Қазір көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Көршілердің әрбір сөзін құлақ түрмей-ақ тыңдай аласыз. Түнгі 11-ден кейін қонақтармен отырмақ түгілі, телефонмен ән тыңдай алмайсыз. Қыңыр тұрғындар бірден учаскелік полицейді шақырып, берекетіңізді қашырады. Бірақ тәртіп сақшыларының айыппұл салуы дұрыс па?
Ozgeris.info тілшілері анықтап көрді.
Тыныштық қай уақыт аралығында сақталуы тиіс?
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы түнгі тыныштықты бұзуға қатысты нақты жауапкершілікті белгілейді. Заң бойынша:
«Сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейінгі аралық – тыныштық режимі. Осы уақытта қатты дыбыстар шығару, музыка қою, құрылыс жұмыстарын жүргізу немесе пиротехникалық заттарды қолдану тыйым салынған әрекеттерге жатады»
Тыныштықты бұзу фактісі қалай тіркеледі?
Көп жағдайда тұрғындар полицияға шағым түсіріп, құқық бұзушылық фактісі бойынша шара қолдануды талап етеді. Учаскелік инспектор келіп, ереже бұзған адамға ескерту жасайды немесе хаттама толтырады. Егер әрекет қайталанса, айыппұл салынады.
«Тыныштықты бұзуға баланың даусы, сөйлеу, жүгіру, қонақтың дауысы жатпайды. Бұл негізінен құрылыс жұмыстары, арнай аппараттардың дауысына қатысты. Оның өзі шұғыл жағдайда, мәселен үйіңізден су кетіп жатса видео дәлел ретінде көрсетуге болады. Ол кезде сізге айыппұл салынбайды. Ал егер қонақтар келіп өлең айтса да дицебеллді ешкім өлшей алмайды. Өйткені құрылғы төтенше жағдайлар депортаментіне тиесілі. Ал егер мен естідім, ол маған маза бермеді деген тыныштықты бұзуға жатпайды. Ал көбіне, үйдің ішінде жүргені, қонақтардың күлгені үшін көршілері айыппұл салдырып жібереді. Ол заңсыз әрекет. Өйткені заңда нақты көрсетілмегеннен кейін баптып нормаларына сәйкес келмейді», - дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Айыппұл мөлшері қандай?
ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес:
- Бірінші рет бұзғандар – ескерту алады немесе 5 айлық есептік көрсеткішке дейін (АЕК) айыппұл салынады.
- Қайталанған жағдайда – айыппұл көлемі артып, 10 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.
- Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін айыппұл бұдан да жоғары болады.
2025 жылғы жағдай бойынша 1 АЕК – 3675 теңге, яғни айыппұл көлемі 18 375 теңгеден басталады.
Жергілікті ерекшеліктер де бар!
Кейбір өңірлерде тыныштыққа қатысты қосымша шектеулер енгізілген. Мысалы, құрылыс нысандарында кешкі сағат 20:00-ден кейін жұмыс істеуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл нормалар жергілікті әкімдіктердің қаулысымен бекітіледі.