Жаңалықтар

Шоттағы ақшалар өзінен-өзі жоғалып жатыр...

Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде отандастарымыз банктік есепшоттарынан ақша “өздігінен” жоғалып жатыр деп шағымдана бастады. Бірі таңертең оянып, шотында нөл теңге қалғанын айтады, енді бірі мобильді қосымшадағы күтпеген аударымдарға наразы. Халықтың үрейі ұлғайып, “бұл техникалық ақау ма, әлде алаяқтардың жаңа айласы ма?” деген сұрақтар көбейді, деп жазады Ozgeris.info.

Алайда Ұлттық банк бұл ақпараттарға аса сеніңкіремей отыр. Баспасөз брифингінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов әлеуметтік желілерде тараған бұл шағымдарды “қауесет” деп атады. Оның айтуынша, техникалық тұрғыдан ақша “өздігінен” жоқ болып кетуі мүмкін емес.
– Егер қандай да бір техникалық ақау болса, банк оны өзі қалпына келтіруге міндетті. Барлық транзакциялар архивтеледі, жүйеде сақталады. Сондықтан мұндай жағдайда клиенттің ақшасы қайта қалпына келтіріледі. Ал бір сәтте жаппай ақша жоғалды деу – шындыққа жанаспайды, – деді Шолпанқұлов.
Ол алаяқтық әрекеттер болған жағдайда да банктер клиентті қорғау бойынша шаралар қабылдайтынын айтып өтті. Сонымен қатар спикер халық жиі шағымданатын тағы бір мәселеге тоқталды.
– Несие қарызы бар азаматтардың шоттары бұғатталып қалып жатады. Иә, мұндай жағдайлар кездеседі. Бірақ бұл – келісімшартқа сәйкес. Егер адам төлем мерзімін өткізіп алса, банк қарызды қайтару үшін оның шотындағы операцияларды шектейді. Дегенмен, өмірлік қажетті төлемдерге арналған қаражатқа бұғат қойылмайды. Яғни, толық шектеу болмайды, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл мәселе заңнамалық деңгейде де қарастырылып келеді. Қазір Сенатта есепшот бұғаттау, қарызды өндіру, клиент құқығын сақтау секілді бағыттарда өзгерістер енгізу бойынша бастамалар талқыланып жатыр. Мамандар не дейді? Қаржы сарапшыларының пікірінше, мұндай шағымдардың көбеюіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, халықтың цифрлық қаржы сауаты әлі де төмен. Екіншіден, кибералаяқтардың әдісі жыл сайын түрленіп, күрделеніп келеді. Ал банктер мен клиенттер арасындағы коммуникация көбіне формалды күйде қалып отыр. Қалай болғанда да, “ақша жоғалып жатыр” деген дабыл ескерусіз қалмауы тиіс. Халыққа нақты түсіндіру, банктердің техникалық ашықтығы мен тұтынушыны қорғау жүйесін күшейту – басты талаптардың бірі болып қала бермек.
Барлық жаңалық