Абай облысы

"Билік үшін табиғатты қорғау соңғы орында": Алапат өрттен кейін Абай орманын қалпына келтірген кім?

"Билік үшін табиғатты қорғау соңғы орында": Алапат өрттен кейін Абай орманын қалпына келтірген кім?

Абай облысында болған алапат өрттен кейін ормандарды қалпына келтіруге өз үлесін қосып жүрген белсендінің есімін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ол Ресейден келген экоблогер. Оның бастамасы мыңдаған адамдарды біріктіріп, Қазақстан мен Ресейде ғана емес, әлем бойынша жүздеген мың ағаш отырғызуға себеп болды. Бүгінде экобелсендінің әлеуметтік желідегі видеолары миллиондаған қаралым жинап, оның бастамасы еліміздегі ормандарды қалпына келтіру ісіне нақты әсер етіп отыр.  Ozgeris.info тілшісі экобелсендінің кім екенін, оның Қазақстандағы еңбегін және экологияны қалай өзінің өмірлік миссиясына айналдырғаны туралы жазады.  

Ресейлік экоблогер Алексей Сибирский Қазақстанда 51 мыңнан астам ағаш отырғызған. Оның бұл бастамасына белгілі отандық рэпер Скриптонит (шын аты Әділ) қолдау білдірген. Бүгінде ол мыңдаған адамның қолдауына ие. Себебі осы уақыт ішінде Алексей Ресей мен Қазақстан аумағында 200 мыңнан астам ағаш отырғызып үлгерген. Өз қолымен 10 мыңнан астам ағаш отырғызса, оның қызметі арқылы 350 мыңнан астам ағаш егіліпті.

Экоблогердің жолы қалай басталды?

Алексей экология саласындағы жұмысын кездейсоқ бастаған. Бірде Таиландта ағаш отырғызу акциясы өтіп жатқанда, оған үлгермей қалғанын айтып, осы іске қатты қызыққанын еске алады. Кейін интернеттен ағаш отырғызу сервистерін іздеген, бірақ олардың жұмыс істеу жүйесі ұнамапты. Сондықтан Алексей өз сервисін ашуға бел буады. Ол барлық шығынды есептеп, сынақ ретінде ағаш отырғызып көрген. Уақыт өте келе бұл бастама табысты әрі пайдалы бизнеске айналды. Бүгінде әлеуметтік желідегі парақшасы да оған тұрақты табыс әкелуде. Ал өзі құрған экожоба да оған маңызды әрі табысты іс болып отыр.

«Мен экобастамамды енді бастағанда, Скриптонит мені қолдап жүрді. Яғни, мен туралы айтып, өз аудиториясымен бөлісе бастады. Осылайша көптеген адам менің ісіме қызығушылық таныта бастады. Сол кезде Қазақстаннан менімен байланысқа шыққандар ұсыныс жасады. Олар маған Абай облысында өрттен зардап шеккен жерлерге ағаш отырғызуды сұрады. Осылайша Скриптонит мені Қазақстанмен байланыстырған негізгі тұлға болды. Оның арқасында сол ағаштардың бір бөлігі отырғызылды. Өткен жылы біз 51 мың ағаш отырғыздық, күзде тағы 30 мың ектік, биыл да 50 мың ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді», – дейді Алексей.

Ол өзінің басты мақсатын анық біледі. Жердің экологиялық жағдайын өзгертіп, табиғатты сақтауға үлес қосу.

«Менің балаларым бар. Олардың таза, жасыл әлемде өмір сүргенін қалаймын. Қазір табиғаттың жойылу жылдамдығы өте жоғары. Бұл мәселені мемлекеттер қолға алуы керек еді, бірақ, өкінішке қарай, экономика бірінші орында, ал табиғатты қорғау соңғы орынға ысырылған», – дейді экоблогер.

Абай облысында орманды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Абай облысында ағаш отырғызу аса маңызды дейді экобелсенді. Өйткені бұл аймақта құм басу процесі белсенді жүріп жатыр. Егер уақытында әрекет етпесек, бұл жерлер шөлге айналуы мүмкін. 

Қазіргі кезде «Семей орманы» резерваты аумағында Орталық Азиядағы жалғыз орман тұқымбақ кешені жұмыс істеп тұр. Мұнда жабық және ашық тамырлы жүйемен қарағай көшеттері өсіріледі. Бүгінде 13 тонна қарағай бүршігі жиналып, 13,2 гектар жерге егілген. Жалпы питомниктердің ауданы 109 гектар, оның 29 гектары жас өскіндерге арналған. Жабық тамырлы жүйе көшеттерді небәрі алты айда өсіруге мүмкіндік береді, ал дәстүрлі әдіспен бұл екі жылға дейін созылады.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 70 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылды. Сондай-ақ 7,5 миллиард теңгеге ағаш өңдеу кешені ашылды. Бұл жерде құлаған және өртенген ағаштарды қайта өңдейді. Жоба аясында 530 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланған. Өнім жинауға шведтік заманауи құралдар қолданылып жатыр. Жылына екі айналыммен жұмыс істеу арқылы 3 миллион көшет өсіруге мүмкіндік бар және олардың 90%-ы жерсінеді деп күтілуде.

Сарапшылардың пікірінше, орманды толық қалпына келтіру үшін 20-30 жыл тұрақты отырғызу қажет, ал нағыз пісіп жетілген орманға 50-80 жыл керек.

Алексей Сибирский кім?

Алексей Сибирский Сібірде дүниеге келген. Бийск, Томск қалаларында тұрған, бірақ өз үйім деп Красноярскіні атайды. Мектептен кейін психология мамандығына түсіп, кейін Санкт-Петербургте оқуын аяқтаған. Университеттен кейін футбол және баскетбол мектептерін ашуға тырысып, маркетинг саласында жобалармен айналысқан. Оқуын бітірген соң бір жыл өткенде достарымен бірге Геленджикте ірі жол апатына түсіп, жалғыз өзі аман қалған. Осы оқиғадан кейін ол өзіне:

«Мен осы өмірімді жерге деген қарызымды өтеуге арнауым керек», – деген шешім қабылдаған.

Кейін әйелі мен ұлымен бірге Қытайда тұрған, пандемия кезінде Таиландқа көшкен. Ол жақта жұмысынан айырылып, джунгли, жағажайлар мен өзендерді тазалаумен айналыса бастаған. 2020 жылдың жазында Instagram парақшасын ашып, өзінің  жасап жүрген экологиялық акциялары туралы бөлісе бастаған.

Бүгінде оның әлеуметтік желідегі аудиториясы 1,2 миллионға жетті. Алексей Таиланд, Ресейжәне Қазақстанда тұрақты түрде жағажайлар мен ормандарды тазалау жұмыстарын ұйымдастырады. Мысалы, Пхукет аралының жағажайларын тазалап, адам бармайтын аралдардан қоқыстарды шығарған. Оның маңызды жобаларының бірі өзендерге арнайы қоқыс тосқауылдарын (бондар) орнату. Бұл құралдар қоқысты теңізге жетпей ұстап қалуға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелер Ресей, Қазақстан және Малайзияда орнатылған.

Алексей Ресейдің Красноярск, Бурятия, Иркутск аймақтарында, Қазақстанның Батыс Қазақстан және Абай облыстарында ағаш отырғызу жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Болашақта Қазақстандағы бұл жобаларды кеңейту жоспары бар.

Ол табиғатты сақтауды өмірлік миссияға айналдырған адам. Алексейдің негізгі ұстанымы - табиғатты сөзбен емес, іспен қорғау қажет. Ол қоқысты жинау, өзіңнен басталуы керек деп есептейді. Сонымен қатар, мұндай бастама тек моральдық қана емес, материалдық пайда да әкелуі тиіс деп санайды. Блог жүргізу және экожобалар оған экологияны қорғап қана қоймай, өзін және отбасын асырауға мүмкіндік беріп отыр.

Барлық жаңалық