Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта әкелу жобасы Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясы, Қазақстан Үкіметі және аталған жылқылар алғаш жеткізілген Прага хайуанаттар бағының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info.
Пржевальский жылқысы — Жер бетіндегі нағыз жабайы жылқының соңғы түрі. Бұл жануар ешқашан қолға үйретілмеген.
XIX ғасырдың соңына дейін бұл жылқылар Орталық Азияның далаларында — қазіргі Қазақстан, Моңғолия және Қытай аумақтарында мекендеген. Алайда адамдардың аңшылық әрекеті, үй жануарларымен бәсекелестік, тіршілік ортасының азаюы мен құрғақшылық салдарынан олардың саны күрт төмендеп кеткен.
Бұл түрді жойылып кетуден Еуропаның бірнеше хайуанаттар бағы сақтап қалды. Онда бар болғаны 12 бас тұқымдық жануар қалған болатын — бүгінде жер бетіндегі барлық Пржевальский жылқылары солардың ұрпағы. Бұл — зоологтар мен биологтардың нағыз ерлігі!
Қазақ даласында бұл жабайы жылқылар мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп, сайғақтармен, құландармен және даланың жыртқыштарымен бірге тұрақты экожүйе қалыптастырған.
Енді, араға жүз жылдан астам уақыт салып, олар қазақ даласына қайта оралуда. Жақын күндері алғашқы жылқылар табиғи ортаға жіберіледі — бұл тарихи сәттің куәсі болғалы отырмыз!
Посмотреть эту публикацию в Instagram