Осыдан 8 жыл бұрын Қазақстанға Оңтүстік Корея мемлекетінің заң шығару министрі келген еді. Сол кезде біздің университетімізге арнайы кіріп шықты. Министр кетер кезінде: «Мына құжаттарды сіздерге алып келдім. Бұл Оңтүстік Корея мемлекетінің заңдары бойынша тарихи жинақ, біздің еліміздің жетістікке жетуіне осы құжаттар тікелей әсер етеді» деген еді.
Бұл оқиғаның еске түсуінің себебі, біздің де заң қабылдау тарихымыз тереңде екенін жеткізгім келеді. Әрине, тәуелсіз ел ретінде Конституциямыздың қабылданғанына 27 жыл болды. Бірақ, тарихымызға үңілсек, Қазақ елінің дала заңдары «Қасым ханның қасқа жолынан» бастау алады. Біз бұны Тұңғыш заңнамалық құжат деп қарайтын болсақ, құжаттың ерекшелігі сол көшпенді қазақ салтының ғасырлар бойы қалыптасқан ережелерімен қамтылған. Кейін «Қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға жетіп, Есім ханның тұсында «Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болды. Қазақ халқы жарғыларға аса құрметпен қарап, маңыздылығын түсінген. Ал Тәуке ханның тұсында бұл заңға тағы да тараулар қосылып «Жеті Жарғы» деп аталған. Бұның барлығын айтып отырған себебім, біздің заң туралы тарихымыз тереңде екенін ұмытпауымыз керек. Жыл сайын түрлі заңдарды қабылдайтын кезде, дәл осы тарихи заңнамалық құжаттарымызды назарға алса дұрысырақ болады. Себебі, кез келген заңды қабылдар кезде сол елдің қалыптасқан тарихи әдет-ғұрып дәстүрлеріне мән берген жөн.
Конституция мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, әрбір қазақстандық, әрбір отбасы үшін де маңыздылығы терең. Бұл сіз бен біздің құқығымыздың, еліміздің тәуелсіздігінің айқын айнасы болуы керек деп есептеймін!