Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрлігі коммуналдық қызметтер үшін бірыңғай түбіртек енгізілетінін хабарлады. Оны іске асыру жұмыстары өткен жылдың қарашасынан бері жүргізілуде.
Төлем жасаушыларға ыңғайлы болу үшін барлық коммуналдық төлемдер туралы ақпарат бір түбіртекте жинақталады.
«Мақсат – бұл жүйені тек қалаларда ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдарда да қолжетімді ету. Бірыңғай түбіртек екінші деңгейлі банктер арқылы онлайн түрде шығарылады, ал төлемді бірнеше рет басу арқылы жасауға болады. Қажет болған жағдайда қағаз нұсқасы да қарастырылған», – деп жазды Индустрия және құрылыс вице-министрі Жаннат Дубирова әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, өңірлік әкімдіктер бұл жұмысқа кірісіп кеткен, ал кейбір елді мекендердің тұрғындары цифрлық түбіртектерді ала алады. Алайда олардың нақты қай жерде енгізілгені туралы вице-министр жазбаған.