.
«Мысалы, түрлі челлендждер болады. Егер олар өлең оқуға, кітап оқуға шақырса, бұл – бір бөлек. Балалардың қызығушылығын арттыруға бағытталған мазмұн болса, онда бұл құптарлық іс. Бірақ мазмұнсыз, мәнсіз, тек қана лайк немесе жазылушы жинауға бағытталған, бос уақыт өткізу мақсатындағы дүниелер мүлдем бөлек. Осы екеуінің ара-жігін ажырата білуіміз керек», – деді депутат.