Қоғам

«Менде телефон жоқ»: Емтиханнан ең жоғары балл алған түлек бәрін таңғалдырды

«Менде телефон жоқ»: Емтиханнан ең жоғары балл алған түлек бәрін таңғалдырды

Сан мың түлектің ішінен суырылып шыққан бір бойжеткен ел назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

2025 жылдың 27 сәуірінде өткен жалпы орта білім беру деңгейіндегі бітіру емтиханында ең жоғары балл жинаған — Әзірбайжанның Гах ауданында тұратын Гызйетер Бабаева есімді оқушы.

Baku TV арнасына берген шағын сұхбатында ол ешқандай ерекше әдіс қолданбағанын, тек білімге адалдық пен зейіннің арқасында бұл жетістікке жеткенін айтты. Бірақ көпшілікті таңғалдырған бір жайт — Гызйетерде мүлде ұялы телефон жоқ екен.

«Менде телефон болмағаны — үлкен артықшылық деп санаймын. Себебі ол адамды үнемі алаңдатады, ойын бөледі. Мен уақытымды тек оқуға арнадым», – дейді жас түлек.

Болашақта ол ақ халатты абзал жан — дәрігер болуды армандайды. Бұл шешімді де ол көп ойланбай қабылдағанын айтады. «Адамдарға пайдаң тисе, өмірің зая кетпейді», – дейді ол шынайы сеніммен.

Гызйетердің бұл табандылығы мен қарапайым өмір салты қазірдің өзінде үлгі ретінде айтылып жатыр. Көпшілік оның ұялы телефоннан бас тарту арқылы жетістікке жеткенін айтып, бүгінгі жастарға ой салатын оқиға ретінде бағалауда.

Барлық жаңалық