- пара беру бойынша - 348 адам;
- пара алу бабы бойынша - 260 адам;
- лауазымын асыра пайдалану - 52;
- делдал болғандар - 30.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең күрделі мәселелердің бірі. Оны жою үшін тек пара алушыларды ғана емес, пара ұсынушыларды да жазалау маңызды. Қазақстанда пара ұсыну мен уәде беруге жауапкершілік енгізу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаңдату көзделуде.
Қазіргі заңға сәйкес, егер біреу пара беруге уәде берсе немесе ұсынса, бірақ нақты ақша берілмесе, ол жауапкершілікке тартылмайды. Алайда халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жай осындай мүмкіндіктің бары сөз болса, жаза қолданылуы тиіс.
«Бұл біздің халықаралық міндетіміз. ТМД елдерінде пара берудің өзін қылмыстық әрекет ретінде қарастыру нормасы бар. Егер шындығын айтатын болсақ, пара беру дәлелденуі қиын қылмыс. Әркім ұстала бермейді, барлық іс сотқа жетпейді. Сондықтан пара ұсыну, уәде беру және талап ету ұғымдары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет халықаралық тәжірибені белсенді зерттей бастады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 38 елінің барлығында пара ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Антикор бұл норма сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендететініне сенеді. Тіпті мұндай істер сирек анықталса да. Сонымен қатар аталмыш норманың заңда болуының өзі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырады.
«Қазақстанға пара беру туралы уәде мен ұсыныс үшін қайтадан қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды. Агенттікке 2026 жылы ЭЫДҰ-ның шетелдік лауазымды тұлғаларды сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенциясына және Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясына қосылу бойынша нақты міндет қойылған. Бұл конвенциялар қатысушы елдерден пара беру, ұсыну және талап ету әрекеттерін қылмыстық тұрғыда қарауды талап етеді», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров.
Сарапшылар тек пара алушыларды емес, ұсынушыларды да жазалау керектігін атап өтеді. Себебі дәл осы адамдар жемқорлық тетіктерін қалыптастырады. Яғни шенеуніктерді, дәрігерлерді, оқытушыларды немесе басқа сала қызметкерлерін сатып алады. Алайда «пара» деп айтқаны үшін ешкім түрмеге қамалмайды. Мүмкін белгілі мөлшерде айыппұл қарастырылуы мүмкін, жазалаудың бұл нормасы әлі талқылануда. Сарапшылардың пікірінше, аталмыш заң нормасы қылмыстың алдын алуға бағытталған. Мұндай тәжірибе батыс елдерінде өте сирек қолданылады, бірақ заңда мұндай баптың болуының өзі тәрбиелейді дейді мамандар.
Халық көбінесе медицина, ХҚКО, білім мекемелерінде пара беруге итермелейтіндерін айтып шағымдануда. Антикордың дерегінше, 2023 жылы Сall-орталықтарға 27 мың шағым түскен, оның 1500-і – медицина, 540-ы – білім беру саласына қатысты.
Елдегі кез келген өзгеріс сол елдің азаматтарынан басталады. Егер қоғам пара беру және алуға бейқам қарауын тоқтатса, жағдайды түзету жеңілдейді дейді мамандар. Нәтижесінде Президент жиі айтатын «Әділетті Қазақстан» құруға тағы бір қадам жасалады.