Онда Қытай көшбасшысы екі ел арасындағы мызғымас достық жайлы айтып, келешекте ортақ даму келешегіне бар күш-жігерін салатынын атап өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің кортежімен жеке кездесті. Жоғары қонақтың құрметіне президент сарайының алдынан Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлері ұшып өтіп, көк аспанды қызыл әрі сары түске бояды.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрметті қарауыл ротасының бастығы құттықтау рапортын беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Ресми рәсім аяқталғаннан кейін мемлекет басшылары келіссөздер залына өтті.
«Бүгін біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгеге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті деп нық сеніммен айта аламын. Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты мәдениеттік, экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі сөз кезегін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алды.
«Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біздің достығымызды сақтауға деген ұмтылысымыз, кең қанатты серіктестікке деген талпынысымыз, өзара қолдаудағы ұстанымыз және ұлттық дамуға деген сеніміміз өзгеріссіз қала бермек. Тоқаев мырза, Қазақстан мен Қытайдың мазмұнды әрі серпінді дамуының ортақ келешегіне бар күш-жігерімізді саламыз деген сенімдемін», – деді төраға.
2 шілдеде Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Ол сондай-ақ Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады.
ПІКІР ЖАЗУ