🌐 Әлем

Ош қаласының қазысы Мирланбек Токтомушев үйқамаққа алынды

Ош қалалық соты қаланың бас қазысы (қазыят басшысы, муфтияттың аумақтық бөлімшесі) Мирланбек Токтомушевке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде бір айға үйқамақ жазасын тағайындады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Skifnews.kz сайтына сілтемемен. Ол қызметтік өкілеттігін пайдаланып, ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Алайда сот Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеушісінің Токтомушевті уақытша ұстау изоляторына қамау туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сот бұл шешімді қабылдауда оның бұрын сотталмағанын, тұрақты тұрғылықты жері бар екенін, кәмелетке толмаған екі баласы барын және денсаулығына байланысты қамауда ұстауға болмайтыны жөнінде медициналық анықтама ұсынылғанын ескерген. Бұған дейін 3 мамырда ҰҚК Ош қаласының қазыят қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің жолы кесілгенін хабарлаған болатын. Ведомство мәліметінше, қазыят өкілдері мешіт және медресе қызметкерлерінен заңсыз ақша жинаған. Бұл әрекеттер діни ортада наразылық тудырып, мемлекеттік органдарға деген сенімге кері әсер еткен. Түскен арыз-шағымдардың негізінде қылмыстық іс қозғалып, сот санкциясымен қазыяттың төрт қызметкерінің, соның ішінде Токтомушевтің де үйі мен жұмыс орнына тінту жүргізілді. Тінту барысында заңсыз қаржылық әрекеттерге дәлелдер табылған. Іс аясында тағы бір қазыят қызметкері – М.Ж.М. де уақытша ұстау изоляторында болған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Барлық жаңалық