Астана жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасында жаңа кезеңге аяқ басты. Қалаға болашақ трамвай жүйесінің алғашқы пойыздары жеткізіліп, көпшілікке ресми түрде таныстырылды, деп жазады Ozgeris.info.
Астана әкімдігінің Урбанистика орталығы жариялаған видеода Қытайдың Таншань қаласынан шыққан заманауи пойыздардың Астанаға дейінгі ұзақ жолы бейнеленген. Жүк көліктерімен жеткізілген құрамдар елімізге 10 күнде, 5300 шақырымдық жолды жүріп жетті.
«City Transportation Systems» компаниясының хабарлауынша, пойыздардың ұзындығы 60 метр. Олар толық автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған. Яғни, қозғалыс, есіктерді ашу-жабу, стансаға тоқтау мен қозғалысты бақылау сияқты барлық операциялар компьютерлік жүйе арқылы жүзеге асады.
– Басқару жүргізушісіз форматта жүзеге асады, дегенмен, барлық үдеріс операторлардың бақылауында болады, – дейді компания өкілдері.
Жаңа пойыздар 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Максималды жылдамдығы – 80 км/сағ, ал орташа қозғалыс жылдамдығы – 39,5 км/сағ. Пойыз салмағы – 94 тонна.
LRT жобасының алғашқы желісі 22,4 шақырымды қамтиды. Бағыт әуежайдан басталып, «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін созылады. Жол бойында 18 станса орналасқан. Олардың қатарында EXPO, Abu Dhabi Plaza, Министрліктер үйі және Ұлттық музей сынды нысандар бар. Маршруттың толық ұзақтығын жүріп өту уақыты шамамен 36 минут болмақ.