Соңғы он жылда Қазақстан мұнай өндіруші ел ретіндегі өз позицияларын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар, заңнамаларды, экологиялық нормаларды халықаралық талаптарға сай жетілдірді. 1991 жылдан бері Қазақстанның экологиялық заңнамасы отыздан астам рет қайта қаралып, жаңғыртылды. Ал, еліміз қоршаған ортаны қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауды өз міндетіне алды.
Бүгінгі таңда еліміздегі ірі мұнай компанияларымен жасалған халықаралық келісім-шарттар мемлекет тарапынан 30 жыл бойы мүлтіксіз орындалуда. Еліміз 2019 жылғы 8 ақпанда ратификацияланған Каспий теңізініңқоршаған ортасын және оның экожүйелерін мұнай өндіруден туындаған ластанудан қорғау жөніндегі нормалар белгіленген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция талаптарын сақтауға міндетті.
Дегенмен, «Теңізшевройл» компаниясы көптеген жылдар бойы өзінің экологиялық айыппұлдарын төлегенімен, бұл шығындарды мемлекетке төленетін табыстан қысқартып отырады. Яғни, мемлекет пен мұнай компаниясы арасындағы жасалған келісімшарт негізінде, «Теңгізшевройл» айыпұлдарын мемлекеттік бюджетке түсетін өз роялти баж салығынан әлі күнге дейін ұстап қалуда.
Мысалы, экологиялық құқық бұзушылыққа жол берген «Теңізшевройл» компаниясы шынайы қаржылық шығындарға ұшырамайды, себебі айыппұлдарды төлеп, содан кейін бұл сомаларды өз роялтиінен шегеріп келеді.
"Аталған жүйелі мәселе – еліміздің қазынасын тағы бір қомақты қаржыдан қағылуына нақты себеп. Соның салдарынан ел бюджетіне іс жүзінде қаражат аз түседі, ал жазалау тетігінің өзі тежеу функциясын жоғалтады. Бұл тәжірибе жауапкершіліктің бұлтартпас принципіне күмән келтіріп қана қоймай, экологиялық жағдайдың одан әрі нашарлау қаупін тудырады. Сондай-ақ, трансұлттық компаниялармен келісімдерімізге сәйкес, қоршаған ортаға келтірілген экологиялық залал үшін айыппұлдар немесе өтемақы төлемдері міндетті түрде төленуі тиіс. Алайда жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық айыппұлдар сомасын өз роялтиінен ұстап қалу практикасы экология саласындағы халықаралық талаптарды өрескел бұзып отыр", - деген мәтінмен депутаттар тарапынан Үкімет басшысына сауал жолданды.
Жоғарыда көтерілген мәселелерге байланысты, мәжіліс депутаттары Үкімет басшысынан шұғыл шараларды қабылдауын талап етті. "Amanat" партиясының мүшелері «Теңізшевройл» компаниясының экологиялық айыппұлдар сомасын өз роялтиінен ұстап қалу фактілеріне егжей-тегжейлі тексеру жүргізіп, келтірілген зиянның ауқымын бағалауды талап етті. Сондай-ақ ТШО, КПО және NCOC компанияларының қызмет еткен барлық жылдары үшін салынған экологиялық айыппұлдарды қаржылай негізде өтеуді міндеттеуді қарастыруды және экологиялық заңнама мен халықаралық нормаларды бұзғаны үшін аталған компаниялардың ісіне құқықтық баға беруді тапсырды.
"Біз расында да экологиялық тұрақты дамуды мақсат етсек, мұндай заң бұзушылықтардың қатаң түрде жолын кесуіміз керек", - деп түйіндеді халық қалаулылары.
32 жылда «Теңізшевройл» компаниясының жергілікті тауарларды сатып алу үлесі 7%-дан аспаған
«Теңізшевройл» (ТШО) ЖШС бас директоры Кевин Лайон 2024 жылдың қорытындысы бойынша компанияның тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алу көлемі тек Атырау облысын ғана емес, еліміздің басқа аймақтарын да қамтып, 2,9 млрд АҚШ долларын құрағанын айтты. Энергетика министрлігі қазақстандық компаниялардың барынша қатысуын қамтамасыз ету мақсатымен ТШО-ның техникалық қызмет көрсету келісімшарттары бойынша тендерін бақылауға алады. Отандық тауар өндірушілермен жасалған меморандумдарды нақты сатып алу келісімшарттарына айналдыру мәселесі де өзекті. Бүгінгі таңда тоғыз кәсіпорынның екеуі ғана өнім өндіруге сынақ ретінде тапсырыс беруді жоспарлап отыр. Өз кезегінде «KazService» Мұнай кәсіпшілігі сервистік компаниялары одағының бас директоры Айдос Қолдасов 2024 жылы «Теңізшевройл» компаниясымен бірлесіп, жергілікті қамтуды дамытуға және отандық компаниялармен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған екі негізгі іс-шара өткізілгенін хабарлады. Нәтижесінде бес жергілікті кәсіпорын ТШО-мен келісімшартқа отырып, тағы үшеуі сынақтан өткізуге ұсынылған. Одақ отандық құндылықты дамытуға белсене қатысуды жалғастыра береді және оны ірі операторлармен бірлесіп ұлғайту бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар нақтылау сұрақтарын қойды. Мысалы, тендерлік процедуралардың жабық болуы, қазақстандық компаниялардың алдын ала біліктілік талаптарға ілінбеуі, ТШО компаниясына жастардың келуіне және олардың өсуіне жасалып жатқан мүмкіндіктер, қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің еңбекақысындағы айырмашылық, компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мен кепілдіктері, өңірді дамытуға бағытталған шаралар, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау жұмыстарына қатысты мәселелер көтерілді. Жиын соңында комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин «Теңіз» жобасында елішілік үлесті арттыруда бірқатар мәселе анықталғанын атап өтті."32 жылдан бері жергілікті тауарларды сатып алу әлі күнге дейін 7 пайыздан аспай отыр. Сондықтан компания 2029 жылға дейін жергілікті тауар сатып алуды 20 пайызға емес, энергетика министрлігі ұсынғандай 30 пайызға жеткізу керек. Жалпы бұл компания болашақта тұрақтандырылған келісімшартты аяқталғанға дейін жергілікті тауар сатып алуды 70 пайызға жеткізуі қажет. Бұл – Үкіметке келісімді ұзартудың негізгі шарттарының бірі. Ол үшін ТШО өзінің басшыларына қазақстандық өнімдерді алу жөнінде KPI қою тәртібін енгізуге тиіс. Мұндай оң тәжірибе «Қарашығанақ» жобасында қолға алынған", – деді Е.Жаңбыршин.Сонымен қатар тендерлерге қойылатын талаптарды қайта қарау және олардың ашықтығын қамтамасыз ету, жергілікті фермерлерден өнім сатып алуды жолға қою, қазақстандық өндірушілердің ТШО тендерлеріне қатысуына жағдай жасау, оларды тендерлік рәсімге тарту және басқа да ұсыныстар енгізілді.
Қанымызды кімдер қалай сорып жатқанын білуге қақымыз бар ма, жоқ па?
2025 жылы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев ел экономикасы артуы үшін үкімет атқаруы тиіс негізгі міндеттерді айқындап берді. Президент қазіргі халықтың жағдайы мен үкіметтің мән-жайын бір ауыз сөзбен айқындайтын анықтама айтты.
“Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз”, - деді.
Мемлекет басшысы айтқан осы айқын формулаға салып, халық тұрмысына қарап, үкіметке баға бере беруге болады.
Президент Үкіметті сынап отырып, жетістіктерін де атап өтті. Инвестиция тартудың нәтижелі жұмысы арқасында өңдеу өнеркәсібінің 6% өсімі; цифрландыруда әлемдегі 193 мемлекеттің арасында 24 орынды иелену, онлайн қызмет бойынша алғашқы ондыққа кіру жетістіктерін бағалады; ауыл шаруашылығындағы 2024 жылғы рекордтық өнім және тұрақты өсуге назар аударды.
Үкімет атқаратын міндеттерді санамалап, дайындап берген Президенттің бағдарламалық сөзінде бағалы бастамалар аз емес. Біздің көзімізге оттай басылғаны - шетелдіктермен стратегиялық кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу келісімдерін (ӨБК) «елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін жандандыру қажет” деген еліміз үшін өте маңызды тұжырымы.
“…Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет.”
Иә, бұл халық қазынасын әділ бөлудегі айқын қадам.
Осыдан отыз жылдай бұрын, Тәуелсіздікті енді алып, етек-жеңімізді жауып, есімізді жиып ала алмай жатып, мұнай-газ секілді стратегиялық кен орындарын игеру туралы шетелдік ірі инвесторлармен жасалған Өнімді Бөлу Келісімі (ӨБК) туралы келісім-шарттарда Қазақ Елінің мүддесі толық қорғалды деп айта алмаймыз. Оған еліміздегі алып мұнай мұхитынан халыққа тамшы ғана тиіп отырғаны дәлел.
Өйткені, «Ақ жол» фракциясы бұл еліміз үшін өте қажет, экономикалық маңызы зор мәселе – кезінде әділетсіз жасалған кен орындары өнімін бөлу келісімдерін (ӨБК) заңсыз деп тауып, қайта қарауды парламентте талай көтерген. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастап Үкіметке құпия келісім шарттарын жариялауды талап етіп, 4 рет депутаттық сауал жасаған. Үкімет төртеуінде де бас тартты.
Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) деген не?
Ол – қашанда елдің емес, тек инвестордың мүддесі мен пайдасын ғана қорғайды. Дамыған елдерде мұндай өнімді бөлу туралы келісім жасалмайды. Мұндай келісімдерді үшінші әлем елдері ғана жасайды. Мемлекет болмашы ғана аз табыс тиеді.
Ал мемлекет инвестордың бүкіл шығынын өтейтіндіктен, инвесторға еш қауіп жоқ. Яғни, мұндай келісімдер тек шетелдік компанияларға ғана пайдалы.
Мысалы, БАҚ мәліметінше, мемлекетке Қашағандағы мұнай мұхитынан тиетіні тамшыдай ғана - 2 пайыз?!
Ал Қашаған Қазақстанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 20 пайызын береді. Осы орасан мұнай кенішінен бізге түсетін пайда жоқтың қасы болса, бұл жерде ешқандай да инвестордың елге тигізер игілігі жоқ.
Мысалы, 2023 жылы 8 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Ә.Смайыловқа жолдаған еліміздегі стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды қайта қарау туралы “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауалында бұл мәселе ашық көтеріліп, нақты ұсыныстар жасалды:
1.Шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу Келісімдерін (ӨБК) ашық жариялау керек.
2.Стратегиялық кен орындарындағы еліміз үлесі 51%-дан аз болмауын заңмен бекіту керек. (Бұл үлес кейін 2024 жылы заңымызда 50 пайыз болып бекітілді).
3.Кен орындары жайлы Келісім-шарттар халқымызға қатысты әділетсіз болған жағдайда, Өнімді бөлу Келісімдерін заңсыз деп тану керек. Өйткені, Конституцияның 6-бабы 3-тармағына сәйкес «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі».
Біз осы жер қойнауларының иесі ретіндегі халқымызға қатысты әділетсіз шарттар болған жағдайда, ол ӨБК-лардың өзін заңсыз деп санаймыз. Ал, ол үшін қоғам ӨБК шарттарын өздері білуі керек. Сондықтан, біз оларды жариялауды талап етеміз.
4.Конституцияға сәйкес, Қазақстанда халықаралық шарттар парламент оларды ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады. Ал Өнімді Бөлісу Келісімі Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған, сондықтан олар біздің заңдарымыз бен Конституциямызға бағынуы тиіс.
Қара алтынымыз, мұнайымыз – экономикалық қан тамырымыз
Мұнай-газ, кен орындарымен келісім шетелдік инвесторлармен сол кездегі президент Назарбаев үшін зор келісім болған шығар, ал халыққа қор келісім болды» деп, ел аузында жүрген сөзді парламентте сол кезде айтқан болатын.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы 2023 жылы Парламент Мәжілісінде “Жер қойнауы туралы” Кодексті талқылау кезінде қаралып жатқан заң жобасына оншақты түзетулерін жолдады.
"Өкінішке орай, үкімет біздің бір ғана ұсынысымыздан өзге көп ұсыныстарымызды қабылдамады. Ұсыныстарымызға қарсылық танытып отырғандардың бірінші уәжі – «ӨБК-ны Кодекстен алып тастаған-мыс, сондықтан, бұл мәселені енді қозғаудың қажеті жоқ», - деді мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Ия, Кодекске сай жаңа ӨБК болмайды. Алайда, ескі ӨБК-нің күшін ешкім жойған жоқ, олар 2033 және 2041 жылдарға дейін қолданыста болады.
Сондықтан, оларды Қазақстан халқының пайдасы үшін жариялап, қайта қарау туралы ұсыныс әлі 20 жылдай өзекті болмақ.
"Осыған орай, біз қолданыстағы ӨБК-ларға қатысты түзетулер енгізуді талап ете береміз", - деп қосты ол.
Қазақстанда Әлемдік Банк зерттеуінше, сирек асыл қазыналар жатқан 5 мың кеніштің құны 46 триллион доллардан асады. Миллион емес, миллиард емес - тіліміз келмейтін триллион. Күнде құлдырап бара жатқан құны арзан теңге емес, алпауыт АҚШ-тың қымбат долларымен есептегенде 46 триллион.
"Халық байлығын халыққа қайтару қажет. Құдай берген бүкіл елдің байлығын жеке дара иеленетіндей ол ешкімнің ата-бабасынан қалған мұра емес. Халықтың келісімінсіз жасалған шарттарды Келісім деп атауға бола ма? Халық байлығын халықтан жасырған келісімдерді Заңсыз деп танимыз", - деп жазды Қазыбек Иса.
«Ақ жол» фракциясының сұрауларына қарамастан, Үкімет ӨБК шеңберінде жұмыс істейтін ірі мұнай-газ кен орындарынан Қазақстанның кірісі туралы деректерді жариялауға келісім бермеді.
Ал, БАҚ-тағы бейресми деректерге қарасақ, өнімді бөлу келісімдерінің әділетсіз, жемқорлық астары болуы мүмкін және қайта қаралуы қажет.
"Халық қазынасын заңсыз иелену арқылы байлыққа батып отырғандар халық байлығын халыққа қайтарсын. Біздің бұл талабымыз тегін болмағанының дәлеліндей, кейін қазақ үкіметі шетелдік алпауыт инвесторлардан клісім-шарттар талабы бұзылуына байланысты деген айыппен 150 миллиард доллар айыпақы талап етті", - деп толықтырды мәжілісмен.
Бірақ бұның ақыры не болғаны белгісіз?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы жазда да, шетелдіктермен стратегиялық кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу келісімдері (ӨБК) 30 жыл бұрын басқа жағдайда жасалғанын, қазір оларға түзету енгізу керектігін айтқан болатын.
Енді міне, Үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы да «Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет”, -деп атап айтты.
"Ендеше, не тұрыс? Іске кірісу керек үкімет. Біз бұны парламенттегі өте маңызды мәселе туралы халық талабын жеткізген депутаттық сауалдарымыздың іске аса бастауы деп біліп, қуана қолдаймыз", - деді депутат.
Үкіметте өткен Президент тапсырмаларын іске асыруға байланысты жиында Премьер-Министр О.Бектенов «Батыл шешімдер қабылдайтын кез келді!» деп мәлімдеді. Иә, Үкіметтің қимылдайтын кезі баяғыда келген.
"Енді Премьерден бастап, министрлер мен әкімдер ойындарын доғарып, іске батыл кірісуі тиіс. Балапанды күзде санаймыз. Еститін мемлекет дегеніміз осы болар…", - деп ойын аяқтады Қазыбек Иса.
Жоғарыда сарапталған ақпаратты қорытындылай келе, 2025 жылдың 28 қаңтарында өткен үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке артқан міндетін қайта айтып өткенді жөн көрдік. Мемлекет басшысы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындары бойынша шетелдік инвесторлармен келісімшарттарды ұзарту туралы келіссөздерді жандандыруды тапсырды. Ол «ірі инвестициялар ұзақ мерзімді жоспарлауды қажет етеді» деп атап өтті және бұл келісімдерді Қазақстан үшін неғұрлым тиімді жаңа шарттармен қайта қарау жолдарын қарастыруды жүктеді.
Бұл шетелдік инвесторлардың елден кетуі мүмкін дегенді білдіреді ме? Әлде билік халықтың байлығын ақыры өз бақылауына алуды жөн көрді ме? Не болса да, өзгерістерді алдағы келліссөздер барысында білетін боламыз.