2025 жылғы 1 маусымнан бастап елімізде бірқатар қызмет пен тауардың бағасы өсті. Олардың қатарында мобильді байланыс, электр энергиясы, халықаралық IELTS емтиханы бар. Жеке-жеке тоқталайық, деп жазады Ozgeris.info.
Tele2 тарифтері
2 маусымнан бастап Tele2 ұялы байланыс операторы кейбір тарифтік жоспарларының бағасын өзгертіп жатыр. Компания өкілдері бұл қадамды желіні жаңарту мен қызмет көрсету шығындарының өсуімен байланыстырады. Бағасы өзгеретін тарифтер қатарына мыналар кіреді: Студент, Зазвони всех архивный, Зазвони всех, Интернет драйв, Все равно, Зазвони своих. Компания абоненттік төлем мен ұсынылатын қызмет көлемін де қайта қарайды. Яғни, кейбір пакеттерде бұрынғыдай интернет немесе минут саны берілмей қалуы мүмкін.️ Электр энергиясы
Талдықорғанда 1 маусымнан бастап электр қуатының орташа босату бағасы 1 кВт/сағ үшін 36,16 теңге (ҚҚС-сыз) болды. Бұған дейін бұл тариф төменірек еді. Энергетика басқармасының басшысы Манар Абдамбаев мұның басты себебін былай түсіндіреді:– Электр қуатын жеткізу мен тарату қызметінің құны айтарлықтай өсті. Сонымен қатар, электр қуатын резервте ұстау бойынша қызмет үшін төленетін ақы 20%-дан астамға қымбаттап, 454 миллион теңгеге жеткен, – дейді.Алматыда да тарифтер өсуі мүмкін. Қазір тұрғындар 1 кВт/сағ үшін 27,59 теңге (ҚҚС-сыз) төлеп отыр. Егер ұсынылған жоба мақұлданса, бұл сома 29,52 теңгеге дейін көтеріледі. Бизнесте электр пайдаланатындар үшін тариф бұдан да жоғары болады – 38,66 теңге. Мемлекеттік мекемелер үшін сома 111,72 теңгеге жетуі ықтимал. Жалпы алғанда, кейінгі бір жыл ішінде Қазақстанда электр энергиясы тарифтері орта есеппен 12% өскен.
IELTS емтиханы да қымбаттады
1 маусымнан бастап халықаралық IELTS емтиханының құны да өзгерді. Бұл жаңалық әсіресе жазда тест тапсыруды жоспарлап отырғандар үшін маңызды.Жаңа бағалар: IELTS Academic / General Training 94 500 теңге; IELTS UKVI 106 000 теңге; IELTS Life Skills баға өзгерген жоқ. Get Education ұйымының хабарлауынша, бағаның көтерілуіне валюталық өзгерістер, логистика, тест өткізуге арналған орындарды жалдау ақысы мен форматты жаңарту шығындары әсер еткен.