Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Наумова Үкімет басшысының атына сауал жолдап, еліміздегі мектептерде кәсіптік бағдар беруді жүйелі жүргізуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Ол еңбек нарығының қазіргі жағдайын және білім беру мен жұмыспен қамту салаларындағы қажеттіліктерді ескере отырып, кәсіптік бағдар беру жүйесін реформалау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Депутаттың айтуынша, жоғары білім алған жас мамандардың 40 пайыздан астамы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді, бұл ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Осыған орай, Динара Наумова жұмыссыздық деңгейі жоғары болған кезде белгілі бір мамандықтар бойынша мамандарға айтарлықтай сұраныс туындайтын еңбек парадоксын болдырмау үшін мектеп оқушыларын кәсіптік бағдарлау мәселелеріне көбірек көңіл бөлу қажет деп санайды.
Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2021 жылмен бірдей — 3,8% құрады. Дегенмен, қазақстандық кәсіпкерлер арасында «Атамекен» ҰКП жүргізген сауалнама сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы сияқты салалар кадрға аса мұқтаж екенін көрсетті. 51 мыңнан астам кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлерді қамтыған сауалнамаға сәйкес, білікті кадрларға сұраныс пен ұсыныс арасында айтарлықтай алшақтық бар.
Депутаттың дерегіне қарағанда, бүгінде қажет деген 134 мыңнан астам кадрдың ішінде жартысы ғана кәсіптік білімді қажет етеді, төрттен бірінен астамы білімі жоқ жұмысшыларды да қабылдауға дайын, ал әрбір бесінші бос орынға жоғары білім қажет. Жаһандану, бәсекелестіктің күшеюі және өзгермелі еңбек нарығының талаптары жастардың тиісті білімі мен дағдыларын қамтамасыз ету қажеттілігін көрсетеді.
«Болашақ мамандығын саналы түрде таңдау – олардың өмірлік стратегиясын айқындайтын маңызды шешімдердің бірі. Мектеп оқушыларына мамандықтың жақсы қырын көрсете отырып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру өздеріне байланысты екенін түсіндіру қажет», — деп атап өтті Динара Наумова.
Сондай-ақ, депутат халықаралық тәжірибеге сүйеніп, білім беру жүйесінің барлық деңгейінде сапалы кәсіптік бағдар беру қызметін ұсынудың маңыздылығын жеткізді. Бұл мемлекеттің ажырамас қызметі болуы керек.
Алайда, Динара Наумованың айтуынша, елімізде кәсіптік бағдар беру қызметін реттейтін біртұтас норманың жоқтығы келеңсіз факторлардың туындауына себеп болды.
«Бүгінгі таңда бұл бағытта мүдделі басқармалар, құрылымдық бөлімшелер, компаниялар ғана өздерінің көзқарастарына сүйеніп, жұмыс істеуде. Бірыңғай келісілген стратегия жоқ», — деді ол.
Білім беру, жұмыспен қамту және экономика салаларындағы ағымдағы жағдай мен қажеттіліктерді ескере отырып, Respublica депутаты кәсіптік бағдар беру жүйесін реформалауда келесі шараларды ұсынады:
- Мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру саласындағы жұмысты реттейтін заңнамалық қамтамасыз етуді енгізу бойынша жұмыстарды жүргізу;
- Бірыңғай ұлттық кәсіптік бағдар беру орталығын құру;
- Кәсіптік бағдар беру шараларына еңбек нарығының барлық өкілдерін тарту мүмкіндігін қарастыру.
- Экономикалық талдау мен болжауды, сонымен қатар жүйелік бақылауды толық қамтамасыз ету.
ПІКІР ЖАЗУ