Жаңалықтар

Қазақстан банктері 4 айда 900 млрд теңгеден астам таза пайда тапты

2025 жылғы 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, Қазақстанның банк секторының таза пайдасы 4 айда 900 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді. Тек сәуір айының өзінде банктердің табысы 240 миллиард теңгеге артқан, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Екінші деңгейлі банктердің жалпы активтері бір ай ішінде 1,01 пайызға өсіп, 62,6 триллион теңгеге жетті. Бұл өсімге ең алдымен банктердегі қолма-қол ақша мен корреспонденттік шоттардағы қаражаттың көбеюі әсер етті. Сонымен бірге клиенттерге берілген несие көлемі де ұлғайған. Сәуірде көрсеткіш 33,5 триллион теңге болса, мамырда 34,26 триллион теңгеге жетті. Яғни бір айдағы өсім 2,1 пайызды құрады. Ал банктердің басқа қаржы ұйымдарына салған депозиттері 1,38 триллион теңгеден 1,31 триллион теңгеге дейін төмендеді. Бұл 4,8 пайызға қысқару деген сөз. Сондай-ақ банктердің құнды қағаздар портфелі де қысқарды. Егер сәуір айында олардың көлемі 931,8 миллиард теңге болса, мамырда бұл сома 798,5 миллиард теңгеге дейін азайған. Бұл 14,3 пайызға төмендеу. Сонымен қатар банктердің меншікті капиталы қысқарды. Сәуірде бұл көрсеткіш 9,34 триллион теңге болса, мамырда 9,03 триллион теңгеге дейін азайған. Қысқару негізінен резервтік капитал мен қайта бағалау резервтерінің төмендеуімен байланысты. Ал жарғылық капитал керісінше, сәл өсіп, 1,47 триллион теңгеге жетті. Банктердің жалпы міндеттемелері де бір айда 1,8 пайызға артып, 53,58 триллион теңгеге жетті. Клиенттердің депозиттері мен қаражаттары 42,15 триллионнан 43,43 триллион теңгеге дейін көбейді. Бұл – 3 пайыз өсім. Корреспонденттік шоттардағы міндеттемелер де 14,8 пайызға артқан. Алайда қысқа мерзімді РЕПО операцияларындағы міндеттемелер керісінше, 2,29 триллионнан 1,59 триллион теңгеге дейін қысқарған. Бұл банктердің қысқа мерзімді қаржыландыру көздерін өзгертуді қолға алғанын көрсетеді. Банк секторы 2025 жылдың бірінші тоқсанында 664 миллиард теңге таза пайда тапқан. Бұл табыстың 72 пайызын бар болғаны бес банк қамтамасыз еткен. Олар — Халық банкі, Kaspi.kz, Банк ЦентрКредит, Еуразиялық банк және ForteBank.  
Барлық жаңалық