Тоқаевтың билікке келгеніне 6 жыл. Сарапшылар ел басшысының жұмысына қандай баға береді?

Фото: rbc.ru

Қасым-Жомарт Тоқаев билікке 2019 жылдың 20 наурызында келді. Ол сол кезде Қазақстан президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуіне байланысты уақытша президент қызметіне кіріскен еді. Кейін, 2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жетіп, ресми түрде мемлекет басшысы атанды.

2022 жылдың 20 қарашасында өткен кезектен тыс президенттік сайлауда қайта сайланып, жеті жылдық жаңа мерзімге ел басшысы болды.

2019 жылғы наурызда билікті қолына алған сәттен бастап Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси жаңғыруы, экономикалық дамуы және әлеуметтік саланы нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды реформалар мен бастамаларды жүзеге асырды. Оның қызметі ішкі және сыртқы саясатты, экономиканы, әлеуметтік мәселелер мен экологияны қамтитын кең ауқымды бағыттарды қамтиды.

Президенттіктің алғашқы айларында Тоқаев әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды қолдау қажеттігіне ерекше назар аударды. 2019 жылғы маусымда ол “Қазақстан Республикасы азаматтарының борыштық жүктемесін азайту жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Яғни көпбалалы отбасылар, мүгедектер және атаулы әлеуметтік көмек алушылар біржолғы несиелері кешірілді.

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер де халық үшін маңызды болды. 2021 жылдан бастап қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу немесе емделуге пайдалана алатын болды. Бұл бастама халықтың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай ықпал етті. 2021-2024 жылдар аралығында қазақстандықтар тарапынан 1,9 миллион өтініш түскен. Жалпы сомасы шамамен 3,8 триллион теңгені құрады.

2022 жылғы қаңтар оқиғасы орын алды. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы оқиғадан кейін көптеген саяси өзгерістер орын ала бастады.

«Қаңтар оқиғасы мемлекетіміздің саясаты бұрынғыдай болмайтынын көрсетті. Қоғамды дүр сілкіндірген бұл оқиға жаңа бетбұрыс жасауға тура әкелді. Кімнің кім екенін көрсетіп берген кез болды. Сол кезде елдікті сақтап қалу, биліктің жүйесін сақтап қалу өте қиын болды. Дәл осы сәтте билікті ұстап қалып жаңа саяси реформаларды жүзеге асыру басталып кетті», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Қанды оқиғадан кейін Тоқаев олигархиямен күресу және заңсыз шығарылған активтерді қайтару қажеттігін мәлімдеді. Осы мақсатта елден шыққан қаражатты қайтару мақсатында арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды.

«Бұрынғы жүйеге бұндай комиссия керек емес еді. Қаншама миллиардтар заңсыз шығып кеткенін білеміз. Екі жыл ішінде 1,7 трлн теңге қайтарылды. Активтерді қайтару өте қиын жұмыс, ол үшін біз көптеген мемлекеттермен экономикалық қылмысқа қарсы бірлесе күресуге келісімдер жасауымыз керек. Олар ратификациялануы керек. Еуропа және басқа да елдер өз еліне кірген ақшаны қайтаруға мүдделі емес. Осындай жағдайда мемлекет басшысының дипломатиясы үлкен септігін тигізіп жатыр», — деді Жарқынбек Амантайұлы.

Сол жылы «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз иемденілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. 2022 жылдың соңына қарай 3 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған.

2024 жылы Қызылорда облысында 207 мың 85 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 103,5% орындалды. Сол жылы Шымкент қаласында 603 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне өтті.

Жалпы, 2023 жылдың соңына дейін республика бойынша 10,3 миллион гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 3 миллион гектары тұрғындарға бөлініп берілген.

2024 жылы «Жер аманаты» комиссиясы 3000-ға жуық үлескердің құқығын қорғауға атсалысты.

Саяси салада Тоқаев парламенттің рөлін күшейтуге және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған реформаларды қолға алды. 2022 жылы ол аралас сайлау жүйесіне көшуді, саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдетуді және бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ұсынды. Бұл шаралар саяси жүйені демократияландыруға және азаматтардың елді басқару ісіне кеңірек қатысуын қамтамасыз етуге бағытталды.

«Маңызды шаралардың бірі президенттік билік туралы заңның өзгеруі.  Алдағы уақытта президент бір рет жеті жылға сайлану мүмкіндігі. Меніңше бұл ұзақ перспективада саяси дамуымызға оң әсер етеді. Яғни президент институтының бір орынды болуын, азаматтардың қайта-қайта сайлануын болдырмайтын негізгі стартегиялық қадам», — деп пікір білдірді саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев.

2023 жылғы парламент сайлауында алғаш рет бірмандаттық округтер арқылы тәуелсіз кандидаттар сайлауға түсу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, партияларды тіркеу талаптары жеңілдетілді. Бұрын саяси партия құру үшін 20 мың адамнан тұратын мүшелік талап етілсе, бұл сан 5 мыңға дейін азайтылды. Бұл өзгеріс саяси бәсекелестікті арттыруға және жаңа партиялардың құрылуын ынталандыруға бағытталды.  Оның ішінде «Күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» деген қағидаға тоқталып өткен жөн дейді халық қалаулысы.

«Бұл қоғам жүйесіне тиімді модель деген ұстаным. Басында түрлі сын-пікірлер болғанымен, қазір парламенттің рөлі артты. Мысалы сәрсенбі күні өткен пленарлық отырыста үкімет халықтың талабы мен шағымдары қалай жүзеге асып жатқаны жайлы есеп берді. Бұндай отырыстар бұрын соңды болмаған. Ел ішінде жүрген азаматтар ел басқаруға араласуы да бұрын болмаған. Менің қарапайым адам екенімді білесіздер, дәл осы реформаның арқасында ел басқару ісіне келдім», — дейді ол.

Сондай-ақ 2022 жылы Конституциялық сот құру және өлім жазасын түпкілікті жою ұсынылды. Референдум қорытындысы бойынша бұл өзгерістер халықтың көпшілігі тарапынан қолдау тапты.

«Халықтың сұранысы бойынша сот жүйесіне де реформа жасалып жатыр. Кезең-кезеңмен әкімшілік сотта да өзгерістер орын алып отыр. Бұл да депутаттардың қолдауымен жүзеге асқан дүние», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.

2022 жылы әкімшілік-аумақтық реформалар аясында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылып, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілді. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқаруды оңтайландыруға, өңірлердің дамуын ынталандыруға және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталды, бұл ресурстар мен мүмкіндіктерді ел бойынша тең бөлуді қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы ірі саяси өзгерістерді заңмен жүзеге асырды. Соның бір көрсеткіші «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Бұл бастама бойынша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылатын болды.

2024 жылы 6 919 131 баланың әрқайсысына 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылды. Бұл жалпы сомасы 695,5 миллион долларды құрады. 2025 жылы әр балаға 129,38 доллардан аударылып, жалпы сома 888,8 миллион долларға жетті.

«Мемлекеттік қазынасына әр шаңырақтың баласы үміткер болуы бұрын болмаған дүние. Дивидент алу бұрын ешкімнің түсіне кірмейтін. Әрине дәл қазіргі сәтте ұлттық қордың тапшылығынан дивидент мөлшері аз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен заман бір орында тұрмайды. Бұл қиын кезеңді өткерген соң, бұл ақшаның сомасы да өседі. Сол кезде әр қазақстандық оны сезінетін болады. Мысалы менің әр баламның шотында 229 доллар барын сезіну мемлекеттің тарапынан жасалған үлкен қолдау деп есептеймін», — дейді халық қалаулысы.

Сыртқы саясатта Тоқаев көпвекторлы бағытты жалғастырып, Ресей, Қытай және АҚШ сияқты ірі державалармен теңгерімді қарым-қатынасты сақтауға тырысты. Ол Қазақстанның бейтараптығын, егемендігін және халықаралық құқыққа адалдығын баса айтып, БҰҰ, ШЫҰ және ЕАЭО сияқты ұйымдардың жұмысына белсенді қатысты. 2022 жылдан бастап Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатының тәуелсіздігін күшейтіп, оны экономикалық дипломатияға, қауіпсіздікке және аймақтық тұрақтылықты сақтауға бағыттады.

«Әлемде турбулентті кезең болып жатыр. Осы сәтте Тоқаев дипломатияның арқасында көптеген маңызды келісімдерге қол жеткізе білді. Бұл мақтау үшін айтылып жатқан дүние емес. Көзімізбен көргендіктен айтып отырмын. Қазақстан Орта Азиядағы көшбасшы мемлекет. Қытай және Ресей сынды алпауыт мемлекеттермен көрші болғандықтан, ел басшысының көпветорлы саясаты өте маңызды рөл атқарып отыр», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.

«Бізге байланысты емес, біздің территориямыздан тыс геосаяси өзгерістер Қазақстанның ішкі саясатына да ықпал етті. Дегенмен Назарбаевтың кезінен қаланған көпвекторлы саясат әлі де жалғасын тауып келеді. Осындай кейбір бағыттар 30 жылдан бері жалғасын тауып, тиімді жұмыс жасап жатыр. Ал ішкі саясатта еліміз біршама өзгерістерді бастан кешірді», — дейді саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев.

2022 жылғы қазанда Астанада өткен ТМД саммитінде Тоқаев ТМД елдері арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту үшін Халықаралық орыс тілі ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама орыс тілін аймақтық ынтымақтастық пен мәдениетаралық диалог құралы ретінде қолдауға бағытталған. Сонымен бірге ол ұлттық тіл саясатын алмастырмайтыны және ТМД-дан тыс елдерді де қамтуы мүмкін екені атап өтілді.

«Реформалардың нәтижесі заңмен көрсетіледі. Елде қабылданып, жүзеге асып жатқан заңдардың нәтижесі бірден білінбейді. Уақыт өте келе халық оны сезеді. Осындай өзгерістер қазіргі заман талабына сай бетбұрыс екенін атап өткен жөн. Билік жүйесінде жастардың саны артуы, және олардың таныс-тамырсыз өз білімінің арқасында келуі жақсы көрсеткіш», — дейді мәжілісмен Жарқынбек Амантай.

Әлеуметтік саясат саласында Тоқаев жалақыны көтеру және зейнетақы жүйесін реформалау шараларын қолға алды. 2022 жылы ең төменгі жалақы 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтерілді. Аталмыш өзгеріс  1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етті. Сонымен қатар мұғалімдердің, әлеуметтік сала қызметкерлерінің және медицина қызметкерлерінің жалақысы артты.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдауды да күшейтті. Ол 2022 жылы “мемлекет кәсіпкерлікке орынсыз араласпауы керек” деп мәлімдеп, мемлекеттік органдардың бизнеске қысым жасауына жол бермеу үшін жаңа заңдар қабылдады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру, монополиямен күресу және бәсекелестік орта қалыптастыру шаралары қолға алынды.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, алты жыл аралығындағы негізгі экономикалық парадигма – мемлекеттік капитализмнен кету. Яғни мемлекет экономиканың барлық секторларына араласуы ақырындап қысқарып жатыр.

«Екінші президенттің бұл саясатына оң баға беремін. Себебі бұл нағыз нарықтық экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өткен жылы қабылданған экономиканы либерализациялау туралы қаулы біз үшін көптеген өзгерістер жасауға мүмкіндік беріп отыр. Кезінде ұлттық қордың ақшасын көп жаратып, ел бюджетін дефицитке әкелгенімізді мойындап отырмыз. Енді сол тапшылықты жоюды қолға алдық. Бізде шығыстар көп, оған кірістерді тірестіру жұмыстары жүріп жатыр. Салық реформасын қатаңдату сынды жұмыстар жүріп жатыр. Әрине, бизнес өкілдері мен халық наразылықпен қабылдайтын ауыр шешімдер. Көптеген басшылар ауыр шешімдерді қабылдағысы келмейді. Тек халыққа ұнайтын шешімдермен жүре берсек түбі мемлекет банкротқа ұшырайды. Осындай жауапкершілікті мойнына алған адам өз беделін құрбандыққа шалады. Сондықтан халыққа ұнамайтын шешімдерді қабылдап жатсақ, оның артында құрбандық тұр деп қабылдаған дұрыс. Демек біз жауапкершіліктен қашпайтын деңгейге өстік. Бұл жақсы көрсеткіш», — деді экономист.

Тоқаевтың билікке келгенін екі кезеңге бөліп қараған дұрыс дейді саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев. Қаңтар оқиғасына дейін Тоқаевтың билігі бұрынғы Президенттің жолымен жалғасты. Бірақ негізгі саяси өзгерістер сол оқиғадан кейін басталды.

«Негізгі шараның бірі деп референдумды атап өткім келеді. Себебі біз тәжірибемізде екі референдум өткіздік. Алғашқысы конституциялық. 33 пайыз өзгеріс орын алды. Кейінгісі АЭС салу бойынша. Осылайша біз алғашқы алты жылдыққа қорытынды жасасақ болады», — дейді сарапшы Нұрболат Нышанбаев.

Экологиялық саясат та Тоқаевтың басым бағыттарының бірі болды. Жаңа Экологиялық кодекс және “Жануарларды қорғау туралы” заң қабылданып, экологиялық жағдайды жақсарту және жануарларға гумандық көзқарасты қамтамасыз етуге бағытталды. Бұған қоса, бес жыл ішінде екі миллиардтан астам ағаш отырғызу бағдарламасы іске қосылды, бұл Қазақстанның ғаламдық экологиялық бастамаларға деген бейімділігін көрсетті.

2023 жылғы қыркүйекте Тоқаев Қазақстанның өркениетаралық диалогты нығайтуға бағытталған жаһандық бейбітшілік қозғалысына қосылуы қажеттігін атап өтті. Ол діни көшбасшылардың жаһандық тұрақтылықты нығайту, қақтығыстарды шешу және экстремизмге қарсы күрес мәселелеріндегі рөлін ерекше атап, жаһандық дағдарыстарды шешу үшін дипломатияны қолдануға шақырды және қарулану жарысы мен геосаяси шиеленістің күшею қаупі туралы ескертті.

Қазақстанның негізгі табыс көзі болып табылатын мұнай-газ және тау-кен секторында реформалар жүргізілді. Келісімшарттардың ашықтығы күшейтіліп, шикізат өндірумен айналысатын шетелдік және отандық компаниялардың салықтық есеп беру талаптары қатайтылды. 2023 жылы Тоқаев пайдалы қазбаларды өндіретін компаниялардан қосымша табыс салығын алу туралы бастама көтерді.

Бұл ретте Жарқынбек Амантайұлы тағы бір оң бастаманың қолға алынғанын жеткізді.

«Бұл өзгеріс мұнай-газ өнімдері саласында орын алады.  Енді қазақ даласында анықталған кен орындары және ол жерге инвестиция құйып зауыттар салып жатсақ, бізде көмірсутегіні өндіретін болса, кемі 51 пайызы мемлекеттің меншігінде болады. Өздеріңіз білесіздер, осы күнге дейін мұнай-газ өндірісіндегі ел үлесі ары барса 20 пайыздан аспады. Біз 30 жыл бойы өркениетті ел құруға, қалалар салуға, халықтың жағдайын жасауға тырыстық. Ендігі кезекті осындай жаңашылдықтар қолға алынады», — деп түйіндеді Жарқынбек Амантайұлы.

Қорытындылай келе, Қазақстанның сауда-экономикалық байланыстарының кеңеюі ел экономикасына оң әсерін тигізеді. Қытаймен визасыз режимнің іске қосылуы іскерлік және туристік байланыстарды нығайтып, инвестиция мен сауда айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Еуропаға бағытталған жаңа көлік дәліздерінің ашылуы еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтіп, логистика мен экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Бұл факторлар Қазақстан экономикасының серпінді дамуына ықпал етіп, халықаралық аренадағы орнын нығайтады дейді сарапшылар.


Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
97-летний кардиолог: Если давление выше 130\90, выпейте 2 ложки…
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Этот танец невесты оставит вас без слов! Пересмотрела 10 раз!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Пьяные что ли? Пугачева с мужем шокировали своим развратом