Қазақстанда жақын арада әртүрлі банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аудару мүмкіндігі пайда болады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды
ozgeris.info сайты
Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық төлем корпорациясы қазіргі уақытта банктерді жаңа жүйеге кезең-кезеңімен қосуды бастады.
“Қазіргі таңда тоғыз банкпен келісім жасалды. Олардың қатарында: Халық банкі, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Altyn Bank, RBK, Bereke Bank, Forte Bank, Home Credit Bank және Нұрбанк бар. Келісімшарт жасасу – банктердің техникалық қосылу мен жүйе әзірлеу жұмыстарына кіріскенін білдіреді”, – деді Шолпанқұлов.
Алғашқы кезеңде – маусым айында – Халық банкі, Freedom Bank, Altyn Bank, RBK және Home Credit Bank клиенттері бұл қызметті пайдалана алады. Қалған банктер кейін қосылады.
Берік Шолпанқұловтың айтуынша, бұл жаңашылдық тек аударымдарды жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар QR-код арқылы да банктер арасында тікелей есеп айырысуға мүмкіндік береді.
“Былтыр біз бұл жүйені іске қостық, енді банктерді кезеңмен қосуды жалғастырып жатырмыз. Бұл – күрделі технологиялық процесс. Кейбір банктердің IT-инфрақұрылымы күрделі болғандықтан, іске қосу мерзімі ұзарып жатыр. Дегенмен, жыл соңына дейін жүйені толық енгіземіз деп жоспарлап отырмыз”, – деп атап өтті ол.